Жаңа Конституция мемлекеттік институттардың өкілеттігін жаңартты, ендігі мәселе – олардың жаңа мүмкіндіктерін іс жүзінде қалай пайдаланатынында. Саясаттанушы Олжас Бейсенбаев Құрылтайдың Үкіметті бақылау тетіктері, азаматтардың құқығын қорғау және реформаның нақты нәтижесі туралы пікір білдірді.
– Олжас мырза, Жаңа Конституция бұған дейінгі реформалар шеше алмаған қандай мәселені шешуге тиіс? Елдің басқару жүйесінде түбегейлі өзгерген қандай мәселелерді атап өтуге болады?
– 2026 жылы 1 шілдеде күшіне енген Халық Конституциясы бұған дейінгі реформаны жаңа институционалдық деңгейге шығарды деп есептеймін. 2019-2022 жылдардағы өзгерістер мемлекеттік басқару институттары өкілеттіктерін қайта қарау, Парламенттің рөлін арттыру, саяси қатысуды кеңейтуге бағытталды. Азаматтар e-өтініш-тен бастап Ұлттық Құрылтайға дейін барлық деңгейде және түрлі инструменттер арқылы шешім қабылдау үрдісіне жұмылдырылды. Биылғы конституциялық реформа осының логикалық түйіні болды десек артық айтқандық емес.
Маңызды өзгерістің бірі – партия құрылысын дамыту арқылы бір палаталы Құрылтайға көшу. Құрылтай заң шығару қызметімен қатар Үкіметтің есебін тыңдауға, бюджет орындалуын қарауға, белгілі жағдайда Үкіметке сенімсіздік білдіруге және бірқатар мемлекеттік институттарды қалыптастыруға қатысады. Осы арқылы «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты іске қосылды.
Сондықтан бұл модельдің түбегейлі ерекшелігі – әр институттың өз шешімі үшін жауап беретін институционалдық тізбегінорнату. Бұрынғы реформалардың нәтижесі саяси жүйенің белгілі сатыларын өзгерту болса, қазіргі Конституция мемлекеттік биліктің архитектурасын мазмұны жағынан да жаңартуға бағытталды.
– Жаңа жүйеде Құрылтай Үкіметпен келіспеген жағдайда өз ұстанымын өткізуге саяси салмағы жете ме?
– Жаңа жүйеде Құрылтайдың Үкіметке ықпал ету құралдары айтарлықтай кеңейді. Ол Үкіметтің есептерін, республикалық бюджеттің орындалуын қарайды, Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдайды, парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарын өткізеді. Конституцияда белгіленген жағдайда депутаттар Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіре алады және жекелеген Үкімет мүшелерін қызметтен босату мәселесін Президенттің алдына қоя алады. Бұл Құрылтайды тек заң қабылдайтын орган емес, атқарушы биліктің жұмысына бақылау жасайтын орган ретінде қалыптастырады.
Әрине, Құрылтайдың ықпалы Үкіметтенкез-келген мәселе бойынша автоматты түрде басымдыққа ие болады дегенді білдірмейді. Оның нақты саяси салмағы депутаттардың кәсібилігіне, шығарылатын заңның сапасына, пікірталас мәдениетіне және депутаттардың өз өкілеттіктерін қаншалықты белсенді пайдаланатынына байланысты болады. Осы тұрғыдан алғанда, бірінші шақырылымның тәжірибесі өте маңызды. Бүгінгі таңда Конституция Құрылтайға қажетті құралдарды беріп отыр. Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес, Қоғамдық палатаның құрылғаны оның барлық саладағы терең талдауы мен кәсібилігін күшейтеді.
Жаңадан құрылған Халық Кеңесі халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде қарастырылған және заң шығару бастамасы құқығына ие. Демек, өкілдік тек сайланған депутаттармен шектелмей, қоғамның әлеуметтік, этникалық, өңірлік және қоғамдық-саяси әралуандығын шешім қабылдау жүйесіне енгізу арнасын кеңейтеді.
