Австралияда үйлену тойынан қайтып келе жатқан қонақтар мінген автобус апатқа ұшырап, 10 адам көз жұмды. Тағы 25 адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы жағдай Жаңа Оңтүстік Уэльс штатындағы Хантер алқабында болған. Қонақтар жергілікті шарап өндірісі аумағында ұйымдастырылған тойдан шығып, Синглтон қаласына бағыт алған.
Автобус Грета елді мекені маңындағы айналма жолда аударылған. Оқиға орнына полиция, жедел жәрдем және құтқарушылар келген.
Қалыңдық пен күйеу жігіт апатқа ұшыраған автобуста болмаған. Ал жолаушылардың арасында олардың достары мен жергілікті футбол клубының мүшелері болған.
Бір кеште жас жұбайлардың қуанышына ортақтасқан адамдардың қазасы жақындары мен жергілікті жұртшылыққа ауыр соққы болды.