Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Димаш Құдайберген әлемнің 40-тан астам елінде концерт беруі мүмкін

Димаш Құдайберген әлемнің 40-тан астам елінде концерт беруі мүмкін
Димаш Құдайберген . Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген GRAMMY студиясының жаңа "Global Mixtape" жобасына сұхбат беріп, алдағы әлемдік турнесі, қазақ мәдениеті және шығармашылық ұстанымы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әнші журналист Валери Лимен сұхбат барысында жаңа концерттік турдың ауқымы өте кең болуы мүмкін екенін айтты.

"Бұл жаңалықтарды әзірге жариялауға бола ма, оған толық сенімді емеспін. Сондықтан нақты айта алмаймын, құпия сақтауға тиіспін. Дегенмен тур жиырмадан астам елді қамтиды. Отыздан, тіпті қырықтан да көп болуы мүмкін. Мен мүмкіндігінше көп концерт беріп, әлемнің барлық еліне барғым келеді. Өйткені жанкүйерлеріммен кездескенді жақсы көремін", – деді Димаш.

Әнші әр елде сол халықтың ана тілінде ән орындауға тырысатынын да жеткізді. Оның айтуынша, өзге тілде ән айту – сол елдегі тыңдармандарына құрмет пен алғысын білдірудің бір жолы.

Қазіргі жарияланған кестеде Димаштың Польша, Германия, Испания, Мексика, Колумбия, Чили, Перу және Индонезиядағы концерттері көрсетілген.

"Ақша – өмірдегі ең басты құндылық емес"

Сұхбатта Димаш өзінің шығармашылықтағы негізгі мақсаты коммерциялық табыс емес екенін айтты.

"Басты мақсат ақша табу емес. Ең маңыздысы – біз, өз аудиториясы бар өнер адамдары, халыққа бейбітшілікті, ізгілікті, махаббат пен өзара түсіністікті еске салып отыруымыз керек. Ақша – өміріміздегі ең басты құндылық емес", – деді ол.

Әншінің пікірінше, танымал өнер адамдары өз аудиториясына тек музыка ұсынып қана қоймай, бейбітшілік, махаббат және өзара түсіністік секілді құндылықтарды да насихаттауы керек.

Қазақ мәдениеті туралы айтты

Димаш сұхбат барысында қазақтың дәстүрлі өнеріне де тоқталды.

Ол қазақ мәдениетін «даланың үні» деп сипаттап, домбыра мен қобыздың ұлттық музыкадағы орны туралы әңгімеледі.

"Біздің тарихымыз бен аңыздарымыз күй өнерімен біте қайнасып кеткен. Күй – тарих пен сезімді сөзсіз баяндайтын домбырамен орындалатын туынды. Музыка – өзіндік ерекшелігі бар тіл. Оны түсіну үшін сөздің қажеті жоқ", – деді әнші.

Сонымен қатар ол айтыс өнерін рэппен салыстырып, екі жанрдың белгілі бір ұқсастығы болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті.

Мэдисон-сквер-гардендегі концерті туралы фильм шығады

Димаш Нью-Йорктегі Мэдисон-сквер-гарден аренасында өткен концерті туралы деректі фильмнің де жарық көретінін айтты.

Оның сөзінше, фильм YouTube арнасында алдағы апталарда жариялануы тиіс.