06-08-18 |
8140 рет қаралған
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы).
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы)

Жазушы, мәдениеттенушы, сценарист, күйші Таласбек Әсемқұловтың «Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» атты мақаласын жалғасты жариялап отырмыз. Материалдың басын мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз: arasha.kz

***

Махаббат… Бұл неткен сезім? Ол қайдан шығып, қайда талпынады? Міне, түркі бақсысының қоятын алғашқы рухани сауалы − осы. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының бірінші жолынан бастап дүние, сезім екі жікке, бір-біріне ымырасыз екі бастауға, екі негізге бөлінеді. Сол екі қарама-қарсылық, сайып келгенде, ажалды айқасқа түсуі қажет.

Эпостың әуел басында екі тәңірие (Сарыбай мен Қарабай) аң аулап жүріп достасып, бір-біріне ант береді, ол анттың шарты былай: егер олардың зайыптары дүниеге екі қыз әкелетін болса, олар апалы-сіңлі болмақ, егер де олар екі ұлды болса, онда бұлар бірге туған аға мен іні болмақ, ал, әйелдерінің бірі қыз, бірі ұл туса, онда балалары ерлі-зайыпты болып, бір-бірін мәңгілік сүйіп өтпек.

Осы кезде қастарынан марал өтіп бара жатады. Ал, маралдың ішінде бір-бірін жек көретін екі баласы бар. Оны тек атса болды, дүние екіге жарылып, содан бастап онда жаулық пен бүлік, кісі өлтіру мен зорлық-зомбылық өмір сүрмек. Сарыбай мерген болатын, Қарабай одан маралды атуды өтінді. Сарыбай көпке дейін атуға дәті бармай, күдіктеніп тұрды, ақыр соңында Қарабай оған екеуінің достығын есіне салды. Сарыбай маралды атып өлтіруге мәжбүр болды. Маралдың ішінен екі қозықасы шығып, жарық дүниеге жүгіре жөнелді…

Қарабай мен Сарыбай үйлеріне қайтуға бет алды, олардың алдынан тазша бала шығып, Сарыбайға әйелінің ұл тапқанын хабарлады. Сарыбай қуанғаннан үйіне қарай шаба жөнеліп, жолда аттан құлап, қайтыс болды. Ал, Қарабайдың алдынан сақау қатын шығып, оның қызды болғанына сүйінші сұрады. Сүйінші берудің орнына Қарабай оны қамшымен сабады, сақау қатын оның жеті атасына дейін қарғыс жаудырды. Қарабай қымыз құйылған тоқсан сабамен Сарыбайдың қазасына аттанды, бірақ, жолда сабаларды жарып, қымызды жерге төкті. Содан өзендер мен көлдер пайда болды. Қарабай Сарыбайдың үйіне кіріп, бесіктің бетін ашты, одан алтын айдарлы ұл бала – Қозыны көрді. Сонда Қарабай оны қарғап-сілеп, үйіне қарай шаба жөнелді. Содан туыстарын шақырып, өзінің қызын жетім ұлға бермейтінін айтып, көз көрмес қиянға көшіп кетті. Сөйтіп, дүниеге Ант аттаған азғындық, Алдау мен Жауыздық және Абыройсыздық келді.

Сарыбай қазасының екі салдары бар: біріншіден, Сарыбай өлген соң, оның ұлы Қозының өз анасымен бірге тұруына қақысы бар. Оқырман мұны теріс мағынада түсінбеуі керек. Аңыздардағы образдар ешқашан реалистік әдебиеттегі тәрізді тікелей маңызға ие болған емес және болмайды да. Жоғарыда айтқанымыздай, Мамабике − уайымның, қорқыныш пен күдіктің тәңіриесі, яғни, адами «Мендіктің» бейнесі. Ал, Қозы – махабаттың бейнесі. Демек, Қозы мен Мамабикенің бірге тұруы таза символикалық дүние және оның мақсаты рухани түлеудің, адам жанына тән қорқыныш пен күдіктің алғашқы сатысын көрсету. Осылайша, Сарыбайдың өлімі – махаббат тақырыбын өрбітудің бірінші баспалдағы. Қозы әкесінен жетім қалып, жетімдік тауқыметін тарта жүріп тұлғаланады. Уайымды да, қайғыны да, құмарлықты да бастан кешіреді. Содан бері бала кездегі реніш пен күйініш, қорқыныш пен үрей адам рухының бастапқы табалдырығында ұмытылмай есте қалатын болды. Алайда, Қозы анасының қолын ыстық табаға күйдірмек болып, шынын айтқызады. Сөйтіп, өзінің бақытын, өзінің Баянын іздеуге аттанады. Ал, Мамабике ұлының артынан бірде тау, бірде шөл, бірде Оюлының он қасқыры, Қиюлының қырық қасқыры болып ұзақ қуады (күдіктер, өзімшілдік пен «Мен» деушілік адамнан өмір бойы қалмайды). Қозы тауды кесіп, шөлді басып, Оюлының он қасқырын, Қиюлының қырық қасқырын қырық қарыс жебесімен өлтіріп, ақырында Ерлік (Батылдық) пен Жеңісті тудырады.