– Мемлекеттік органмен дауға түскен қарапайым азамат үшін не өзгереді?
Конституция азаматтың құқығын қорғау тетіктерін конституциялық деңгейде бекітеді. Бұл тұрғыда Конституциялық Соттың да рөлі маңызды. Азамат өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігіне сұрау сала алады. Әрине, бұл мемлекеттік орган қабылдаған кез-келген шешімді Конституциялық Сот қайта қарайды деген сөз емес. Нақты әкімшілік шешімдер мен әрекеттерге шағымдану тетіктері әкімшілік рәсімдер мен сот арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бірақ азаматтың Конституцияны өз құқығын қорғаудың нақты құралы ретінде пайдалану мүмкіндігі күшейгені анық. Конституциялық сот құрылған 3 жылдың ішінде 10 мыңнан астам өтінімнің түсуі азаматтардың осы институтқа деген сенімін білдіреді. Халық Конституциясы бекіген кезеңде цифрлық құқықтар, жеке деректерді қорғау, ақпаратқа қол жеткізу сияқты мәселелердің конституциялық мән-маңызы артып отыр. Қарапайым азамат үшін ең басты өзгеріс Конституциядағы жаңа нормалармен қатар оның күнделікті практикада орындалуынан көрінеді. Сондықтан осы Конституцияда қоғамдағы құндылықтар, әділдік пен тәртіп, азаматтардың құқығы мен бостандығы басымдыққа ие болып отыр.
– Бірнеше жылдан кейін «билік құрылымы өзгерді, бірақ басқару тәсілі сол күйінде қалды» деген баға берілмеуі үшін қазір не істеу керек?
– Жаңа Конституцияны тек мемлекеттік органдардың құрылымын өзгерту сатысыретінде қабылдамау керек. Ендігі кезеңде жаңа институттардың жұмыс істеу мәдениеті қалыптасуы керек. Құрылтайдың Үкіметті бақылауы есеп алу рәсіміне айналмай, мемлекеттік саясатты түзетуге ықпал ететін нақты механизм болуы қажет. Депутаттық сауал, парламенттік тыңдау, бюджет бақылауы сияқты құралдар нақты шешімдерге әсер ететіндей деңгейге жетуі маңызды.
Сонымен қоса, жаңа саяси архитектураға сәйкес жаңа саяси мәдениет қалыптасуы қажет. Құрылтайдағы пікірталас мазмұнды болуы, оппозиция балама ұсыныстар ұсынуы, депутаттар қоғаммен тұрақты байланыста болуы, ал Үкімет Парламент алдындағы есептілікті формалды рәсім емес, жауапкершілік механизмі ретінде қабылдауы тиіс. Дәл осы жерде депутаттардың кәсіби құрамы мен азаматтық қоғамның белсенділігі үлкен рөл атқарады.
Ендігі кезекте жергілікті деңгейдегі реформаны аяқтау міндеті тұр. Мәслихаттардың жаңаруы, жергілікті бюджетті бақылауы, Қоғамдық кеңестің жұмысы – өзгерістің өңірдегі азаматқа ең жақын сатысы. Ұлттық деңгейдегі саяси реформаның шынайы нәтижесі облыс пен қала деңгейінде азамат күнделікті сезінетін өзгерістермен өлшенетіні рас.
Түптеп келгенде қоғамның өзі мемлекет қайта іске қосқан институттарды пайдаланыпүйренуі керек. Қоғамдық талқылауға қатысу, Қазақстан Халық Кеңесі арқылы ұсыныс енгізу, Конституциялық Сотқа жүгіну, партияға тіркеліп сайлауға қатысу, жергілікті өкілді органдардың жұмысына араласу – мұның бәрі жаңа саяси мәдениеттің элементтері.Осының барлығы бірнеше жылдан кейінгі реформаның аралық нәтижесінің өлшемідеуге болады.
– Әңгімеңізге рақмет!