31-10-23 |
24290 рет қаралған
Нұржан Қуантайұлы: Жүсіпбек Аймауытов жайлы әлі де аз білеміз.
Нұржан Қуантайұлы: Жүсіпбек Аймауытов жайлы әлі де аз білеміз

Қазақтың атақты жазушысы, Алаш Орда қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына биыл 134 жыл толып отыр. Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің әр шығармасы ұлт әдебиетіндегі құнды дүниеге айналды. Жуырда ғана Шымкентте өзі ұстаздық еткен оқу ордасының қабырғасында жазушының бюсті орнатылып, колледжге аты берілді. Осы төңірегінде 2000 жылы «Жүсіпбек Аймауытовтың көсемсөз мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған, жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлымен сұхбат құрған едік.  

–Нұржан мырза, жалпы Жүсіпбек Айтмауытовтың Шымкенттегі ұстаздық еткен жылдары туралы қандай ақпараттар, деректер бар?

–Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті бар және Өзбекәлі Жәнбеков атындағы ОҚМПУ бар. Осы педогогикалық университет кезінде екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі педтехникумның негізінде құрылған педогогикалық колледж болған екен. Осы педтехникумда 1926-1929 жылдары аралығында Жүсіпбек Аймауытовсабақ берген, алғашқы негізгі оқытушыларының бірі болған. Орталық мемлекеттік архивінде, Шымкенттегі архивтерде 1926 жылдардағы құжаттарда осы деректер кездеседі. Сталиннің жарлығымен  1926 жылы Өзбекстан Республикасы құрылып, Ташкент сол мемлекеттің астанасы болып жарияланады. Сосын амал жоқ сондағы қазақтар Ташкентті тастап Шымкентке көшеді. Сол көштің ішінде  Бейімбет те сол жылдың маусым айында Ташкенттен Шымкентке көшіп келеді. Шымкентке педтехникумға жұмысқа орналасып, қазақ тілі әдебиеті, орыс тілі әдебиеті және музыка пәнінен сабақ береді.  Музыка пәнін кейіннен Чехиядан келген чех жігіті Антон Антуановичке өткізеді.  Сонда 18 оқытушы болғандығы жазылады. Соның үшеуі ғана қазақ болған. Сол үшеудің ішінде ең тәжірибелісі, жоғары білімдісі Жүсіпбек Аймауытов болған екен. 1926-28 жылдары Жүсіпбектен 14-15 жастағы бозбалалардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Төлеген Тәжібаев сынды қазақ балалары тәлім алған. Бауыржан Момышұлының өзі Жүсіпбекті «менің ұлы ұстазым» деп атап айтқан. Бұл деректер Мамытбек Қалдыбаевтың естеліктерінде сақталған. Мамытбек Қалдыбаев кезінде бұл сөздерді Бауыржан Момышұлының өз ауызынан жазып алған екен. Сонда Баукең «мені әдебиетке де баулыған, орыс әдебиетіне деген ықыласымды оятқан, қандай әдебиеттерді оқуды үйреткен –Жүсіпбек Аймауытов» деп қадап айтқан екен.  Әбділда Тәжібаевтың 1989 жылы «Есімдегілер» деген кітабы жарық көрген. Сонда Жүсекең туралы жылы пікір айтып, ұстазы екендігін айтады. «Қолы бос кезінде үйіне барып тұруға тырысатынбыз» дейді. Басқа техникумның балалары да Жүсекеңнің дәрісін тыңдауға, сөздерін тыңдауға ықыластанатын, өйткені жастармен жиі әңгімелескенді ұнататын, білгенін бөлісетін дейді.  Жүсекең сонда 40-қа да жетпеген жігіт кезі екен. Мінезі жайлы, жұмсақ, ждастарға ерекше ықыласы бар адам болды. Қолынан бәрі келетін, етік те тігетін, ер тоқымды да, домбыра да шауып жасайтын шебер екендігін көрдік дейді. Қолөнерлігімен қатар аты шыққан жазушы болғандықтан  жастар үйірсек болғанын жазады. Совет Одағы кезіндегі ҚазССР-дің алғашқы Сыртқы істер министрі болған Төлеген Тәжібаев та шәкірті болған.

–Шымкентте Жүсіпбек Аймауытовтың бюсті қойылған екен. Бұған дейін ескерткіш тақта орнатылмаған ба?

–Ескерткіш тақта орнатылмаған. Сол педтехникумның негізінде ОҚМПУ құрылғанын атап кеттім ғой басында. Сол университеттің педагогикалық колледжі бар екен. Сол педколледжіне өткен жұмада Жүсіпбек Аймауытовтың аты ресми түрде берілді. Білім министрінің қаулысы да шыққан.  Ашылуына қатыстық. Педколледждің ішінде бюсті ашылды. Жалпы Жүсіпбек Аймауытов туралы бұрын мәлімет болмаған. Енді осы істің барлығына мұрындық болған – сенатор Алтынбек Нұқұлы. Алтекең өзі Алаш қайраткерлерінің жоғын жоқтап жүрген ұлтшыл адам.  Сол кісі өзі қаржы жинап, Қарағандыдағы мүсіншіге тапсырыс беріп, Жүсекеңнің мүсінін жасатқан. Ресми рұқсат алу сынды құжат жағын да Алтынбек Нұқұлы өзі мойынына алған. ОҚМПУ-дың ректоры Гүлжан Дәуітбекқызы келісіп, осы үлкен жұмысты атқарылды. Жан-жақтан құрметті қонақтар шақырылды.

–Жүсіпбек Аймауытов тұрған үйді сақтай алдық па? Жалпы ол рухани мұра ретінде музейге айналмаған ба?

–Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттің «ескі қала» деп аталатын ауданында Шым қала деген музей ашып қойған екен, соған және  Қошқар Ата өзеніне жақын жерде Пушкин атындағы көше болған екен (қазір басқаша аталады) Пушкин №9 үйде тұрған екен. Ол үй жазушы Құлбек Ергөбектің айтуынша  1999 жылға дейін сақталған екен. Құлбек аға ол кезде Оңтүстік Қазақстан әкімдігі аппарат бастығының орынбасары болып тұрған, Бердібек Сапарбаев әкім болып тұрған кезі екен. Әкім сол үйді сақтап қалуға тырысты дейді. Бірақ сол ескі үйдің үш қожайыны болыпты. Үш қожайын ортақ келісімге келе алмай, біреуі сатам деп, біреуі сатпаймын деп әбден дау болған екен. Біреуі өте үлкен көлемде қаржы талап еткен. Осылайша ол үйді ақыры қайтара алмадық дейді. 1999 жылы ол үй бұзылып, сол жерге бір кәсіпкер дәмхана салған деседі. Сонымен ол үй сақталмаған, музейге де айналмады. Сол маңға жақын жерге Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен репрессия құрбандарына арналған музей ашылған дейді. Бірақ ол жерге кіріп көргенімде Жүсіпбек Аймауытов туралы ешқандай деректер жоқ. Бұл жалпы біздің салғырттығымыздан және мемлекеттің өзі тікелей атсалыспағаннан кейін осындай өкінішті жағдайларға тап болып жатамыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.