Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады.
Бата берерде әркім «Иә, құдайым», «Иә, Алла», «Иә, жаратқан» секілді бағыштау сөздерін әр батаның алдынан қосып айтуға ерікті.
Уа, жаратқан ием құдірет
Тілегімді қабыл ет!
Иманымды кәміл ет!
Асқа бата
Дастарханыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін,
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін,
Дендеріңе саулық берсін!
Әумин!
***
Ашып тастап пейілді
Дастарханың жайылды.
Қасиетті нан ұлық
Берекең тұр нақ ұйып.
Асыл сөздер шашылды,
Бар абырой бақ орнап
Ел сыйласын басыңды.
Аңыз болып отауың
Айта жүрсін асыңды.
Сүйген жарың,
Бала-шағаң аман боп,
Бүтіндесін асылды.
Ниетіңе біз тойдық.
Рахмет шәйіңа,
Риза еткен бір қойлық!
***
Үй иесіне берілетін бата
Жас баланың күлкісін бер,
Жас ананың ұйқысын бер.
Жомарттың қолын бер,
Жорытқанның жолын бер.
Қыздың қылығын бер,
Судың тұнығын бер,
Асаудың арынын бер,
Түнгі оттың жарығын бер.
Асқар таудың паңдығын бер,
Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.
Даланың жазықтығын бер,
Гүлдің нәзіктігін бер.
Теңіздің тереңдігін бер,
Қыранның көрегендігін бер.
Ердің көңілін бер,
Бүркіттің жігерін бер.
Лашынның жүрегін бер,
Нағыз достың тілегін бер.
Мәңгі-бақи ажырамас,
Шын ғашықтың тілегін бер!
Әумин!
***
Ардақты үйдің иесі,
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай.
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!
Екі дүниенің игілігіне жеткізсін,
Есіркеп сүйген пендесінен еткізсін!
***
Алла жарылқасын,
Кімді жарылқаса,
Соның жағында қалсын!
Жаманның алдында қалсын!
Жортқанда жолың болсын,
Адассаң, Алла жолға салып жүрсін,
Сүріндіртпей алып жүрсін,
Мың сан бәле, қауіп қатерден қағып жүрсін!
***
Уа, Жаратқан – Құдірет!
Мал-жандарын аман ет,
Басына бер зор бақыт.
Асыңа бер берекет,
Ғұмыр-жасын ұзақ ет.
Ұрпақтарын асыл ет,
Кәсібін адал кәсіп ет,
Бәле-жаладан аулақ қып,
Таттырма еш қасірет,
Дүниенің бар жақсылығын
Дәл осы отауға нәсіп ет!
***
Бізге тартқан басыңыз,
Дәмді екен асыңыз.
Ұрпақтар боп өзгеше,
Сыйлы болсын басыңыз!
Домаласын өрге тасыңыз,
Иманды болып тасыңыз.
Көре алмаушы, кертартпа
Құм қапсын дұшпан –қасыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз,
Елге сыйлы қарт болып,
Жәннатқа қадам басыңыз!
Құйған қызыл шәйіңіз,
Балдай тәтті майыңыз,
Еселі боп еңбегің,
Иманды боп байыңыз!