28-11-19 |
1330 рет қаралған
Даниал Ахметов халықты түсінбейді, түсінгісі келмейді.
Даниал Ахметов халықты түсінбейді, түсінгісі келмейді

фото: sputniknews.kz

Жыл аяқталуға жақындағанда Нұр-Сұлтанға барып, есеп бергіш әкімдердің қатарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те болды. Өткен аптада Астанаға барған әкім: «Бір де бір жаңа аудан ашпаймыз. Неге десеңіз,  аудан ашқанда тек қана жаңа жұмыскерлердің баспана мәселесін шешу үшін 9 млрд теңге кетеді.  Сонда не керек халыққа? Жаңа шенеуніктер ме? Оған қарағанда арнайы бағдарлама керек» деген еді. Әкімнің бүй деуінің ар жағында шығыстағы шекаралық аудан-ауылдардан халықтың үдере көшіп, шекара бойының бекетіне айналған ауылдардың қаңырап бос қалғандығы жиі көтеріле бастағаны жатыр. Әкім сол көтерілген мәселеге орай жоғарыдағыдай жауап айтқан. Ал Даниал Ахметовтың бұл сөзіне саясаттанушы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров ашына отырып, жазба жариялады.
«»Айтпасаң сөзің атасы өледі»…
Өкінішті. Ертең, осынау қиғаш қадамдарына қатысты, әттеген-ай айтатындығы анық. Өйткені, Даниал Ахметов тәрізді тәжірибелі, шаруашылықты дөңгелетуге қабілетті дейтін азаматтар қаракөздің әлеуметтік психологиясын түсінбейді, халықтың шынайы мұң-мұқтажына «қырын» қарайтындығын тағы да көрсетті. «Қызыл директор» дегендер болған кезінде, кеңес заманында ірі шаруашылықтарды басқарып, жоспарлы экономика кезінде қызмет істеп, ұжымның мүдделерімен келіспей шешім қабылдайтын «қырсық» басшылар. Халықтың айтқанын істесе, «тағынан» түсіп қалатындай әсер алады, олар. Өздері тәкапар, менменшіл, халыққа менсінбеген көзқараспен қарайды. ШҚО-ның басшы да сол «қызыл директорлыққа» салынып отырған тәрізді. Өздері басқарып отырған жердің тарихында, халқының мінез-құлқын да түсінбейді, түсінуге пейіл де танытпайды. Біле-білген адамға Шығыс Қазақстанның Катон-Қарағай, Марқакөл, Тарбағатай аудандары қазақ халқына біздің ата-бабамыздың қаны, олардың қаншамасының қиылып кеткен өмірі арқылы келген, ол жерлер үшін бүкіл қазақ қанқұйлы соғыса отырып, иеленген. Сол ата-бабамыздың ерлігі, өрлігі, бізге деген қамқорлығының арқасында келген жерлерден бүгінде, ел аман, жұрт тынышта халық үдере көшіп жатыр. Неліктен? Халық Үкіметке, мемлекетке жақын болғысы келеді. Сондықтан орталыққа Өскемен, Семей, Алматы, Нұр-Сұлтанға ауып жатыр. Шекара бос қалды. Сол шекараға бекет ретінде, аудандарды қалыпқа келтіру жөніндегі жергілікті халықтың «зар-айғайын» облыс әкімі Даниал Ахметов елегісі де келмейді. Халықтың жан-тәнін түсінбеушілік дегеніміз осы. «Халықты тыңдауға қабілетті мемлекет» бұл шенеуіктер үшін жәй ғана сөз. Ешқандай құндылығы, мәні жоқ. Бұл мәселе тек облыстық деңгейде емес еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсері бар республикалық мәселе. Сондықтан Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Парламент депутаттарына осы мәселені мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастыру үшін үндеу жариялаймын! Бұл еліміздің территориялық тұтастығының негізгі мәселесі.
«Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа. Күнінде өзім болдым деп, кең пейілге таласпа!» деген қанатты сөзді бұл кісілерге кім айтар екен?
Ал, дәл осы кезде, халық босып көшіп жатыр, ақсақал мұңын айтар адам таппай сабылып, облыс басшылығының табалдырығында жүр, аудандар тоқырап жатыр. Бүгінгі күннің шындығы осы.
Облыс басшысында пейіл болмаса, халықта қандай мейір болмақ?
Арты дұрыс болсын…
» деп жазады саясаттанушы.

Бірақ ШҚО әкімі Даниал Ахметов алған бетінен қайта ма, қайтпай ма ол жағы белгісіз. Шынтуайтына келсек, шекаралық ауыл – аудан мәселесіне Ерлан Саиров айтып отырғандай жүрдім-бардым, атүсті қарауға болмайды! Облыс әкімі екі үлкен көршімен шектесіп жатқан территориялық жақтан аса маңызды аймақты басқарып отырғанын бір уақ ойлап, елдің сөзіне құлақ асса екен… Өйткені Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралық ауыл-аудан мәселесі аз жазылып, аз айтылып келе жатқан жоқ. Тек соған құлақ асатын әкім болмай тұр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.