Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

"Елдің қас жауы": Тоқаев жемқорлыққа батқан шенеуніктерге қатаң ескерту жасады

"Елдің қас жауы": Тоқаев жемқорлыққа батқан шенеуніктерге қатаң ескерту жасады
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа жол берген адамдарды елдің қас жауы деп атап, олардың "Халықтық құрылыс" бағдарламасын жүзеге асыруға кедергі келтіруіне жол берілмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, алдағы міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі жоғары болуы керектігін атап өтті.

Президенттің сөзінше, еліміз бұрын қол жеткізген нәтижелермен шектеліп қалмай, дамудың жаңа кезеңіне өтуі қажет. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда немқұрайдылық пен жауапсыздыққа жол берілмеуге тиіс.

"Әділетті Қазақстанды құру ісінде жалқаулық пен селқостыққа бой алдыруға болмайды. Ал сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде "Халықтық құрылыс" бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасы аясында салынатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың сапасына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері белгіленген талаптарға сай салынуы қажет.

Президент құрылыс сапасын қамтамасыз ету мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер үшін міндетті талап екенін жеткізді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына арнайы бақылау енгізілетінін мәлімдеді.

Атап айтқанда, "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінетін қаржының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағаламақ. Президенттің айтуынша, аталған комиссияның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.

"Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады. Осылайша біз халықтың әл-ауқатын арттыруды және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін түпкі мақсатымызды жүзеге асыруды бастаймыз.

Осы істе Конституциямызда бекітілген Заң, Әділеттілік және Тәртіп қағидаттары айнымас темірқазығымыз болады. Әрине, бұл жол оңай болмайды. Тіпті түрлі қиындықтар да кездесетіні анық. Халқымыз "Жол мұраты – жету" деп бекер айтпаған. Сондықтан табандылық танытып, алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз", – деді ол.

Мемлекет басшысы алдағы реформалар мен мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру барысында түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін екенін де айтты. Дегенмен Президент заңдылықты, әділеттілікті және тәртіпті басты қағидат ретінде ұстану арқылы жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті.