Logo
Іздеу
Айдарлар

Израиль соққысынан Иран президенті жарақат алған

/
Израиль соққысынан Иран президенті жарақат алған
Фото: ашық дереккөзден алынды

Тегеран, Иран – 16 маусым күні Тегеранда орналасқан Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің отырысы кезінде Иран президенті Масуд Пезешкиан аяғынан жараланған. Бұл туралы Fars агенттігі хабарлады. Агенттік мәліметінше, шабуылдың артында Израиль әскери-әуе күштері (ЦАХАЛ) тұр. Басылымның мәліметі бойынша, шабуыл Иран элитасының жойылуын көздеген, ал шабуыл нысанасы — ғимараттың төменгі қабатында өткен жабық кеңес болған.

Fars агенттігі, ол Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) ықпалындағы ақпарат құралы ретінде белгілі, Израиль кемінде алты авиациялық бомба қолданғанын, олардың эвакуация жолдарын бөгеп, ауа айналымын тоқтату мақсатында дәлдікпен тасталғанын жазады.

Отырыста Пезешкианмен бірге мәжіліс спикері Мохаммад-Багер Галибаф, жоғарғы сот төрағасы Голям Хоссейн Мохсени-Эджеи және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысқан.

Fars бұл шабуылды 2024 жылдың 27 қыркүйегінде "Хизболла" жетекшісі Хасан Насралланың Ливандағы Харет-Хрейк ауданында ЦАХАЛ шабуылы кезінде қаза тапқан сәтімен салыстырады.

Соғыс кезінде Израиль тарабы Иранның әскери басшылығын, оның ішінде КСИР офицерлерін, сондай-ақ ядролық бағдарламамен айналысқан ғалымдарды нысанаға алған. Дегенмен, ресми Тель-Авив Иранның саяси басшылығы шабуыл мақсаты еместігін бірнеше рет мәлімдеген.

Айта кету керек, Пезешкианның жарақаты ауыр болмаған. Ол 22 маусымда-ақ Тегеранда камералар алдында бой көрсеткен, бұл оның тез сауығып кеткенін көрсетеді. Шабуыл мен президенттің жарақаты туралы ресми Тегеран әзірге түсініктеме берген жоқ.