Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөздерге Еуропаның бес мемлекеті қатысатынын хабарлады. Бұл туралы ол Берлинде өткен "Ниет білдірушілер коалициясының" кездесуінен кейін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Зеленскийдің айтуынша, алдағы келіссөздерде Еуропаның мүддесін бес мемлекет, сондай-ақ Еуропалық одақ пен НАТО өкілдері қорғайды. Атап айтқанда, келіссөздерге Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Польша қатысады деп жоспарланған. Украина басшысы Еуропа елдерінің бейбіт келіссөздерге тікелей қатысуы маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, АҚШ та Еуропаның келіссөз процесіне белсенді араласуы қажеттігін түсінеді.
"Еуропалықтардың Ресеймен келіссөз форматтарына қатысуы туралы шешім бар. Еуропаның атынан бес мемлекет, сондай-ақ Еуропалық одақ пен НАТО қатысады", – деді Зеленский.
Кездесуде Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру, соғысты тоқтату жолдары және АҚШ пен Еуропаның дипломатиялық ынтымақтастығы талқыланды. Зеленский АҚШ-тың қатысуымен алғашқы көпжақты кездесуді мүмкіндігінше тез ұйымдастыруға үміт білдірді. Оның пікірінше, келіссөздердің нәтижелі болуы үшін барлық тарап белсенді әрекет етуі қажет.
Украина президенті Ресейдің шақыруымен Еуропа көшбасшыларының Мәскеуге барып келіссөз жүргізуін құптамайтынын айтты. Оның пікірінше, тараптардың бейбіт келісімге келуге дайындығын көрсету үшін кездесуді бейтарап аумақта өткізген дұрыс. Ал Германия канцлері Фридрих Мерц алдағы бейбіт келіссөздер жақын арада өтуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ол кездесудің нақты күні белгіленбегенін, алайда келіссөздер өтетін бейтарап орын қарастырылып жатқанын жеткізді.
Ықтимал орындардың бірі ретінде Біріккен Араб Әмірліктері аталды. Бұған дейін Еуропа көшбасшылары Ресеймен диалог жүргізу мәселесін талқылаған болатын. Сонымен қатар Германия тарапы Мәскеу бейбіт келісімге келуге дайын болған жағдайда санкцияларды кезең-кезеңімен жеңілдету мүмкіндігін де жоққа шығармады.
Әзірге жаңа келіссөздердің нақты өтетін күні мен орны ресми түрде жарияланған жоқ.