Елге шын мәнінде АЭС қажет пе? Ресейдің «Росатом» корпорациясы АЭС салуға неліктен мүдделі? Қазақстан АЭС салып берген елге тәуелді болып қалатыны рас па? Arasha бұл туралы KEGOC корпорациясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевпен сөйлесті.
«АЭС өндіретін электр энергиясы бес есе қымбатқа түседі»
−Президент Тоқаев «бізге атом электр энергиясы қажет, онсыз аймақтағы көшбасшылықтан айырыламыз» деді. АЭС салынбаса, электр энергиясы тапшы болмақ дегендей уәждер де бар. Ал шын мәнінде, сіздің ойыңызша, бізге АЭС қажет пе?
−АЭС қажет дегенді қуаттайтын бірде-бір дәлел жоқ. Өйткені АЭС ұзақ уақыт салынады, ал ол өндіретін электр энергиясы анағұрлым қымбатқа түседі. Оның үстіне ядролық қауіп тағы бар. Қазір электр энергиясын тез, арзан және қауіпсіз жолмен өндіруге мүмкіндік беретін әдістер бар. Бұл – жаңартылатын энергия. Ал атом энергиясы керек дейтін сөздер өткен ғасырдың 60-жылдарындағы әңгімеге ұқсас. 1960-жылдары Михаил Ромның «Бір жылдың тоғыз күні» атты фильмінде физиктер бірінен кейін бірі атоммен тәжірибе жасауға барды. Сөйтіп, бірінен кейін бірі сәуле ауруынан қайтыс болды. Осы іспетті «атом энергиясы бұл – болашағымыз» дегенге сендіруге тырысқан әңгімелер айтылып жатыр. Бірақ атом энергиясы – өткен шақ. Одан бері көп жыл өтті, жұрт электр энергиясын өндірудің арзан және қауіпсіз жолдарын ойлап тапты.
−Сонда биліктегілер мұны білмей ме? АЭС салуды неге сонша алға тартып, лобби жасап жатыр?
−Білмейтіндер де бар, АЭС құрылысына қатысқысы келгендіктен, оған лобби жүргізіп жатқандар да бар. Оның құрылысы 10-12 миллиард доллар тұрса, тіпті одан 10 пайыз пайда тапқан күннің өзінде, бұл 1-2 миллиард доллар. Сондықтан лоббиге 100 миллион доллар жұмсауға аянып қалмайды.
−Бұл жерде кімді меңзеп тұрсыз? «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын ба, энергетика министрлігін бе, әлде басқаларды ма?
−Барлық қатысушыларды, бірінші кезекте «Қазатомөнеркәсіп» пен онымен байланысты«Қазақтан атом электр станциялары» ЖШС – тікелей мүдделілер. Бұдан бөлек билік төңірегінде мердігер болып қатысамыз дейтін адамдар бар. Осылардың бәрі бұл нысаннан көп ақша тапқысы келеді. Алайда бұл станция үшін тұтынушылар 1,5 миллиард доллар артық төлейді. Өйткені атом электр станциясы өндіретін электр энергиясы қымбат. Мысалы, Түркиядағы «Аккую» АЭС-інен алынатын электр энергиясының құны − киловатт-сағатқа 12,35 цент. Бұл 60 теңгеден көп, оған қосымша құн салығын қосыңыз. Қазақстанда соңғы аукционда күн станцияларынан алынған электр энергиясы киловатт-сағатқа 12 теңге болған. Яғни АЭС өндіретін электр энергиясы одан бес есе қымбат.
−АЭС салуды алға сүйреп жүрген квазимемлекеттік ұйымдар немесе энергетика министрлігінде АЭС салу қажет дегенді көрсететін есеп-қисаптар жүргізді ме?
−Ең қызығы, оларда ондай есеп-қисап жоқ. Олар KEGOC есептеп шыққан жоспарды көрсетеді. Біірақ ол жоспарда бағалардың салыстырмалы анализі жоқ. АЭС өндіретін электр энергиясының құны бес есе жоғары. Өкінішке қарай, бізді осылайша тақырға отырғызбақ.
Тоқаевтың Путинге «уәдесі» мен АЭС салып берген елге тәуелділік
− Жақында президент Тоқаев Түркиядағы «Аккую» АЭС-ін салу тәжірибесін зерттеуді тапсырған. Ізінше Қазақстан делегациясы ол АЭС-ке барып келді. Түркиядағы бұл АЭС-ті салушы − Ресейдің «Росатом» компаниясы. Қазақстан энергетика министрлігі «Росатомды» бізде АЭС-ті салуы мүмкін компаниялардың тізіміне кіргізді. Оны былай қойғанда, Қазақстан журналистерін осы нысанға бірнеше мәрте апарып, артынша ақпарат құралдарында осы АЭС-ті мақтаған мақалалар шығып жатыр. Осылардың астарынан «Росатом» мүддесін лоббилау белгілерін көріп тұрсыз ба?
