Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Теміртауда екі ай бойы іздестірілген әйелдің өліміне қатысты сұмдық деректер айтылды

Теміртауда екі ай бойы іздестірілген әйелдің өліміне қатысты сұмдық деректер айтылды
Ирина Керн. Видеодан кадр: КТК

Қарағанды облысының Теміртау қаласында екі айға жуық уақыт бойы іздестірілген 38 жастағы Ирина Керннің денесі табылды. Марқұмның жақындары әйелдің өліміне қатысты тың мәліметтерді жариялады. Олардың айтуынша, қылмысқа күдікті азамат Иринаны іздеу жұмыстарына өзі де қатысқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, Теміртау тұрғыны Ирина Керн 20 қыркүйекте із-түссіз жоғалып кеткен. Әйелдің туыстары мен жақындары оны табуға бар күшін салған. Қалада ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылып, оған еріктілер, әскери қызметкерлер және марқұмның туыстары жұмылдырылған. Алайда іздеу жұмыстары қайғылы хабармен аяқталды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Ирина Керннің бөлшектелген дене қалдықтары шипажай аумағында орналасқан көлден табылған. Жақындарының сөзінше, 40 жастағы күдікті осы шипажайда от жағушы болып жұмыс істеген. Ол марқұммен бірге тұрған азамат екені хабарланды. Туыстарының мәлімдеуінше, күдікті әйелдің жоғалуына қатысы бар екенін жасырған және іздестіру шараларына өзгелермен бірге қатысқан.

Марқұмның туған әпкесі Анастасия Духова КТК телеарнасына берген сұхбатында қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, күдікті Иринаға күш қолданып, кейін қылмыстың ізін жасыруға тырысқан.

"Оны шамамен жарты сағат бойы ұрған. Содан кейін денесін қорлаған. Кейін алып шығып, көлге, судың ішіне жасырған. Мен одан қайда екенін көрсетуді, іздеуге көмектесуді сұрадым. Ол іздеу жұмыстарына қатысты, бірақ өлімге қатысы бар екенін мойындамады. Осылайша тергеуді жаңылыстырды. Ол Иринаның үйден өз еркімен кетіп қалғанын айтып сендіріп жүрді", – деді Анастасия Духова.

Әйелдің бұл мәлімдемесі оқиғаның мән-жайына қатысты туыстарының нұсқасы екенін атап өткен жөн. Күдіктінің нақты әрекеттері мен кінәсі тергеу және сот барысында анықталуы тиіс.

Қайғылы оқиғадан кейін Ирина Керннің үш баласы анасыз қалған. Олардың ең кішісі небәрі үш жаста. Марқұмның әпкесі Анастасия Духова балаларды өз қамқорлығына алуға шешім қабылдағанын жеткізді. Оның өзі де үш бала тәрбиелеп отыр. Бұған қоса, Анастасия бір апта бұрын ғана күйеуін жерлеген. Соған қарамастан, ол әпкесінің балаларын қараусыз қалдырғысы келмейтінін айтқан.