10-08-21 |
1110 рет қаралған
Болары болды. Спортшыларды езе бермеңіздер- Артаев.
Болары болды. Спортшыларды езе бермеңіздер- Артаев

2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері, Қазақстанның бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Qazsport арнасына сұхбат беріп, Олимпиададағы қазақстандық боксшылардың не себепті алтын алмағанын түсіндіріп берді.

 

“Біздің бокста, дәл бокста 19 миллион бапкер бар. Қайда барсаң да, көшеде кетіп бара жатсаң да, бір жерде отырсаң да барлығы маман. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін ақыл айтады. Қалай істеу керек, не істеу керектігін. Әрине, мен бәрімен келісемін. Бәріміз алтын күттік. Болары болды. Енді халықтан сұрайтыным төреші болмай, балаларды сынға алмай, онсыз да сағы сынып тұрған оларды жұбатудың орнына одан сайын төменге түсірмесеңіздер екен. Жазып жатырсыздар, айтып жатырсыздар. Сөз сүйектен өтеді. Одан қарағанда сабап алса, жеңілдеу болады. Ер азамат оны көтереді. Өйткені әрқайсысы жазып жатыр: ананы алып бару керек еді, мынаны алып бару керек еді деп. Кешіріңіздер, бірақ 2020 жылы балалар жолдама алып қойған. Ешкімді өзгерте алмаймыз”, – дейді Олимпиада чемпионы. 

Бақтияр Артаев құрамада жүрген боксшыларды бауырындай көретінін айтады. Алда біраз жарыс барын, сол жерде спортшылардың намысты қолдан бермейтіндерін жеткізді.

Олардың намыстары өте жоғары. Елі мен жері үшін бәріне дайын. Онсызда кіргенге тесік таппай жүргенде одан сайын мыжып, езудің қажеті жоқ. Бізде әлі әлем біріншілігі болады. Сол жерде біз көрсетеміз, қандай мемлекеттік держава екенімізді. Олимпиада, өкінішке қарай, екі қоламен аяқталды. Ал қараңызшы, 2008-дегі Пекин Олимпиадасында кубалықтарда алтын болмады, ал өзбектер Риода ғана сенсация жасады. Оның алдында мүлде алтын болмаған. Бұрынғыдай емес, бокс бүкіл әлемде өте қатты дамып кетті. Бұрынғы осал мемлекеттің бәрі бізбен тең дәрежеде өнер көрсетеді”, – дейді ол. 

Сондай-ақ боксшы қазіргі әріптестерінің пікіріне наразы екенін, ешқашан біреуді сыртынан сөгуге болмайтынын айтып ренжіді.

“Қазір барлық жерде әріптестерім Олимпиада туралы пікір білдіріп жатыр. Мен наразы болдым. Ешқашан біреуді біреу сөгуге болмайды. Біздің кездегімен салыстарғанда қазір бокс өте қатты өсіп кеткен. Одан кейін техникалары дұрыс емес деп айтады. Кешіріңдер, техникалары орнында. Кеше ғана Бекзат әлем біріншілігінде чемпион болғанда оны қолдап “айналайын Бекзаттың жолын берсін” деп баталарын беріп жатыр еді ғой. Енді кеше Бекзат Олимпиадада ұтылып қалып еді, барлығы жерден алып жерге салып жатыр. Олай істеуге ешқашан болмайды. Өйткені бұл азаматтар үнемі бір орында тұра бермейді. Робот емес қой. Барлығы мықты болып ақыл айтып жатыр. Ертең келіңдерші құрамаға, бір жыл уақыт берейік. Екі алтын алған Тұрсынғали Еділовті мысалға алып жатыр. Жарайды Тұрсынғали Еділовті, Бақыт Сәрсекбаевты, Ермахан Ибраемовты алып келейік. Бірақ, мен айтайын, олар бір жылдың ішінде ештеңе істей алмайды. Құры сөз болып қалады. Сондықтан мамандардың орнында қалғаны дұрыс”, – дейді Артаев. 

Бұнымен қоса, жаттықтырушы Олимпиадада қазақстандық тарапқа қысымшылық жасалғанын, әділетсіз баға берілгенін мәлімдеді.

“Осы Олимпиадада біздің тарапқа қысымшылық болды. Біз өзбектермен, Ресеймен, Кубамен алысып жүргенде бразиялиялықтар, аргентиналықтар,американдықтар шығып кетті. Ұлттық Олимпиада комитеті атынан осы жарысты ұйымдастыруға төреші ретінде американдық  Дэвид Ларада деген азаматты қойған. Бұл азамат 2016 жылы да болған, сол кезде Левитке қарсы қастандық жасалды. Дэвид Ларада – басты себеп болып тұр. Екіншіден тағы бір американдық Ангел Вериворял деген азамат бар. Ол төрешілердің жұмысын үйлестіруші. Техникалық делегат Уэн Роус автралиялық. Закир Сафиуллинің жекпе-жегінің сәтсіздікке ұшырауына себепкер. Осының бәрін біз сараптап жатырмыз.  Келесі Олимпиадада спортшылардың дайындығын 10 есе, 20 есе арттыру керек. Ешкімге сенбеуіміз керек”, – дейді ол. 

Айта кетсек, Токио Олимпиадасы Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже көрсеткен байрақты бәсеке болды. 1996 жылдан бері қазақ спортшылары жазғы олимпиададан кем дегенде бір алтын медальсыз қайтпаған.

Қазақстан құрамасы үшін ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарында 8 қола медаль алды. 

Олар:

Дзюдо – Елдос Сметов 
Ауыр атлетика – Игорь Сон және Зульфия Чиншанло
Бокс – Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов
Еркін күрес – Нұрислам Санаев
Каратэ – Дархан Асаділов
Каратэ – Софья Берульцева

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.