Қызылорда облысында инвестордың заңды өтінішін орындаудан негізсіз бас тартқан Шиелі кентінің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңбұзушылықты аудандық прокуратура анықтаған.
Қызылорда облыстық прокуратурасының мәліметінше, Шиелі ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында кәсіпкердің құқықтары бұзылғанын анықтаған.
Тексеру кезінде жергілікті әкімдік инвестордың өтінішін қарау мерзімін негізсіз созып, тиісті шешім қабылдаудан бас тартқаны белгілі болды.
Атап айтқанда, VIGOR Holding компаниясына Шиелі кентінің аумағындағы жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу қажет болған.
Бұл шара компанияның жұмыс жобасында қарастырылған инженерлік дәліз шегіндегі жұмыстарды жүзеге асыру үшін талап етілген.
Осыған байланысты инвестор Шиелі кентінің әкімдігіне ресми өтініш жолдап, тиісті аумаққа жария сервитут белгілеу туралы қаулы қабылдауды сұраған.
Алайда кент әкімі өтінішті қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан.
«Атап айтқанда, VIGOR Holding компаниясына жұмыс жобасында көзделген инженерлік дәліз шегінде Шиелі кентінің аумағында орналасқан жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты инвестор Шиелі кентінің әкімдігіне тиісті аумаққа жария сервитут белгілеу туралы қаулы қабылдау жөнінде өтінішпен жүгінген. Алайда Шиелі кентінің әкімі өтінішті қанағаттандырудан негізсіз бас тартқан», – деп хабарлады прокуратура.
Инвестордың құқықтары бұзылғанын анықтаған прокуратура тиісті шаралар қабылдады. Қадағалау органының араласуынан кейін инвесторға қажетті жер учаскелеріне жария сервитут белгілеу туралы қаулы қабылданды.