−Иә, бұл анық нәрсе. Лоббилау жүріп жатқанын ешкім жасырып жатқан жоқ, ашық айтып жатыр. Біріншіден, президент бұл туралы сайланған соң Мәскеуге барып келген алғашқы сапарынан кейін айта бастады. Әр уақытта Ресейге сапарлап келген соң осы тақырыпты көтерді, соған қарағанда, Путинге қандай да бір уәде берген тәрізді.
Жоғарыда айтқанымдай, жыл сайын АЭС үшін 1,5 миллиард доллар артық төлейтін боламыз. Олар бұл ақшаны тұтынушыға іліп қоюдың жолын табады. Айталық, электр энергиясы үшін киловатт-сағатқа үш теңгеге артық төлейтін боламыз. Біреу АЭС-тен пайда табады, ал айналып келгенде салмақ халықтың қалтасына түседі.
−«Росатомның» бұл ретте мүддесі қандай? Мысалы, «Росатом» Беларусь пен Түркияда АЭС салғанда, ол елдерге алдымен АЭС үшін несие берді. Ол несиені қайтару керек. Түркиядағы АЭС «Росатомның» бақылауында болады, ал Түркия олардан электр энергиясының киловатт-сағатын 12,35 центке сатып алып отырады. «Росатом» Қазақстанға АЭС салса, нені көздейді? Бізге де қарыз қамытын кигізіп қоймақ па?
−Кезінде қалалар арасында адамдарды дилижанс (18 ғасыр аяғы-19 ғасыр басында Еуропада қалалар арасында жұртты тасымалдаған көп орындық жабық арба түріндегі көлік) тасыды. Айталық, жылына ондаған дилижанс шығаратын үлкен зауыт бар. Бір кезде автомобиль пайда болды да, ешкім дилижансқа мінбей қойды, бәрі автомобильмен саяхаттай бастады. Әлгі дилижанс шығаратын зауыт өз өнімін тықпалай бастайды. «Кезінде әпкеңді жұмысқа алдым, немере ініңді ауруханаға жатқызып құтқардым, дилижанс сатып ал» деген өтініштерге салды. Қазір да тура сондай аргументтер келтіріп жатқан сияқты. Атом станцияларын салатын ядролық державалар бәсекеге қабілетті емес екенін түсіне бастады. Бірақ олардың өндірісі үлкен, онда мыңдаған адам жұмыс істейді. Сөйтіп, олар да «біз сіздерді қаңтар айында құтқарып қалдық, станция алыңыздар» немесе «мұнайыңыз біздің аумақта жатқан құбыр арқылы өтеді, станция алыңыздар» дегендей уәждер айтады. Оны былай қойғанда, «сіздерге тиімді несие береміз» дейді. Шын мәнінде олар ВЭБ мемлекеттік даму корпорациясының несиесін береді, ал бұл банк емес, агенттік. Яғни олар салық төлеушілердің ақшасын беріп, құрылыстан ақша табады. Артынша кедей елдер осы қарыздан құтылуға тырысады. Мысалы, Лукашенко АЭС-ке несие алды, оны ресейліктер салды. Несиенің пайызын төлейтін уақыт келгенде ол «маған тағы несие беріңіз, мен алдыңғы несиені өтейін» дейді. Міне, дамыған елдер «Росатоммен» осылай жұмыс істеуге тырысады.
−АЭС оны салып берген елге ұзақ уақытқа тәуелді етеді деген пікір бар. Расында, солай ма? Солай болса, оның тәуекелдері қандай?
−Иә, әрине. Біріншіден, өндірушінің технологияларын білетін операциялық қызметкерлерге тәуелді болып қаласың. Екіншіден, отын циклі бар. Яғни әлемде уранды байытуға құқығы бар елдер көп емес. Қазақстан олардың қатарында емес, «Қазатомөнеркәсіп» атом отынын өндіре аламыз десе де, бұл ертегі іспетті. Өйткені Өскемендегі жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауытқа дайын байытылған уран жеткізіледі. Ал оны жетізуді тоқтатса, әлгі зауытты жаба салса болады. Уран байытуды МАГАТЭ бақылайды, ешкім байыту технологиясын бөліскісі келмейді. Осы себепті АЭС салдырғанда өндірушінің, біріншіден, құрал-жабдығына, екіншіден, отын өндірушіге тәуелді болып қаласың. Украина «Росатомға» тәуелділіктен арылу үшін отынды американдық отынға көшірді. Бұл он жыл уақыт алды.
