Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты кездесу өткізбек: Ақ үй мәлімдеме жасады

Трамп, Путин және Си Цзиньпин алғаш рет үшжақты кездесу өткізбек: Ақ үй мәлімдеме жасады
Фото: Aaron Schwartz/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей басшысы Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпин алдағы аптада тарихи кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Үш мемлекеттің басшылары ядролық қаруды қысқарту және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқыламақ, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ақ үйдің мәліметінше, үшжақты келіссөз Қытайда өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылмақ. Жоспар бойынша, кездесу 19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтеді. Бұл АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының осындай форматтағы алғашқы бірлескен келіссөзі болмақ.

Ақ үйдің баспасөз хатшысының көмекшісі Оливия Уэйлстің айтуынша, кездесудің басты тақырыптарының бірі – әлемдегі ядролық қару-жарақ қорын қысқарту.

"Президент әлемдегі ядролық қаруды қысқарту мәселесін талқылайтынын ашық айтты. Дональд Трамп ядролық қарудың таралуын өте қауіпті құбылыс деп санайды", – деді Ақ үй өкілі.

АҚШ әкімшілігінің өкілдері келіссөз барысында үш мемлекеттің ядролық қауіпсіздік саласындағы ықтимал ынтымақтастығы қарастырылатынын жеткізді. Дегенмен Вашингтон бұл кездесуден кейін бірден жаңа халықаралық келісімге қол қойылады деп күтпейді. АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі алдағы басқосуды ядролық қарусыздану мәселесі бойынша үш ел басшылары арасындағы алғашқы маңызды талқылау ретінде сипаттады.

Оның айтуынша, келіссөздер болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізуге негіз қалауы мүмкін.

CNN мәліметінше, үш мемлекеттің басшылары ядролық қару мәселесінен бөлек, Иран төңірегіндегі жағдайды да талқылауды жоспарлап отыр. АҚШ әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, Иран мәселесі халықаралық қауіпсіздікке қатысты келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі болмақ. Ал Украинадағы соғыс мәселесі үшжақты кездесудің негізгі күн тәртібіне енгізілмейді деп күтілуде.

Бұған дейін Дональд Трамп ядролық қаруды бақылау жөніндегі келісімдерге Қытайды да тарту қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Вашингтон Мәскеу мен Бейжіңнің қатысуымен жаңа келіссөздер жүргізу ядролық қару-жарақтың таралу қаупін азайтуға ықпал етеді деп есептейді.

Бөлісу