Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Астана әуежайында орынсыз әзіл айтқан 19 жастағы қызға айыппұл салынды

Астана әуежайында орынсыз әзіл айтқан 19 жастағы қызға айыппұл салынды
Фото: pixabay.com

Астана халықаралық әуежайында орынсыз әзіл айтқан 19 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дубайға ұшпақ болған жолаушыға 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Астана – Дубай бағытындағы рейске тіркелу кезінде болған. Петропавл қаласының тұрғыны әуекомпания қызметкерінің сұрағына әзілдеп жауап берген. Қыздан өзімен бірге ұшаққа алып кіруге тыйым салынған заттардың бар-жоғы сұралған. Сол кезде жолаушы "қаруым бар" деп айтқан.

Жолаушының бұл әрекеті құқық қорғау органдарының назарын аударып, іс сотта қаралған. Сот бойжеткеннің сөзін айналасындағыларға құрметсіздік таныту, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу деп бағалаған. Осыған байланысты оның әрекеті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі, яғни ұсақ бұзақылық бойынша сараланды.

Істі қарау барысында сот жолаушының 19 жаста екенін және құқықбұзушылықты алғаш рет жасағанын ескерген. Бұл жағдайлар жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Нәтижесінде Петропавл тұрғыны кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.