Грекияның Крит аралының оңтүстігінде мигранттар мінген қайықтан 12 адамның денесі табылды. Құтқарушылар тағы 18 адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға 9 қарашада Жерорта теңізінде болған. Грекия жағалау күзетінің хабарлауынша, қайық аралдың оңтүстік жағалауынан шамамен 28 шақырым жерден анықталған.
Оны алғаш Марокко туымен жүзіп жүрген жүк кемесінің экипажы байқап, хабар берген. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тірі қалған 18 адамға көмек көрсетіп, қаза тапқан 12 адамның денесін тапқан.
Сол күні Криттің оңтүстігінде тағы екі қайыққа көмек қажет болған. Еуропалық шекара және жағалау күзеті агенттігінің (Frontex) қызметкерлері ондағы 87 адамды құтқарған. Үш операцияның нәтижесінде барлығы 105 адам аман қалған.
Әзірге 12 адамның неден қайтыс болғаны белгісіз. Олардың азаматтығы туралы да толық мәлімет жарияланбаған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.