Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Биылғы Жолдау ел дамуының практикалық кезеңін бастауы тиіс» – Риззат Тасым

«Биылғы Жолдау ел дамуының практикалық кезеңін бастауы тиіс» – Риззат Тасым
Жеке архив

Президент Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат. Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасымның айтуынша, Жолдау – Мемлекет басшысына жүктелген конституциялық міндет. Онда елдегі жағдайға баға беріліп, республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары белгіленеді.

«Конституцияның 46-бабының 1-тармағына сәйкес, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына елдегі жағдай, республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Жолдау жасайды. Сондықтан Жолдау – ең алдымен Президентке жүктелген конституциялық міндет», – дейді сарапшы.

Риззат Тасым биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі елдегі жаңа конституциялық және саяси архитектурамен байланысты болады деп есептейді. Қазақстанда жаңа Құрылтай құрылып, Үкімет қайта жасақталды және Вице-президент институты енгізілді. Ендігі кезеңде жаңарған мемлекеттік институттардың өзара тиімді іс-қимылын жолға қою маңызды.

«Менің ойымша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – жаңа конституциялық және саяси архитектура жағдайында ел дамуының практикалық кезеңін бастауы. Жаңа Құрылтай құрылды, Үкімет қайта жасақталды, Вице-президент институты енгізілді. Ендігі негізгі міндет – жаңарған институттардың өзара іс-қимылын жолға қойып, қабылданған реформаларды халық сезінетін нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге айналдыру», – деді Риззат Тасым.

Сарапшы алдағы Жолдауда ел көлеміндегі инфрақұрылымдық және қоғамдық құрылысты жандандыратын жаңа жобалар мен бағыттар жариялануы мүмкін екенін айтты. Бұған дейін Президент Құрылтайдың алғашқы отырысында Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өткен болатын.

«Осыған байланысты алдағы Жолдауда инфрақұрылымдық және қоғамдық құрылыста ауқымды серпіліс жасауға мүмкіндік беретін жаңа жобалар мен бағдар жариялануы ықтимал. Бұл қоғамның құндылық бағдарынан бастап, көлік, энергетика, әлеуметтік нысандар мен өңірлерді дамытуға дейінгі бағыттарды қамтуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Риззат Тасымның пікірінше, азаматтардың Президент Жолдауына деген көзқарасы да біртіндеп өзгеріп келеді. Бұрын қоғамның едәуір бөлігі Жолдаудан өзіне тиесілі жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы жаңалық күтетін. Қазір елдің ортақ даму бағыты мен стратегиялық мақсаттарына қоғам болып атсалысу мәселесі алдыңғы қатарға шыға бастаған.

«Мойындауымыз керек, бұрын көпшілік Жолдаудан ең алдымен өзіне тиесілі жеңілдіктер мен әлеуметтік қолдау шараларын күтетін. Қазір елдің даму бағыты мен ортақ мақсаттарға жету үшін қоғам ретінде жұмылу алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл қоғамдық сананың жауапкершілік пен ортақ іске белсенді атсалысу бағытына бет бұрғанын көрсететін маңызды белгі», – деп атап өтті сарапшы.

Соған қарамастан, азаматтар нәтижесін күнделікті өмірінен тікелей көре алатын бастамаларға ерекше мән береді. Мұндай жобалардың бірі – қоғам тарапынан жоғары қолдауға ие болған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Бұл халықтың әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін нақты әрі түсінікті шешімдерге сұранысы жоғары екенін көрсетті.

«Азаматтар нәтижесін күнделікті өмірімен тікелей байланыстыра алатын бастамаларға ерекше қолдау білдіреді. Бұған “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасының жоғары қоғамдық қолдауға ие болуы дәлел. Сондықтан қоғам алдағы Жолдаудан әлеуметтік әділеттілікті нығайтатын, технологиялық дамуды жеделдететін және елімізге сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік беретін нақты әрі өлшенетін бастамаларды күтеді», – деді Риззат Тасым.

Саясаттанушының айтуынша, Жолдауда жарияланатын міндеттер мен бастамалардың қарапайым азаматтардың өміріне қалай әсер ететіні анық көрсетілуі керек. Сондай-ақ олардың өңірлердің дамуына және Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне қосатын үлесі де қоғамға түсінікті болуы қажет.

«Ең бастысы, жарияланатын міндеттердің әр азаматтың тұрмыс сапасына, өңірлердің дамуына және елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігіне қалай әсер ететіні түсінікті болуы қажет», – деп түйіндеді сөзін Риззат Тасым.