Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Үш қалада тұрғындар жылуға шағымданды: Бектенов әкімдерге тапсырма берді

Үш қалада тұрғындар жылуға шағымданды: Бектенов әкімдерге тапсырма берді
Фото: pixabay.com

Қазақстанның үш қаласында тұрғындар жылу беру сапасына қатысты шағым түсірген. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жылыту маусымындағы мәселелерді шұғыл шешуді тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

10 қарашада өткен Үкімет отырысында Премьер-министр еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы басталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаз айларында жылу және электр желілерін жөндеу, қажетті жабдықтарды дайындау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тұтынушыларға жылу бекітілген кестеге сәйкес берілген.

Алайда бірқатар қалада тұрғындар жылу сапасына көңілі толмайтынын айтып, жауапты органдарға шағымданған.

Атап айтқанда, Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларында жылудың жеткіліксіздігіне немесе мүлде болмауына қатысты арыздар тіркелген.

Олжас Бектенов мұндай мәселелерді назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

«Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. Қыс айларындағы жұмыстарға авариялық бригадалар мен арнайы техниканы толық жұмылдыру қажет», – деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы әсіресе мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандардың үздіксіз жылумен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударуды тапсырды.

Сонымен қатар өңір әкімдіктері тұрғындарға қажетті көмірдің қолжетімді болуын және оның бағасының тұрақтылығын бақылауға тиіс.

«Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес аяқтап, қажетті жабдықтар резервін әзірлеуге тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жылумен жабдықтау жүйесінде ақау туындаған жағдайда оны мүмкіндігінше жедел жою үшін авариялық қызметтердің толық дайын болуын талап етті.

Ал жылыту маусымындағы жұмыстарды жалпы үйлестіру міндеті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.