Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Боқаевтың ісі: сотта 47 млн теңге алған компанияның жұмысына қатысты жаңа деректер айтылды

Боқаевтың ісі: сотта 47 млн теңге алған компанияның жұмысына қатысты жаңа деректер айтылды

Алматының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алынды. Олар 2018 жылы өткен халықаралық автошеруді ұйымдастыруға жұмсалған қаражат пен мердігер компаниялардың атқарған жұмыстары туралы мәлімет берді.

Сот отырысында халықаралық автошеруге логистикалық және техникалық қызмет көрсеткен кәсіпкерлер жауап берді. Олардың сөзінше, іс-шараға қажетті көптеген қызметке «We Can» ЖШС тапсырыс беріп, ақысын төлеген.

Бұған дейін аталған компанияның директоры Жұлдыз Артықбаева Қазақстан аумағындағы автошеру бағытын ұйымдастыру жұмыстарын өзі басқарғанын мәлімдеген.

«CM Service» ЖШС-нің бұрынғы директоры К. Юрченко 2018 жылғы қыркүйекте автошеру қатысушыларын тамақтандыру қызметін көрсеткенін жеткізді. Оның айтуынша, Қорғас маңындағы құрғақ портта ұйымдастырылған тамақтандыру қызметіне «We Can» компаниясы тапсырыс беріп, қаражат аударған.

«Chimbulak Development» компаниясының бухгалтері Л. Жылқышова да Шымбұлақ тау шаңғысы курортындағы аспалы жол билеттерін Жұлдыз Артықбаеваның компаниясы сатып алғанын айтты. Ал кәсіпкер Д. Лихачевтің сөзінше, 2018 жылғы қыркүйекте «We Can» ЖШС Алматыдағы «Рахат Палас» қонақүйінде өткен іс-шараға сахна, жарық және дыбыс жабдықтарын жалға алған.

Куәгер қажетті техниканың жеткізіліп, орнатылғанын растаған. Алайда оның қатысуымен ешқандай бейнеролик түсірілмегенін мәлімдеді.

Жеке кәсіпкер Д. Толканов «Қазақстан» қонақүйінің Grand Ballroom залында іс-шара өткізу қызметіне төлемді «We Can» компаниясынан алғанын айтты. «НФО Здоровье» ЖШС директоры М. Лесков та осы компаниядан 69 450 теңге көлемінде ақша аударылғанын растады.

Сотта жауап берген Сәрсенбаева мен Әкімова да Жұлдыз Артықбаеваның тарапынан жасалған тапсырыстар мен төлемдер туралы мәлімет берген. Осылайша, бірнеше куәгер автошеруге қатысты қызметтердің ақысын «We Can» ЖШС төлегенін айтты.

Сотта «BM Trust» ЖШС-нің қызметіне де назар аударылды. Іс материалдарына сәйкес, Санжар Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовтің атына тіркелген бұл компания автошеруді ұйымдастыруға байланысты 47 миллион теңгеден астам қаражат алған.

«Даму» бухгалтерлік компаниясының басшысы А. Маутқанов 2018 жылғы қыркүйекте «BM Trust» ЖШС-мен бухгалтерлік есеп жүргізу туралы келісімшарт жасасқанын хабарлады. Ал сотта жауап берген өзге мердігерлер автошеруге қатысты өздеріне белгілі тапсырыстар мен төлемдерді «We Can» компаниясымен байланыстырған.

Бұл айғақтар екі мердігердің нақты қандай қызмет көрсеткені және бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғаны жөніндегі мәселелерді қайта көтерді.

Куәгер А. Қоңыртаева 2019–2020 жылдары Жұлдыз Артықбаеваның тапсырысымен «Арт Романс» жиһаз компаниясына жарнамалық буклеттер мен парақшалардың дизайнын әзірлегенін мәлімдеді. Аталған дерек те сотта қаралып жатқан компаниялар арасындағы іскерлік байланыстар аясында сөз болды.

Бұған дейінгі сот отырысында Жұлдыз Артықбаева автошеруді ұйымдастыру жұмыстарын негізінен өз компаниясы атқарғанын мәлімдеген. Ал Санжар Боқаев автошеру екі компанияның бірлескен жұмысы болғанын айтып, бұл пікірге қарсы шыққан.

Оның сөзінше, жобаға «BM Trust» өкілдері де қатысқан. Қазіргі уақытта сот мердігерлердің нақты атқарған жұмыстарын, келісімшарттардың негізділігін және қаржы аударымдарына қатысты құжаттарды зерттеп жатыр.

Бөлісу