10-08-18 |
9560 рет қаралған
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы).
Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі (жалғасы)

Жазушы, мәдениеттенушы, сценарист, күйші Таласбек Әсемқұловтың «Қазақ эпосы: Адам рухының дүниенің бастапқы мәнін іздеуі» атты мақаласын жалғасты жариялап отырмыз. Материалдың басын мына сілтемеге өтіп, оқи аласыз: arasha.kzarasha.kzarasha.kz

Осыдан кейін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы оқиғалармен сарындас өткен кезең оқиғалары баяндалатын шағын шегініс жасалады. Онда Шекті деген елдің Сарыбай деген байы Байбөрімен дос болып, екеуінің «Қозы Көрпеш − Баян сұлу»-дағы Қарабай мен Сарыбай сияқты, серттескені айтылады. Рулық мағлұматты ысырып қойып, негізгі дерек – антты алайық. Сарыбайдың әйелі қыз туады да, ол ойлана келе сөзінен айнып, серттен тайып, елімен тегіс ауып кетеді (артынан ерген інісі болмағандықтан, қызын Алпамысқа бергісі келмейді, Алпамыс жазатайым өліп кетсе, қызының әмеңгерлікпен күңнен туған Ұлтан құлға қор болғанын қаламайды).

Бұл кезде Алпамыс ержетіп, бойына сыймай, бұлықсыған күшін тежей алмай, ойнап жүріп, құрбыларын өлтіріп қоя береді. Бұл − асып-тасқан қуаныш, кемерінен төгілген шаттық бейнесі (жаңғырған жаңа сезім күшті әрі соқыр келеді, соқырлығы кейде өзімшілдікке дейін жетіп жатады). Осы кезде Алпамыстың жолында кемпір кездеседі де (тағы да кемпір), оған сүйгені Гүлбаршын жайын естіртеді: «Күшің болса, барсаңшы, Жесіріңді алсаңшы! Намысыңды ойламай, Қай жерден күлкің келеді?!». Кемпір – сол баяғы Шындық тәңіриесі, оның бейнесін «Қозы Көрпеш − Баян сұлу»-да кездестіреміз. Ал, Шындық тәңіриесі атайтын Гүлбаршын – Баянға үйлес күрделі бейне. Ол – мәннің, сол мәнді пайымдаушылық, зерделеушіліктің, мақсаттың, адал, тура жолдың сакральді бейнесі.

Алпамыс ауылына, үйіне тартады. Қырық кез бозат сандықтың аузын жұдырықпен бір ұрып ашады, саймандарын сайланып, алтыннан кемер байланып, жылқыға қарай жөнеледі. Біреуін ерттеп мінейін деп, ешбірін ұстай алмай көңілі торығып тұрғанда, «Ошақтай бар жауыры, Тартылып қалған бауыры, Жал-құйрықтан дымы жоқ, Шабатұғын күйі жоқ, Заты арық демесең, Сұлулықтан міні жоқ, Құнан тісін тастаған Шұбар дөнен» жолығады (еуропалық, дәлірек айтқанда, роман халықтарының мифологиясында ат, айталық, Пегас (қанатты тұлпар, пырақ), – тек поэзияның пірі я кейіптеуі болса, мұнда жалпы Ақыл мен Дарынның кейіптелуін көреміз). Жануар басқалардан бойын жасырып, өзінің шын иесі Алпамысты күтіп жүрген еді. Алпамыс оны бірден тани қоймайды. Жүгенімен басқа ұрады, бірақ, жануар оны елемей, қарсы алдына кеп тұрады. Ашуланған Алпамыс оны құйрықтан алып лақтырады. Ат қайтып келеді (Ақылдың адалдығы, қайыспас қажырлылығының сакральді бейнесі). Сол кезде Алпамыс оны ақылмен танып, үстіне ер салады. Лақса ат лезде көз сүйінген тұлпарға айналады. Ұшқан құспен жарысып, бір айлық жерді бір күнде алатын ұшқыр болады.

