Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Президент Қаржы агенттігінің басшысымен кездесті

Президент Қаржы агенттігінің басшысымен кездесті
Aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Кездесуде қаржы нарығын реттеу мен дамыту саласының биылғы сегіз айдағы жұмысы және алдағы кезеңдегі міндеттері талқыланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәдина Әбілқасымова Президентке банктер туралы жаңа заңды жүзеге асыру аясында заңға тәуелді актілердің жаңартылғанын хабарлады. Осы бағытта 80 нормативтік-құқықтық акт қабылданған. Банктердің активтері 75,6 триллион теңгеге жетіп, 6,9 пайызға өскен. Ал капитал жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.

Қадағалау жұмыстары барысында жыл басынан бері қаржы секторының субъектілеріне 279 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 190 қадағалау шарасы қолданылып, жалпы сомасы 465 миллион теңге болатын айыппұл салынған. Микроқаржы және коллекторлық қызмет көрсететін 13 ұйым лицензиясынан айырылды.

Кездесуде халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және экономиканы қаржыландыру көлемін арттыру мәселелері де қаралды. Бизнеске берілген кредит көлемі 3,5 пайызға өсіп, 16 триллион теңгеге жеткен. Кәсіпкерлікке жаңа берілген қарыздар көлемі 19,1 пайызға артып, 12,5 триллион теңгені құрады. Ал тұтынушылық кредиттердің өсімі 7 айдың қорытындысы бойынша 4,6 пайызға дейін баяулаған.

Сонымен қатар қаржы нарығын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары таныстырылды. Агенттік FinAI деп аталатын бірыңғай қадағалау платформасын әзірлеген. Жыл соңына дейін қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясын дайындау жоспарланып отыр.

Мәдина Әбілқасымова капитал және сақтандыру нарықтарын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламалары мен жаңа заң жобаларын әзірлеу барысы туралы баяндады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты сақтау, нақты секторды несиелеуді ұлғайту, жасанды интеллектіні қаржы саласында кеңінен қолдану және капитал мен сақтандыру нарықтарын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.