Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Украинада президент сайлауы онлайн форматта өтуі мүмкін

Украинада президент сайлауы онлайн форматта өтуі мүмкін
Владимир Зеленский. Фото: WPA Pool/Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский елде президент сайлауын онлайн форматта өткізу мүмкіндігін қарастыруға болатынын айтты. Алайда мұндай шешімді жүзеге асыру үшін ел парламенті тиісті заңнамалық өзгерістер қабылдауы қажет, деп хабарлайды Arasha.kz.

Зеленский бұл туралы Германияның ZDF телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Украина басшысының айтуынша, қазіргі жағдайда сайлау ұйымдастырудағы басты мәселелердің бірі – майдан шебінде жүрген әскери қызметшілердің дауыс беру құқығын қамтамасыз ету. Ол соғыс жағдайында көптеген сарбаздың сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруге мүмкіндігі жоқ екенін атап өтті.

"Бұл әділетті ме? Қарулы күштер майданда жүр, олар да сайлауға қарсы, өйткені дауыс беру мүмкіндігі жоқ. Миллиондаған адам окопта отыр, ал олардың дауыс беруін техникалық тұрғыдан ұйымдастыру мүмкін емес", – деді Украина президенті.

Зеленскийдің пікірінше, ел тәуелсіздігін қорғап жүрген әскери қызметшілердің сайлауға қатысуына жағдай жасалмайынша, дауыс беруді әділ ұйымдастыру қиын. Осы мәселені шешудің ықтимал жолдарының бірі ретінде мемлекет басшысы электронды дауыс беру жүйесін қарастыруды ұсынған. Дегенмен Украина президенті онлайн сайлау өткізу туралы түпкілікті шешім қабылданбағанын жеткізді. Мұндай жүйені енгізу үшін Жоғарғы Рада тиісті құқықтық тетіктерді әзірлеуі тиіс.

Сонымен қатар соғыс жағдайында электронды дауыс беруді ұйымдастырудың техникалық және қауіпсіздік мәселелері де шешілуі қажет.

Бұған дейін Украина парламентінің төрағасы Руслан Стефанчук қазіргі уақытта елдегі "Дія" цифрлық платформасы арқылы сайлау өткізу мүмкін емес екенін айтқан.