Өзбекстандық ғалым Икболжон Қорабоев Қазақстанда 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жақындарының айтуынша, 46 жастағы профессордың ісі құпия мәліметтерге байланысты жабық отырыста қаралған. Отбасы үкім туралы өз дереккөздерінен білгенін және сот шешімінің көшірмесін әлі алмағанын айтты.
Қорабоев 2026 жылғы 3 шілдеде Астанада ұсталған. Ол Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ғалымға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша тыңшылық жасады деген айып тағылған.
Қазақстан мен Өзбекстанның ресми органдары үкімге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Профессордың қандай әрекеті тыңшылық деп бағаланғаны да жарияланбаған. Туыстары тергеу мен сот материалдарымен таныса алмағанын, сұратқан құжаттарына “Аса құпия” белгісі қойылғанын жеткізді.
Ғалымның жақындары ұсталғаннан кейін онымен байланысу қиын болғанын да айтқан. Олардың сөзінше, үш баласына әкесімен бейнеқоңырау арқылы қысқа сөйлесуге рұқсат берілген.