06-10-21 |
1430 рет қаралған
Әкім сыйлаған үйден қуылған Олимпиада чемпионы кімге ренжіп жүр?.
Әкім сыйлаған үйден қуылған Олимпиада чемпионы кімге ренжіп жүр?

2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы қызылордалық Диас Бахраддин төлемақыдан айырылып, пәтерден қуылды.  Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазды. 

2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында 16 жастағы Диас Бахраддин байдарка және каноэде есуден алтыннан алқа тағынды. Елге оралған соң Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тартқан. Сонымен қатар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Диастың ерен еңбегін бағалап, 140 мың теңге көлемінде ай сайынғы төлемақы тағайындайды. Арада бірер жыл өте салысымен спортшы берілген пәтерден, артынша төлемақыдан айырылды. 

Диас Бахраддиннің айтуынша, намазға бет бұра бастаған сәттен спорттан шеттетілген.  

«2018 жылы Олимпиададан олжалы оралғаннан соң Әбу Ханифа мазхабын ұстанып, бес уақыт намазға жығылдым. Намазды оқыған сәттен бастап жеке бапкерім Диана Хазиевамен қарым-қатынасымыз нашарлай бастады. Намаз оқығаным үшін жаттығудан шеттетті. Өйткені жаттықтырушылар жарыс алдында шошқа етін ұсынатын. Еуропаға жарысқа бара қалсақ, асхана тауық және шошқа етінен тағамдар әзірлейді. Бапкерлер калориясы аз деп тауық етін жеуге рұқсат бермейтін. Мұндай келеңсіздіктерге жол бермедім. Сондықтан жеке жаттықтырушым «спортты немесе намазды таңда» деп шектеу қойды», – дейді 19 жастағы спортшы

«2020 жыл мен үшін оңай болмады. Бапкерлерім жаттығу мен жарыстардан айырды. Бұл бір Алланың сынағы шығар деп жүрдім. Содан жылдың басында тағайындалған жалақы тоқтатылды. Бірер ай өткеннен кейін сыйға тартқан үйді босатуға тура келді. Ережеге сәйкес үйді үш жағдайда босатады. Біріншісі, допинг дауына іліксе, екіншіден, облыстан басқа өңірге көшсе, үшіншіден, басқа елге қоныс аударса. Бұл қағидалар менің мансабымда бұзылмады», – дейді Диас.

Ал сәуір айынан бастап спорт басқармасына қарасты Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резерв колледжінен оқудан шығарылған.  

«Осылайша Олимпиада алтыны көк тиынға татымады. Шыны керек, әкем өмірден өткеннен кейін үйдің тірегіне айналдым. Мен үйдің асыраушысымын. Бұл қиындықтар да артта қалады. Бастысы, жігеріме құм құйылмаса деймін. Спорттағы осындай лас дүниелер кейде қынжылтады», – дейді ол.

Спортшы жағдай түзелмесе, отбасымен бірге басқа елге қоныс аудармақ.

«Отбасыммен бірге қоныс аударуға шешім қабылдауға ниеттімін. Қоныс аударған жеріме барып, байдарка және каное спортын дамытсам деймін. Бұдан басқа амалым жоқ. Мені өзімнің Қазақстаным қажет етпей отыр, демек күнкөріс үшін кісі еліне кетуге тура келеді. Өмір деген үлкен мектеп екен, жас болсам да өз көзқарасым бар, бар мен жоқты ажыратып, әділдік пен әлсіздіктің айырмасын айқындай аламын. Мен ешкімге де реніш айтпаймын, бірақ өзегімді өртеген өкініш ұмытылмайды. Маңдайдан сорғалаған терім, спорттағы нәтижем қазақ еліне бақ әкелді, енді сол бақ өзіме сор болып тұр», – дейді Диас Бахраддин.

Диастың мәселесіне орай Қызылорда облыстық дене шынықтыру спорт басқармасына  хабарластық.

«ҚР Туризм және спорт агенттігі төрағасының 2014 жылдың 24 шілдесіндегі бұйрығына сәйкес, спортшыларды бір ұйымнан екінші ұйымға ауыстыру туралы ереже шықты. Сол  ереже бойынша 2021 жылдың 1 наурызында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан хат келді. Ол хатта байдарка және каное есуден спортшы Бахраддин Диас Ералыұлын Түркістан облысына ауысуына байланысты Қызылорда облысынан есептен шығару жөнінде айтылған. Сол хат бойынша жұмыс жасалды. Басқарма басшысы мәлімет алу мақсатында Бахраддин Диастың жеке бапкерімен, тіпті анасымен де кездесті. Диасқа өз ойынан қайтуды ұсынды. Нәтижесінде 2021 жылдың 26 сәуірінде  басқарма басшысы Бахраддин Диастың Түркістан облысының атынан қатысуына келісім беріп, хат жолдады», – дейді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Мәулен Жексенбайұлы. 

«Бахраддин Диас 2019 жылы оқуға қабылданған. 2019-2020 оқу жылында бірінші курсын аяқтады. 2020-2021 жылы екінші курста оқып жатқанда Диас онлайн да, дәстүрлі өткен сабаққа да қатысқан жоқ. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары мен мұғалімдер басшылыққа арыз-шағымдарын жеткізді. Соған сәйкес Бахраддин Диастың мәселесі педагогикалық кеңесте қаралды. Педагогикалық кеңестің шешімімен Диас оқудан шығарылды», – деді директордың спорт жөніндегі орынбасары Бауыржан Есмағамбетов. 

Бұл мәселе бойынша Диас пандемия кезінде колледжде оқыту қашықтан жүргенін, көбіне оқу-жаттығу жиындарында болғанын айтты.

«Пандемия кезінде мен сабаққа қатыса алмадым. Оның үстіне оқу-жаттығу жиындарында жүрдім. Көбіне бүкіл күшімізді жаттығуға жұмсағаннан кейін қашықтан өткен сабаққа қатысуға әл-дәрмен қалмайтын. Тіпті жаттығу жиындарынан соң уақыт та таппайтынбыз», – дейді спортшы.

Сыйға тартылған үш бөлмелі пәтер мәселесіне оралсақ. Спортшы баспананың құжаттарын рәсімдемек болған кезде жекеменшікке алу құқығынсыз жалға берілетін пәтер болып шыққан.

«Диас Бахраддинге берілген пәтер жалдау шартымен берілген қызметтік үй болатын. Бұл үй Диастың жасөспірімдер олимпиадасында жеңімпаз болуына орай жалдау қызметтік шартымен берілді. Осы шартта спортшы бір өңірден екінші өңірге ауысып, сол жақта спортпен шұғылданатын болса, ол тұрғын үй міндетті түрде қалалық әкімдікке қайтарылатыны жазылған. Бұл спортшының өзі мен анасына түсіндіріліп, жалдау шарты бұзылып, өткізу-қабылдау актісі жасалып, тұрғын үй мемлекет меншігіне өткізілді», – деді Есмағамбетов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.