08-08-18 |
5230 рет қаралған
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы).
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы)

Жазушы, мәдениеттенушы, сценарист, күйші Таласбек Әсемқұловтың «Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» атты мақаласын жалғасты жариялап отырмыз. Материалдың басын мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз: arasha.kzarasha.kz

Дуализмнің шүбәсіздігі мен мәңгілігі. Осы мәңгілік күрестің залалсыз болмасы және шүбәсіз. Оның салдары тұлғаның сарыуайымға салынып, құсаға батып, жігері мұқалуына, рухани азып, құлдырауына әкеп соғады. Олай болса, адам (адамзат) өзінің екідай табиғатының кесірінен әлдеқашан құрдымға кетіп, құрып тынуы керек еді ғой. Сонда оған рухани күйзелістің құрсауынан құтылуға септесетін не?

Дуализм (екіжақтылық) − мәңгі.

Адамға тән табиғи тұнық сезімдер – Ерік (Еркіндік) пен Махаббат арамдық пен мерездік, настық пен мекерлік атаулыны сырып тастап, әсем әрі мәңгілікті орнықтырады, сонысымен тарихты ілгерілетеді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосы дуализмнің шүбәсіз, мәңгілігін түйсінуден туатын ауыр күйзеліспен аяқталады[1].

***

«Алпамыс» терең эпикалық туынды болғандықтан, адам рухының қайта түлеп, қайраттанып, бекіне алғандығының арқасында құлазудан, құсадан арылып, жеңіс пен жасампаз әрекет жолына түсетіндігін символды түрде суреттейді. Бұл орайда, «Алпамыс» «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»-ға арқау болған тақырыпты ары қарай өрбітеді.

Келесі эпостарда өрістейтін оқиғалар адам жанында махаббат, ерік, ерлік пен батылдықтың қалай жаңғыратынын символды түрде таратып, түсіндіреді.

«Алпамыс» эпосының әлқиссасы дәстүрлі. Ол – баласыз ата-ана, солардың мұң-наласы. Болашақ батырдың әкесі Байбөрінің қисапсыз малы адам жанын кейіптейтінін білеміз. Жан берілді. Енді сол жанға иелік етуге лайық күшті таңдап, табу керек.

Аналық пен Байбөрі қара күңнің Байбөрінің ағасы Құлтайдан көтерген баласы Ұлтанды асырап алады. Бірақ, Ұлтан қатыгез болып, өгей әке-шешесіне жәбір көрсете бастайды. Бұл жерде сөз жанның рухани жаңғыруының қиындығы турасында болып отыр. Ауыр жан азабы, рухани сілкіністен кейін сыртқы дүниемен бетпе-бет келгендегі адам психикасының алғашқы күйі кекесін, сенімсіздік, қастерлі ақиқаттарды тәрк ету, қорланып, қасіреттену, өлім тілеумен сипатталады. Міне, Ұлтан осыларды кейіптейді. Байбөрінің сан жетпес жылқысын, яғни, адам бойына еніп, оның жаны болмақ кеңістік пен әлемге кім иелік етуі тиіс?

Ұлтан бейнесіндегі Зұлымдық па? Әлде Махаббат пен Ерік пе? Әлбетте, Махаббат пен Ерік! Сөйтіп, өздерін қорғап, зорлықшыл Ұлтанды тәубесіне келтірер бір перзенттің зары өткен Аналық пен Байбөрі Бас Тәңірдің Дәргейіне жол тартады (Аналық пен Байбөрі − өздерінің Бас Тәңірі Баба Түкті Шашты Әзізден Махаббат пен Ерікті, Ерлік пен Батылдықты еншілеп алып, оларды Түнек билігімен күресу үшін Әлемге тарту еткен тәңіриелер).

