30-10-23 |
20450 рет қаралған
Латын қарпіндегі мерзімді қазақ басылымдарының тарихы.
Латын қарпіндегі мерзімді қазақ басылымдарының тарихы

Қайсыбір елді танып, білгіңіз келсе, ел қазынасы мен тарихы және мәдениеті сақталған кітапханаларын іздеп тұрасыз. Онсыз әсте мүмкін емес, әл-Фарабише: «Елді танып білгің келсе, кітапханасына бар, онда мәдениет, мәдениет бар жерде – экономикасын көруге болады. Болашағын болжап, барлай аласың» дегені де тегін емес-ті.

Ендеше бүгінгі кітапханалардың негізігі жүрегі, тірегі мен діңгегі бола алатын – Сирек кітаптар я құнды кітаптар қоры.

Жүрегіне түсе алсаңыз, ойланбастан каталогына жүгінеріңіз де сөзсіз.

Онсыз көз жүгіртіп, шынайы таныса алдым, жұмысым алға жүреді деп те үміттенудің қажеті жоқ. Саналы түрде 27 кітаптан артығын қабылдай алмайтын санамызға әжептеуір салмақ.

Ендеше көмекке тек заман талабына сай безендіріліп берілген кітаптардың каталогы келмесе, қалғаны бос көрінеді.

Тарихқа көз жүгірттік, зер салдық, іс бітірдік. Сүйінші жаңалығымыз да бар, Сирек кітаптар қорының жетекшісі, кітапхана саласының үздігі,  30 жылдық еңбек өтілі бар маман – Д. Дәуренбекова 4000-ға жуық бірлікте сақталған кітаптар мен құжаттардан тұратын «1929-1940 жылдары жарық көрген латын қарпіндегі қазақ басылымдары» безендірілген ретроспективті библиографиялық көрсеткіші 1-том және «1929-1940 жылдары жарық көрген латын қарпіндегі мерзімді қазақ басылымдары» безендірілген ретроспективті библиографиялық көрсеткіші 2 томдығын құрастырып, ұсынды.

Бұл – библиографиялық көрсеткіш ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Сирек кітаптар қоры негізінде құрастырылған және ұсынылған тізім Қазақстанның түрлі аймақтарынан жиналған Қазақстан Ұлттық электрондық кітапханасының http://kazneb.kz/ порталындағы дереккөздермен толықтырылған.

Уақыты тапшы, жұмыс басты деген оқырманның өзіне ең қажетті құрал. Өйткені, кітапты ашқаннан заманауи негізде ҚазҰЭК-ның  https://kazneb.kz/kk/catalogue/result?flt=simple&q=1929-1940 порталына QR-кодттарына сілтемелер берілу арқылы ұсынылған еңбек, сондай-ақ толығырақ танысу үшін сілтемеге өтіп, әлемнің кез келген жерінен қалта телефонмен я болмаса арнайы kazneb.kz бағдарламасы қосымшасымен оқи аласыз. Ұсынылынған әрбір кітап толық нұсқада 3D форматта берілген. Ғасырлар қойнауында жатып, бізге жеткен құнды кітаптар Қазақстан бойынша жиып-теріп, ұсынылған және барлығы да оқырман үшін  қолжетімді.

Бүгінгінің ұрпағына көтерсетер дүниелер де аз емес. Ұғып кетер құлақ болса, санасы көтеріп, саралай алса, бір кітап – бір дәуірдің куәсі екенін де аңғаруға болады. Кітапхана табалдырығын аттаған әр оқырманның біздің тарихымызда Латын қарпі болаған ба деген таңданысына тамаша тосын сый ретінде ұсынылған еңбек, библиографиялық крсеткіш, иллюстративті безендірілген каталог.

Дайын дүние. Сирек кітаптар қорындағы Латын қарпіндегі басылымдар коллекциясын 2 томдыққа сыйғызып, оқырманға ұсынып отырмыз.

 Елдің сан ғасырлық рухани және саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат беретін асыл мұраларымыздың құндылығы қашанда жоғары екендігін тағы бір ұғынып, сүйсінеріңіз де хақ. Бағзы заманнан бүгінге дейінгі тарихи ұзақ мерзімді қамтитын, әртүрлі қаріптерде жазылған баға жетпес, құнды жәдігерлердің бірі де бірегейлері.

