Алматы қаласының Алмалы ауданында ірі өрт шықты. Брусиловский көшесінде орналасқан екі қабатты ғимаратты ашық жалын шарпыған. Өрттің жақын маңдағы нысандарға таралу қаупі бар, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 15 қарашада Брусиловский көшесіндегі екі қабатты ғимаратта болған. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жіберілген. Құтқарушылар жеткен кезде ғимарат ашық жалынмен жанып жатқан.
Мамандар өрттің ауқымын бағалап, жалынның жақын орналасқан ғимараттарға таралу қаупі бар екенін анықтаған.
"Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде ғимараттың ашық жалынмен жанып жатқаны және өрттің жақын орналасқан нысандарға таралу қаупі бар екені анықталды", – делінген ТЖМ хабарламасында.
Осыған байланысты құтқарушылар өртті сөндіру және оның таралуына жол бермеу шараларын қолға алған. Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстары жоғары шақырту дәрежесі бойынша жүргізіліп жатыр.
"Дереу өрт сөндіру оқпандары берілді. Оқиға орнында ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақырту дәрежесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру штабы құрылды", – деп мәлімдеді ведомство.
Өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы штаб құрылған.