"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясында басшылық құрам өзгерді. Директорлар кеңесінің шешімімен басқарма құрамындағы екі жоғары лауазымды басшының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Компанияның хабарлауынша, тиісті шешім 2026 жылғы 24 қарашада қабылданған. Атап айтқанда, коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков қызметтерінен босатылды.
"Қазатомөнеркәсіп" өкілдері қызметінен кеткен екі басшының міндеттері компания басшылығы арасында қайта бөлінгенін мәлімдеді. Бұл өзгерістер ішкі рәсімдер мен өкілеттіктерді бөлу тәртібіне сәйкес жүргізілген. Компания өндірістік және коммерциялық бағыттардағы қызметкерлердің толық құрамда жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Ұлттық компания басшылық құрамдағы ауыс-түйіс күнделікті қызметке кедергі келтірмейтінін хабарлады. Ресми мәлімдемеге сәйкес, өндірістік және коммерциялық жұмыстар қалыпты режимде жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ компания стратегиялық міндеттерін бұрынғы жоспарға сай орындауды жалғастырады.