Сөйтіп, Алпамыс жолға шығады. Жолы ұзақ еді (өмірдің мәнін іздеу қашанда қиын болған). Он екі күн ұдайымен жүріп, он екі айлық жер шалған ол, діттеген жеріне жетеді. Бет алдынан жер қайысқан қол көрінеді, аяғының астында тақтай тастың бетіне жазылған хат жатады. Қалмақ қолы мен қалмақ батыры Қараманның бейнесі Жоңғар хандығымен көпғасырлық күрестің салдарынан туындаған уақытша қатпар. Қараман батыр – киелі мәнінен айрылған зорлық-зомбылық тәңіриесі. Ал, тастағы хат мәңгі, адал Жадының сакральді бейнесі (қалмақ тілі түркітектес тіл емес. Онда бұндай жалқы есім болуы мүмкін емес. «Қараман» − таза түркілік түбір. «Қара» − зұлым, мейірімсіз, «ман» − адам). Қараман мен Алпамыс айқасады. Қараман қолындағы күрзімен Алпамыстың басынан салып өткенде, ондай соққыдан, эпоста айтылғандай, «Құлар еді шапқанда Қойқаптың тауы, тасы да» (Қойқап – мифтік тау). Алпамыс еліне қайта қашады. Бұл жерде біз мифологияны туғызған бақсының адам психикасын тану барысында ашқан ұлы жаңалықтарының бірін көреміз. Алпамыс – Ерлік, Ерік, Махаббат, яғни, адамдық мәнге (Гүлбаршын бейнесіндегі мәнге) ұмтылатын адамның жаратылысы, табиғаты, табиғи болмысы болса, Қараман бейнесіндегі зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келгенде, адам болмысы өз-өзінен тұйықтанып, іштей тығылып қалады (Қараман – сыртқы дүниенің қиянат, озбырлығы емес, қайта адам психикасына тән зорлықшылдық. Алпамыстың жолы – мәнге жету жолы, рухани кемелдену жолы болса, Қараман – адамның өз бойындағы зорлықшыл, қиянатшыл пиғылы, зорлық, қиянат жасауға ұмтылысы және ол оны өзі жеңуі тиіс).

Алпамыстың еліне қашқанындай, адам психикасы өзінің «Мен»-іне қашады. Басқаша айтқанда, Алпамыстың қашуы – өз ішіне үңілген адамның терең ойға шомуы, толғануы. Ал, Қараман батыр Алпамысты қуғанда атын жеңілдетіп, үстіндегі «жарағын» жерге тастайды да, қарусыз қалған соң, Алпамыстың қолынан қаза табады, яғни, биік мағынасынан айырылып, жеңіліске ұшырайды. Бұның мәнісі былай: адам өз тереңіне бойлап, өз-өзін барлап, өз ісін бағамдағанда, адамның дәл өзіне (басқаға емес) тән зұлымдық пен зорлық-зомбылық, Қараманның жау жарағынан айырылғанындай, мән-мағынадан айырылады. Алпамыстың бір кезде Қараманды жеңіп, өлтіргені тәрізді, адамның «мен»-і, таза болмысы зұлымдық пен зорлық-зомбылықты күшінен айырып, жеңеді.

Қараманды жеңгеннен кейін Алпамыс Гүлбаршынды әйелдікке алады (Ерік, Ерлік пен Батылдық Гүлбаршын бейнесінде мәнге ие болады) да, еліне оралады. Бұнда оны жаңа сынақ күтіп тұрады. Тайшық хан бұл жоқта Байбөрінің қисапсыз малын айдап әкетіпті. Сөйтіп, Алпамыстың алдынан шыққан Байбөрі, ашуға булығып тұрып, оған былай дейді: «Тумай кеткір Алпамыс, Тұр, көрінбе көзіме!.. Қалмақтан кегімді ал». Енді Алпамыс Тайшықтың патшалығына аттанады. Жылқы табындары – адам бойына еніп, оның жаны болмақ әлем мен кеңістік десек, Алпамыс пен Тайшық ханның күресі − адам жаны үшін күрес. Ізгілік мен Зұлымдық әлемге, адам жанына иелік ету үшін тартысады (Тайшық хан – соңыра әзәзілдің бейнесіне азатын ашкөз обырлық, айлакерлік, қатігездіктің кейіптеуі).