Негізгісіне ойыссақ каталог жұмысының маңыздылығына пікір білдірген ф.ғ.д. профессор Т. Жұртбай бұл көрсеткіш турасында  «Сирек кітаптардың әр бетін қайталап қарау – ол өткен өмірдің беттерін қайта парақтаумен бірдей. Біз, ол кітаптардан бүгінгі күннің кешегі көрінісін көреміз. Ал, білімнің бар саласы қамтылған кітапты парақтау – бұл тарихты парақтау. Тек саяси-қоғамдық көзқарастарды ғана емес, сонымен бірге тіліміздің де, әсіресе, бүгін қолданылып жүрген, не мүлдем ұмыт болған терминдерді де қайтадан саралауға, соған еңбек сіңірген адамдардың аттарын білуге негіз қалайды. Бұл тәжірибенің бүгінгі күнге сабағы өте керек тағлым. Осы реттен алғанда көрсеткіштің беретін мағлұматы өте зор», – деп бағалай келіп, мына дүниелерге баса назар аударып, пікір білдірді. 

Бұл көрсеткіштен сіз – кезінде жарық көріп, кейіннен мүлдем ұмыт қалған, физика саласы бойынша алғашқы дербес оқулықтарды, терминдердің авторларын және алаш қайраткері Елдес Омаровтың «Физика оқулығының» аудармасының кезігуі үлкен жаңалық екенін де атап өткен жөн. Алдағы уақттарда физика терминдерінің алғашы атауларын зерттеу -физика, тіл білімі, әдебиеттану мамандарының ерекше ықыласын оятады деген сенім бар.

Сондай-ақ, алгебра, геометрия, физика, химия, жаратылыстану, зоология, өсімдіктану, медицина, заң, қоғамтану, тіл пәндерінің оқулықтарын аударған, сол арқылы қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, бірақ аттары қазір мүлдем ұмыт қалған: М. Әмірбайұлы, А. Жаманов, Қ. Басымұлы, У. Валдосұлы, Жанғұтдинов, Қ. Кеңесбаев, С. Баймақанов, Қ. Момынов, Ә. Сытдықұлы, Аяпбергенов, Сарыбатыров, А. Әлібайұлы, Б. Бірімжанов, С. Есқалиев, К. Ділімбетов, А. Мусин, С. Қадырбаев, С. Омарұлы, Жантуғанова, Р. Жаманқұлов, Е. Ділмұхамбетов, А. Теміржанұлы, А. Тоқанбайұлы, С. Исрайылов, К. Тоғанбаев, А. Кадышева, Х. Әбішев, Ж. Қарасайұлы, Қ. Шөкенұлы, Қ. Өтепов, Т. Ахметов, А. Шонаев, Ә. Сүлейменов, Өтемісов, С. Меңдіқараұлы, О. Пұсырманов, Қ. Нұрымов, А. Бүркітбаев, Д. Еркімбекұлы, Ж. Сәрсенов, С. Жиенбайұлы, Р. Бөкейханов т.б. аударма еңбектері ерекше назар аударады. Тіліміздің сөздік және атау сөздер, ұғымсөздер (термин) қорына әр қайсысы бір сөзден қосқанның өзінде, бұл руханият үшін ұлы үлес екені сөзсіз. Мұнымен қоса, қазіргі қаріп ауыстыру қарсаңында сөздердің жазылымы үлгісін қалай қолдану керек, соған аса өлшеусіз үлгі болары да сөзсіз. Тіпті Е. Омаров, С. Қадырбаев сияқты физика мен заң саласындағы түбегейлі атаулардың авторларының жинағын қайтадан бастырып шығаруға ой салады.

Ғылыми негізіне бойлар болсақ,  өткен ғасырда жарияланған көркем шығармаларға текстологиялық салыстыру жасап, шығармашылық лаборатория туралы іргелі зерттеулер жүргізуге де болады.

Сонымен қатар, қазір кейбір сөздердің дыбысталуы мен жазылуы, кейбір қаріптердің қайсы үлгісін қабылдау, кей қаріптерді алып тастау туралы ғылыми таластар жүріп жатқан кезде, бұл басылымдардың беретін тәлімі ерекше. Қажет болған жағдайда осы көрсеткіш көп кәдеге жарап, кітапхана ғана емес, ғылым әлемі үшін де маңызды басылым деп нық айта аламыз.

Заманында Әбу Райхан әл-Бируни: «Жазбаша хабарлама – қарым-қатынас түрлерінің бірі, мүмкін басқаларынан да артық, өйткені біз қаламның мәңгілік ескерткіші болмаса, халықтардың салт-дәстүрін, қайдан білер едік» – деп жазып қалдырған.

Ендеше қоғамдық-тарихи маңызы зор XІII–XX ғғ. аралығындағы жазба мұралармен және қазақ тарихымен толықтай тынысқыңыз келсе, атаулы көрсеткіштер оқырманға да, ғалымға да, балаға да, данаға да таптырмас құрал!

 

Мөлдір Төлепбай,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.