27-02-20 |
4440 рет қаралған
Ақындардың Дулат Ағеділге арнаған өлеңдері.
Ақындардың Дулат Ағеділге арнаған өлеңдері

Құрбандық

Дулат Ағаділ бауырыма

Батыр өлді,
Анығында өлтірді..,
Жұрттың жанын ыза, кекке толтырды.
Шарасыздан жұдырық боп түйіліп,
Жең ішінде жасырулы қол тұрды.

Жігіт өлді,
Намысында елдіктің,
Туын байлап тұғырына ерліктің.
Еркектерше дәлелдеді деңгейін
Бұтындағы шалбар менен белдіктің.

Шындық өлді,
Шаранадай шыңғырып,
Қалың елді мазалауда мың күдік.
Шығып кетті жалғандыққа шыдамай,
Сатқындықтың терезесін сындырып.

Намыс өлді,
Ұлттың ұлы жолында,
Өзегі тар өз заңының қолында.
Сен еркінсің,
Есесіне, бейшара –
«Тоты құстар» таранады торында.

Мүмкін емес тұтанған от жанбауы,
Мүмкін емес ұйқының да қанбауы.
Қазақ үшін құрбандық қып шалуға
Бұл ғасырдың саған түсті таңдауы.

Ақиқатын айтар болсам шамалап,
Бәріне де уақыт қалды шамалы-ақ.
Аңыраған артыңдағы асықтай
Алты балаң Алты Алашқа аманат!

ақын, Әлібек Шегебай

***

Дулат Ағаділ өліміне

Бәріңнің де шенділерге өкпең көп,
Даурықпаңдар!
Оны ешкім тепкен жоқ,
Топқа салып, тарпымады көп жендет.
Ғазірейіл төнген кезде көктен кеп…
…Ол өзінің ажалымен кеткен жоқ…

Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті… айтпай сөзің анығын,
Түспеді еңсе, қушимады жауырын.

«Белсендім-ай, шылбырыңды босқа үздің,
Жоғын жоқтап неғыласың бес қыздың?
Жүретіндей құрық көрмей, бос тізгін,
Тұсауыңды кімге сонша кескіздің?» –
деді ме, әлде демеді ме үш құзғын?..

Көрінбесін соққы берген «сый» беттен,
Жендеттерді басқа әдіске үйреткен:
Сорлы болсын құр сүлдерін сүйреткен,
Іштен ұрып, тебу керек бүйректен…
Осы тәсіл талай ерді «билеткен».

Ол ашынған, жаны ауырған ұл еді,
Айналасы құлдық ұрған құл еді…
Абақтыға барғаны сол күн еді…
Аяқ асты «ұстап қалды» жүрегі.
Бәрін Алла, бәрін Алла біледі…

Бұл пенденің тіршілікте ісі көп,
Диірменді айналдырар күші көп.
Таңданбайық, оқиға ғой «кішірек»:
Біздің елдің батырлары – «кісінеп»,
Өзін-өзі атады ғой үш рет.

Талай ерді тізерлеткен дала бұл,
Талай езді қоқырайтқан қала бұл.
Аңыраған алты бала, ана бұл…
Арғы жақта соған қорған бола жүр –
Қашан қоғам орнар екен ақ, әділ…
Бақұл болғын, Дулат бауыр Ағаділ…

Есей Жеңісұлы, ақын

***

Атаңа нәлет, сатқындық!
Айналып сені өте алмай,
Ер бойынан – ар өлді.

Халықтың жүгін көтерген,
Омыртқада жігі жоқ,
Намыс деген – нар өлді!

Алмас Алмат, жырау

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.