Бұл эпизодта рухани драма символды түрде берілген: адам рухы сыртқа шығуға, дүниені көріп, одан ой түюге ұмтылады, бірақ, инфантильді (балаң) бақыт пен өзімшілдік оны тежеуге тырысады. Алайда, адамның ерік-жігері, рухы, махаббаты жеңіп шығуы қажет. Бұл – ең бірінші шарт.

Қозы жолай керуенге кездеседі. Сонда қожалардың бірі «мына түріңмен жүруге болмайды» деп, оның басына «қалпақ» кигізеді. Бұл – жалған ұяттың образы. Жалған мораль, жалған ұят адамның еркін ашылуына жол бермей, қашанда кедергі болады (сәл шегініс: қожаның образы – орта ғасырлардың қатпары. Көне нұсқада ол жалған моральдың тәңіриесі болуға тиіс еді, уақыт өте келе, түріктік (қазақтық) поэзия исламның ортодоксальдық мораліне тап болады. Түркі ақыны ол моральді тез аңғарады да, көне кейіпкер – жалған моральдің тәңіриесін исламның дін таратушы тақуасы қожамен ауыстыра қояды).

Ержетіп, есейген Қозы ант аттаған Қарабайдың ауылына келеді. Ал, Қарабай өзінің қызы Баянды бетпақ шөлде мұның жылқысын суарып аман алып қалған ноғайлының мырзасы Қодарға беруге уағдаласып қойған.

Жоғарыда айтқанымыздай, сан жетпес жылқы дегеніміз – әлемнің, кеңістіктің бейнесі, кейін ол адам бойына еніп, оның жаны болмақ. Егер де Қозының образындағы Махаббат пен Ерік сол жылқыға ие болуға (яғни, жан болуға) және өз бақыты Баянға қосылуға (яғни, өмірдің мәніне) талаптанса, оған қарсы тұратын кім бар? Махаббат пен Еріктің жауы кім? Әрине, Зұлымдық пен Сұрқиялық. Осының бәрін бейнелейтін кейіпкер – Қодар.

Қодар қатігез де қасарған қайсар. Екеуі жекпе-жекке шықты. Не күшті – Махаббат па әлде Зұлымдық па? Қозы мен Баян ба әлде Қарабай мен Қодар ма? Халық арасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» нұсқасының екі түрі бар. Бірінде Қодар Қозыны сыртынан қанжар салып, сатқындықпен өлтіреді, ал, Баян Қодарды алдап өлтіреді, яғни, Қозының кегін алып, өзі сүйгенінің қасына келіп өледі. Ал, екінші нұсқада Қозы Қодарды жеңеді, сөйтіп, бәрі де бейбіт шешіледі. Демек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» − екіжақты.

Мұның бәрі баяғыда болған және осының бәрі адамдармен етене болып кеткен. Әлем мен кеңістік адамның ішіне еніп, оның жаны болды. Адамдардың біреудің қайғысына ортақтасып, бөтеннің ауруына жаны ашитыны да сондықтан. Қозы мен Баян адамның Махаббаты мен өмірінің Мәні болып қалды. Мамабике адамның Қайғысы мен Мұңы, Күдігі мен Үрейі, Өзімшілдігі мен Менмендігі болды. Ал, Қодар мен Қарабай адамның Қатігездігі мен Қулығы, Жауыздығы мен Арсыздығы болып қалды. Қодар өзінің суымен (зұлымдық) жылқыларды (Әлем, Кеңістік, Адамның жаны) суарды. Содан бері Әлем ашулы. Зұлымдық пен Сұрқиялық сонда өмір сүреді. Егер де адам жүрегін Мамабике жеңіп алса, онда адамды Қайғы мен Мұң, Жалғыздық басады. Егер де адам жүрегін Қозы мен Баян жеңсе, жер бетінде Бейбітшілік пен Береке, Махаббат пен Мереке салтанат құрып, өмірдің Мәні болмақ. Ал, егер адам жүрегін Қодар мен Қарабай жеңсе, онда жерге мыңдаған бақытсыздық, өкініш пен қырсық қаптайды, өмірдің мәні болмайды және сан жеткісіз бақытсыздық пен соғыстар сонда өмір сүретін болады.

(жалғасы бар)

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.