Тайшық хан ел-жұртын жинап алып, былай дейді: «Е, жарандар, түсімде… Құрсаулы қара нар келіп, Қарсы қарап шабынды… Басымдағы тәж, дәулет Жерге барып төгілді… Қаланың аузын қан қылды, Қақпаның аузын шаң қылды, Айдарлымды құл қылды, Тұлымдымды тұл қылды, Солқылдаған мырзамды Табанға салып жүн қылды». Халқы оны жұбатып: «Түс − түлкінің боғы. Қорықпаңыз, ешнәрсе етпейді» дейді. Бірақ, Тайшық өзінікін айтып болмайды. Сол кезде бір мыстан кемпір келеді де, Алпамысты байлап әкеліп, аяғының астына салып беруге уәде етеді. Бірақ, сол қызметі үшін ханнан қызын өзінің таз баласына беруін талап етеді. Тайшық қызын беретін болып, уәде жасайды. Сонда кемпір қырық отау, қырық шөлмек арақ алады, ханның қызы Қаракөзді бас қылып қырық қыз алады. Қырық отауды Алпамыстың келетін жолына тіктіріп, тосып жатады. Тайшық ханмен тіл табысуынан мыстан кемпірдің сакральдігінен айрылған азғырынды, еліктіру, арбау тәңіриесі екенін көреміз.

Сор айдап, асығып келе жатқан Алпамыс мыстан кемпірге келіп жолығады. Кемпір көзінің жасын бұлап тұрып, қырық ұлының Тайшық ханның қолынан өлгенін айтады. Ат шалдырып, қырық келінінің жанында тынығуға көндіреді. Алпамыс оны мінгестірмек болады, бірақ, Байшұбар аты кемпірді қос аяқтап тебеді, кемпір ұзынынан сұлап, есінен танып қалады. Бұл суық, сергек Ақыл мен Азғырындының арасындағы күрес көріністерінің бірі (Азғырынды Ақылға мінуге, дегенін істетуге ұмтылады). Есін жиған кемпір Алпамысты асау аттың басын кесіп тастауға үгіттейді. Алпамыс қылышын суырып, шабады, бірақ, қылыш тайып кетіп, қара жерді қабады. Кемпір жаяу бүкеңдейді. Міне, Алпамыс ордада жатыр. Ол қырық «келіннің» қолынан қырық шиша арақ ішеді де, қалың ұйқы жеңіп, құлайды. Уақытша Айлакерлік салтанат құрды. Қаруы мен абыройынан айрылған Алпамыс жау ортасында жалғыз қалды. Олар оны өлтірмек болады, бірақ, Алпамыс отқа салса − жанбайды, суға салса − батпайды, атса − мылтық өтпейді, шапса − қылыш кеспейді (шешесі Аналықтың қабыланның етін жеп, тояты қанғанын еске алыңыз). Өлмеген соң, оны қазулы түпсіз терең орға тастайды. Уақыт өтеді, есін жиған ол өзінің масқара болғанын біледі. Бұл кезде оның атын шынжырлап, ноқталап тастаған еді. Осы арада ханның қызы Қаракөз күйеуге армансыз кетуді ойлап, емін-еркін дәурен сүрмек болып, әкесінен жүз серке мен қырық қыз нөкер сұрап алады да, тауға кетіп қалады. Шынтуайтында, ол Алпамыс жатқан орды іздейді. Қаракөз бейнесінің сакральді мәні бізге эпостың ақтық көріністерінде ашылуы тиіс. Әйтсе де, біз, алға озыңқырап, оның өткіншілік, желік, албырттық, қызбалық, ойсыз-ессіздік атаулының кейіптеуі екенін айтайық. Неліктен беймәлім миф авторлары ессіздікті абыройсыздық пен жауыздықпен ынтымақты етіп қойған (Қаракөз Тайшық ханның қызы ғой)? Сірә, олар ессіздікті абыройсыздыққа әкелетін табалдырық санаса керек.

