09-04-22 |
460 рет қаралған
Сапарбаевты мақтаушылар билікке туысшылдық жолмен баруды жақтай ма?.
Сапарбаевты мақтаушылар билікке туысшылдық жолмен баруды жақтай ма?

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевты мақтайтын жазбалар әлеуметтік желіде жиілей бастады. Мақтаушылар әралуан: мемлекеттік қызметкерлер, журналистер, блогерлер, қаламгерлер, айтыскерлер бар.

Мақтау сарындағы жазба жазғандар негізінен Сапарбаевтың әртүрлі лауазымды қызмет істеген жылдарындағы кісілік келбетін, шаруақорлығын, елмен етене болғанын, халықшыл әкім болғанын жазады. Сөйтіп оның мемлекет қайраткері дәрежесіне жеткенін де айтады. Кейбір жазбаларда  Сапарбаевтың інісі Нұрлыбек Нәлібаевты да іскер, елі үшін жан аямай еңбек ететін адам ретінде сипаттайды.

Дегенмен, ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарған тұста Сапарбаев салыстырмалы түрде жұмысын жақсы істеп, ел игілігін көрген шаруалар атқарғанын айту арқылы Сапарбаев әулетінің бірі кетсе бірі келіп, аймақ билігін жекешелендіріп алғандай президент Қ.Тоқаев құрып жатқан жаңа Қазақстанға қарсы әрекеттеріне көз жұмып қарауға болмайды. Бұл – билікке туысшылдық жолмен келуді жақтай отырып, жаңа Қазақстанда демократия құндылықтары орнығуын да қалайтын – екі кеменің құйрығын ұстау әрекеті.

Сапарбаев Жамбыл облысынан кетісімен, оның інісі Н.Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалғаны көпшіліктің наразылығын тудырды.

Наразылықтың туындау себебі, елді отыз жыл билеген Назарбаев әулетінің құлауынан кейін қоғам ендігі жерде билікке туысшылдық жолмен барудың күні батты деп, президент Тоқаев жариялаған жаңа Қазақстанға үмітпен қарады. Осындай жағдайда Назарбаев дәуірінен келе жатқан Қызылорда облысына белгілі, биліктің әртүрлі деңгейінде Сапарбаев әулеті болып танылған үлкен отбасының бірі әкім қызметінен кете салысымен екіншісінің әкім болуы наразылық тудырды.

Осы наразылықты жұмсарту үшін Сапарбаевтың еңбегін көтере бағалап, оны қайраткер, елшіл, халықшыл азамат екенін көрсетуге бағытталған әлеуметтік желіде жазбалар көбейді.

Алайда, президент Тоқаев «халық үнін еститін мемлекет» қағидатына сай және өзі бастамашы болып, құруға бет алған жаңа Қазақстанда туыстық жолмен билікке келу сынды жағымсыз әрі халық наразылығын оятып, сенімінен айыратын дүниелерге тосқауыл қоюы керек-ақ. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.