Алайда, Бас Тәңір Аналық пен Байбөрінің көз жасына имейді. Бұл екі себеппен түсіндіріледі: біріншіден, әлем мен кеңістікке өз түбіне өзі жетіп (яғни, қажыған, құлазыған адамның жарқын сезімдері сарқылып), жойылып кету лағнеті төнген, екіншіден, бұдан келіп «бәрі бос әурешілік», «бәрі бекер» деген түйсік туындайды, ал, бұндай түйсік, бұндай түңіліс дәйім рухани жаңғыруға кедергі келтіреді.

Әйткенмен, өмірге құштарлық көңілдегі күдік, үрей атаулыдан басым болып шығады. Аналық пен Байбөрі жақтары сембей, сол тілек, сол сөзден танбайды. Ақыры, Баба Түкті Шашты Әзіздің мейірі түседі. Ол сарғайып таң атып қалған шақта ақ сақалды, ақ сәлделі қарт бейнесінде келіп, аян береді.

Бұл жерде қазақ мәдениетінің исламдануы барысында эпостың өзгеріске ұшырауын талдап жату орынсыз деп білеміз. Тек Бас Тәңірдің қатардағы қожа кейпіне түсіп, өзге жұртпен бірге Жаратқаннан перзент тілейтінін ғана айтып өтейік. Әу баста Шашты Әзіз қолындағы асатаяғын тигізіп әйелге бала бітіреді.

Асатаяқ – бәзбір музыкатанушылардың жаңылыс айтып жүргеніндей, музыкалық аспап емес, соңыра патшаның асасына айналған жарату, реттеу, жөнге келтіру таяғы. Ол өмір, махаббат, бақ дарытады. Баласыз әйелге асатаяқты тигізсе болды, құрсақ көтереді. Ал, перзент, ұрпақ рухани жаңғыруды тұспалдайды.

Бала берілді, бірақ, жалғыз емес. Алпамыстың (Шашты Әзіз болашақ тәңіриені осылай атауды аманаттайды) қарындасы болады. Бұл жерде кейіпкердің рухани күйзеліске ұшырауы мүмкін екендігі алдын-ала ескертіліп тұр, өйткені, қарындас я ана – айтып өткеніміздей, − адам болмысына қатысы бар барша құбылыстардың бейнесі. Осы тұста және Алпамыстың қалмақтармен мәңгі жауласып өтетіні айтылады. Жоңғар хандығымен санғасырлық соғыс салдарынан пайда болған осы мазмұндық қатпарды алып тастасақ, сол баяғы дуализмді көреміз. Шашты Әзіз ғайып болған соң, бойына бала біткенін сезген Аналық тамақ талғап, жерігі басылмай, Байбөріге: «Ер едің, Ерім, сенен тілегім: Тойғанымша жер едім, Тауып берсең қабыланды!.. Тәтті мен дәмді жүрегіме батпайды… » дейді.

Қабылан – әсем әрі мәңгіліктің символы. Ал, «тәтті мен дәмді» − жалғандықтың сакральді (киелі) бейнесі. Аналық әсем әрі мәңгілікті таңдап, оны құрсағындағы бүр жарып келе жатқан Махаббат пен Ерік, Ерлік пен Батылдықпен ұштастырады, яғни, әсем әрі мәңгілікке бөлеп, оларды да әсем әрі мәңгілік етеді. Елге келгеннен кейін Аналық босанады да, Түнек пен Уайымның қаһарлы жауы − Ұлы тәңірие Алпамыс дүниеге келеді. Байбөрі ас та төк той қылады. Үш жыл өткен соң Аналық ай мен күндей сұлу қыз – Қарлығашты туады.

(жалғасы бар)

[1] Аударма нұсқада беріліп отырған бұл мақаланы автор кезінде орыс тілінде жазған, ал кейінірек қазақ тілінде жазылған «Көне қазақ романының эстетикасы» атты мақалада осы тақырып, соның ішінде осы жыр толығырақ, жан-жақты талданады, аталмыш мақаланы оқырман әдебиет пен музыкаға арналған томнан оқи алады. – Құраст.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.