Жеті жыл бойы Қаракөз сиқырлы орды іздеумен болады. Оны Кейқуат дейтін бақташы бағатын көп серкенің бірі табады. Эпоста ойнақтаған серкенің зынданның аузын талқандап, тұяғымен қақпақтың тиегін тайдырып жіберіп, орға құлап, тура Алпамыстың қолына түскені айтылады. Кейқуат Алпамысқа айқай салады: «Ей, Алпамыс, қайдасың, серкем түсіп кетті, шығарып бер, Қаракөзім маған ұрсар». Алпамыс оған: «Сен маған серкеңнің күніге біреуін беріп, мені бағып-қақ, егер де ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін» дейді. Сонда Кейқуат ашуланып: «Жеті қабат жердің астында жатып, мақсатқа жеткіземін дейсің, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын» − деп, бір диірмен тасты дөңгелетіп әкеліп, үстіне тастап жібереді. Алпамыс тасты қағып алады да, салмақтап тұрып қайтып лақтырып жібереді. Тас Кейқуаттың басынан асып кетеді. Зәресі ұшқан ол Алпамыстың айтқанын қылады. Бұндағы сөз − сенімге айналатын сенімсіздік турасында. Кейқуат (Сенімсіздік) Алпамысты (Ерікті) тапап тастағысы келгенде, Алпамыс тайталасады (ордан тас лақтыру ерік танытуды білдіреді), күшімен Сенімсіздікке әсер етіп, еліктіріп, оны Үміт пен Сенімге айналдырады.

Алпамыс серкенің бәрін тауысқан соң, Кейқуат оған: «Ей, Алпамыс, серке таусылды, не қыламын?» − деді. Сонда Алпамыс: «Мынау серкелердің мүйізі, қабырға сүйегінен сырнай істеп қойдым, соны қыздардың жолына барып тарт, сені ұстап алып, кім қылды деп сұрар, айтып қойма. Бірақ ханның қызы Қаракөзайымға сездір» − дейді.

Кейқуаттан ғашығының жайын естіп-білген Қаракөз, оны (Кейқуатты) арқасына мінгізіп алып, жүгіріп кетеді. Еріктің Азғырындыдан жеңіліс тауып орға жығылғанын еске алсақ, түпсіз ор ұяттың, қара бет болғанын түйсінудің кейіптеуі екенін байыптау қиын емес. Қаракөздің көзден таса орды таба алмайтын, тапса да, Алпамысты шығара алмайтын себебі − ессіздікке ұят сезімі тән емес, жат. Тек батырдың Байшұбар атының бейнесіндегі Ақыл ғана Ерікті ұят тереңінен алып шыға алмақ. Ордың басына келіп, Қаракөзайым: «Алпамыс, бармысың?.. Енді… сені қандай ғып шығарып аламын?» − дегенде, Алпамыс: «Сен мені шығарып ала алмайсың, Шұбар атым қайда? Сол шығарады», − деп жауап береді. Қаракөз айтады: «Атың жеті қабат темір үйде. Сыртынан қанша адам бағады». Алпамыс оған камзолын беріп: «Мына бір қамзолыма… терім исі сіңіп кетті, осыны ішіңнен ки, шашыңды түй, әкеңнің аула-жайын аралап, диуана болып жүр», − дейді.

Қаракөз қамзолды киіп алып, әкесінің ордасына барады. Иесінің исін сезген Шұбар ат темір үйді талқан қылып, оқыранып шауып келеді де, диуананың қойнына тұмсығын тығып, тұра береді. Айран-асыр болған Тайшық хан: «Сен Алпамыстың өзімісің, болмаса, көзімісің?» − деп сұрайды. Диуана айтады: «Алпамыс менен он есе үлкен емес пе?» Сонда патша одан «Байшұбарды маған үйретіп берші!» − деп өтінеді (Зұлымдық пен Сұрқиялық Ақылды жаулауға (ырқына көндіруге) ұмтылады). Диуана уәде береді де, Алпамысқа қарай ағыза жөнеледі.

(жалғасы бар)

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.