25-09-20 |
3570 рет қаралған
Қайта жаңғырған «Ер Қармыс» жыры.
Қайта жаңғырған «Ер Қармыс» жыры

Алматы қаласында жорық жыршысы Қалнияз жыраудың «Ер Қармыс» дастаны жеке кітап болып жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесер рәсімі С. Демирел атындағы колледж-лицейінде өтті.

Ашық аспан астында өткен тұсаукесер рәсіміне құрметті қонақтар, жергілікті әкімдік өкілдері мен оқушылар қатысты.

Қалнияз Шопықұлы қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Сам мекені аймағында дүниеге келген. Оның жырлары халық тағдыры, елді, жерді қорғап, сақтау сияқты өз дәуірінің көкейкесті мәселесіне арналған. Сондай жырларының бірі – «Ер Қармыс» жыры. Бір қуанарлығы, аталмыш жыр бұған дейін түрлі жинақтарға енгенімен алғаш рет жеке дара кітап етінде басылып шығыпты. Дастан «SABU Productions» орталығының бастамасымен оқырмандарға жол тартып отыр. Күллі оқырманға арналған туындыда Ер Қармыс батырдың ерлігі, халқымыздың ұлт болып қалыптасу жолындағы тарихи сәттері мен жаужүрек ерлердің отан алдындағы жанқиярлық кездері жан-жақты баяндалады. «SABU Productions» жетекшісі Сандуғаш Тағабергенованың айтуынша, дастанды жас оқырманның санасына шақтап, көркем суреттермен безендіру басты бағдар етінде ұсталыпты. Ол өз сөзінде: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұрынғы тарихиымыздан сыр шертетін дастанды қазіргі жастарға лайықты етілген. Ер Қармыс батыр тарихта болған адам, ол жайында көптеген жыр жазылған және оның сүйегі Маңғыстау жерінде. Эпостар бізге ауызша жеткендіктен, бұл дастанның бірнеше түрі бар екен. Алайда біз оның түпнұсқасын таба білдік. Кітапты шығармас бұрын оны екі жылдай зерттедік. Сонда маңғыстаулық қаламгер Светқали Нұржан осы нұсқаның өзгеріске ұшырамай жеткенін айтты», – дейді. Ал, кітаптың жарық көруіне «БанкЦентрКредит» АҚ демеушілік жасапты. Банктің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Владимиров «бұл кітап балалардың намысты болып өсуіне септігін тигізеді» деген ойын айта тұрып көпшіліктің алдында: «Ер Қармыс» – батырлық пен адалдық туралы дастан. Оны оқыған балалардың патриоттық сезімі артып, намысты болып өседі деген үміттемін. Алдағы уақытта балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын дүниелерді көптеп шығарсақ деген ойымыз бар, – деп, кітаптың жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.

«Ер Қармыс» кітабы 10 мың данамен таралып отыр. Батыр бабамыздың тұлғалық келбетін аша түсу мақсатында түрлі ізденістер жасалған. Кітапты парақтай отырып шараны ұйымдастырушылардың еңбегі текке кетпегенін түйсінесің. Бірақ, Сандуғаш Тағабергенова оны ұйымдастыру, бір ізге түсіру оңайға түспегенін жеткізді. Сол себепті ол: «Дастан болғандықтан ондағы батырлардың тұлғасын аша білу керек болды. Олар қандай киім кигені, тіптен қандай қару ұстағанына дейін білікті мамандармен ақылдаса отырып суреттерін салдық. Суреттер 3D форматта, балаларды тартатындай қанық түспен салынды. Қазір біз осы дастан желісі бойынша қысқа метражды мультфильмді де түсіре бастадық. Яғни кітаппен қоса дискіде оның мультфильмі қатар жүретін болады. Мұның барлығы жас өрендерімізге өз тарихиымызды, өз құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, сіңіру үшін қажет», – дейді. Түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітап әсіресе балалар үшін өте қызғылықты деп айтуға болады. Себебі, дастандағы түрлі оқиға желілері әдемі суреттермен шебер астастырылған. Бұл бағытта тер төккен суретші Қуаныш Рахимовтың айтуынша, суретті салмас бұрын алдымен жырды толық оқып, оны жете түсіну қажет керек екен. Сондықтан іске кіріспес алдында дастанды жата жастанып оқыған ол: «Кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Суреттердің кейбір тұсын жазушы, тарихшылармен ақылдаса отырып салдым. Бастысы батырдың келбетін, тұлғасын бере білуім керек болды. Кітапты оқу барысында ата-әжелеріміз айтып отыратын батырлар жайындағы аңыз, әңгімелер еске түсті. Суреттерді салуға 5-6 айдай уақыт кетті», – деп шығармашылық барысымен бөлісті.

Кітаптың таныстырылымы барысында оқушыларға «БанкЦентрКредит» АҚ  атынан арнайы сыйлықтар мен «Ер Қармыс» кітабы тарту етілді. Ал, тұсаукесерде көсіліп сөз сөйлеген арқалы ақын Светқали Нұржан жиналғандарға «Ер Қармыс» дастаны жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, арғы-бергі тарихтан қозғап, жырдың құндылығы жөнінде тамаша деректер келтірді. Қаламгер әңгіме арасында: «Ер Қармыс Бекболатұлы 18 ғасырдағы алмағайып заманда өмір сүрген. Менің есебімде 1720 жылдары өмірге келген. Ол кісі ер жеткенде біздің ел Жем бойынан Маңғыстауға еңкейген кезі екен. Сол кезде Ресей империясы тамырын кеңге жайып, оңтүстікке қарай өтпек болып әрекет жасап жатқан. Мына жақта Хиуаға қараған түрікпендер бар. Міне, осының арасында қиян-кескі шайқастар болды. Сондай шайқастың бірі осы жырда Ыстыбай Сары деп аталады. Дастанда оның 75 жасында жаумен айқасқаны айтылады. Батыр қартайып үйде жатқанда шайқаста өлсем деп тілеген. Кейін жау шапты дегенде қолына найзасын алып жауға ұмтылған», – деп, шынайы тарихи деректерді тізбеледі.

Бір сөзбен айтқанда, ұлттың ұлылығы, бабалардың ерлігі туралы әңгіме қозғалатын «Ер Қармыс» жырының қайта жаңғырып, қайта түлеуі, оқырманның санасына лайықталып көркем безендірілуі ел руханиятындағы елеулі оқиға. Өйткені, өткенімізді елеп, соны жас ұрпаққа паш еткенімізде ғана іргелі елге айналамыз. Мұндай ойды кітаптың тұсаукесеріне жиналған барша қауым құптады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.