−Бұдан басқа тәуекелдер бар ма? «Росатом» салған кей елдердегі АЭС-ті Ресей әскері күзетеді делінді.
−Украинадағы АЭС қандай жағдайға тап болғанын көрдіңіздер. АЭС лаңкестер қашанда да көз сүзетін нысан, мейлі ол мемлекетпен байланысты немесе мемлекетке қатысы жоқ лаңкес болсын, кез келген станцияны басып алып, ядролық бопсалауға салуға болады. Станцияны істен шығару өте оңай. Бұл ретте оны атқылап, істен шығаруды айтып тұрғаным жоқ. Дәл Чернобылдағыдай ядролық реакторда апат жасаса, жарылыс болып, радиация үлкен аумаққа таралады. «Қазатомөнеркәсіп» АЭС-ті Балқашқа салуды көздейтінін ескерсек, бүкіл Балқаштан айырылып қаламыз. Оны былай қойғанда Алматыны елдің солтүстігімен, елдің астанасымен жалғайтын жолдан айырыламыз. Өйткені болашақ АЭС-тен жолға дейінгі қашықтық небәрі бірнеше шақырым ғана. Апат болса, жол ұзақ уақытқа жабылып қалып, айналма жол салуға мәжбүр боламыз. «Қазатомөнеркәсіп» пен «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС осы тәуекелді есепке алмай отыр.
«Ресей қысым көрсетіп жатқаны түсінікті»
−DEMOSCOPE қоғамдық пікірді зерттеу бюросының мәліметінше, ұйым жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 55 пайызы АЭС салуға қарсы екенін айтқан. 2019 жылы Тоқаев халық қарсы болса, АЭС салу бойынша шешім қабылданбайтынын мәлімдеген. Бірақ қазір «АЭС салудан қашып құтылмаймыз, осындай шешім қабылдауға мәжбүрміз» дегендей уәж келтіреді. Неліктен? Халықтың пікірін неге есепке алмайды?
−Ресей қысым көрсетіп жатқаны түсінікті. Президент Мәскеуге барып келген сайын позициясы өзгеретінін көріп жүрміз. Екіншіден, өзіміз референдум өткізуді талап етіп жатқанымыз жоқ, өзімізде де кінә бар. Яғни жыл сайын 1,5 миллиард доллар артық ақша төлетпек, ал біз оған қарсы тұрмаймыз, бойкүйезбіз.
−АЭС экономикалық қана емес, саяси инструмент, геосаяси ықпал етудің тетігі деген пікір бар. Бұл жайлы не дейсіз?
−Шын мәнінде, оның ешқандай экономикалық мәні жоқ, өйткені ол керек емес. Сондықтан ол геосаяси ықпал етудің құралы. Приозерск, Капустин Яр, Байқоңыр мен Ресей бақылауындағы басқа полигонар бар екенін естен шығармау керек. Бұл бізді геосаяси әлсіз ететін жайттар. АЭС те сондай. Украинадағы Запорожье АЭС-н мысалға алыңыз, 3-4 шақырым жүріп, жолдан өте салса, сол АЭС-тің аумағына кіріп алады. Сосын оларға ешкім шабуыл жасай алмай қалады, олар жолды бақылауға алады.
−Сіз елге АЭС салмай-ақ электр энергиясының басқа көздерін пайдалануға болады дедіңіз. Соны тарқатып айтып беріңізші, қандай балама энергия көздері бар?
−Ең басты әдіс − жаңартылатын энергия көздері. Оған қосымша өтпелі кезеңде ТЭЦ-ке отын үшін газ қолдану керек. Бірақ басты бағыт арзан, таза, жаңартылатын энергия көзері. Біз зиянды қалдықтардың мөлшерін азайту туралы міндеттемеге қол қойдық. Сондықтан жаңартылатын энергия көздері сол міндеттемеге сай келер еді. Мәселе мынада, біз энергияны өте босболбыр, ебедейсіз түрде жаңартып жатырмыз. Жаңартылатын энергиямен кәсіби түрде айналысу керек. Өкінішке қарай, елімізде оған ешкім мән бермейді. Жаңартылатын энергетиканың үлкен көлемі бар энергожүйелер қалай жұмыс істейтінін түсінетін адамдар саусақпен санарлық, бұл алаңдатады. Мысалы, Германия, Ұлыбритания, Даниядағы қалалардың энергетиканың жартысы − жаңартылатын энергия. Ал бізде ол тек 3 пайыз.
Зере Жылқыбек
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024
-
19.11.2024