27-10-23 |
10830 рет қаралған
Оралхан Бөкей – 80: Бір шығармадағы адами құндылықтар мен тәрбие.
Оралхан Бөкей – 80: Бір шығармадағы адами құндылықтар мен тәрбие

«Романдарым мен повестерімдегі барлық сюжеттер туған жерім туралы естеліктерден, жастық шағымның өзекті оқиғаларынан туындаған».

О.Бөкей

Қара сөздің қас шебері Оралхан Бөкейдің балалық шағынан сыр шертетін, балдәурен кезге деген сағынышының көрінісіндей  ерекше туындысы – «Тортай мінер ақ боз ат». Өз туындыларында қарапайым адамдардың тағдырын, өзіндік ғұмырын көркем тілмен, терең философиялық оймен, шындыққа жүгіне өрнектей білген Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесінде де шынайылық, терең ой орын алады.  Бір қарағанда, түсінікке жеңіл, мазмұны қарапайым бұл шығарманың берер мағлұматы, тәрбиелік маңызы аса зор. Оны оқырман шығарманы оқу барысында көз жеткізе алады. Әңгімедегі негізгі оқиға желісі кейіпкердің бірі автордың өз баяндауымен беріледі. Бұл орайда «О.Бөкеев тілге аса ұқыппен қарайтын, сәйкестік, орындылық дегендерге интуициясы мен білігі күшті қаламгер екені көрінеді», – деген Р.Сыздық пікірі ерекше құнды [1, 152].

Қаламгер адамзатқа орасан зор қайғы-қасiрет әкелген зұлмат соғыстан кейінгі ауыл өмірін,  әке-шешесінен ерте айырылған Тортай атты жетім баланың  тауқыметтi тағдырын, жоқшылық арқандаған, арманына қол жеткізе алмаған жасөспірімнің балалық кезін әңгімеге арқау етеді.  Оралхан Бөкейдің Тортай сынды кейіпкері – қиялдан, әсірелеуден туған бейне емес, шын мәнінде, өмірде болған, тағдыр талайын  басынан кешкен жетім бала, жүрегі таза, қарапайым да қамқор, ақылды да сабырлы, достыққа берік, жүрегінде жақсылыққа деген үлкен үкілі үміті бар персонаж. «Тортай мінер ақ боз аттағы» Нұртай Жанболатов өзінің бала күнгі досы. Бала күнгі достары барлық шығармаларында дерлік бар десем болады, – дейді Ғалия Бөкейқызы [2].

Жазушының өз шығармасын «Тортай мінер ақ боз ат» деп атауы да кездейсоқ емес, Тортай сынды жетім баланың Ақ боз аттай асыл арман жолындағы әрекеті, кітапты көп оқып, талғамай бәрін оқып, сол кітапты қорған тұтып, бірақ арқа сүйер аяулы әке мен асыл анасы, не болмаса жанашыр бірде-бір туысы болмағандықтан, қысқа жіп күрмеуге келмей, өз тағдырына бойұсынып, көнгені, өз арман-мүддесін іске асыруды өзі жақсы көретін қимас досына ізгі ниетпен тілегені  баяндалады.

Әңгімеде мүңды сарын, томаға тұйық ахуал басым, көтеріңкі лепті автор әсіресе Салықсалған табиғатын әсемдеуде басым қолданады: «Біздің ауыл Салықсалғанның иығында отырған. Шілденің дәл ортасы болса да, бұл жерде қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жайма-шуақ сәтінде, төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың. Қанша құласаң да ауырсынбайтын, қанша құласаң да жапырылмайтын күлтеленген күреңсе балапан табанымызға кілемдей жұмсақ тиюші еді…» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Сондай-ақ, Тортай екеуі бұзау бағуға барған кездегі табиғат көрінісі балаң көңілдің ерекше сезімталдықпен суреттеген cұлу бейнесі еді: «Жайлаудың жадыраған ашық күндерінің бірінде Тортайға еріп бұзау бағуға шықтым. Менікі еріккеннің ермегі сықылды еді. Тас шоқының ұшар басына дейін бұзауларды ергізіп бардық та, еркіне қоя бердік. Өйткені төрт аяқты мал бұл жерден ұзап ешқайда кете алмайтын. Биіктеген сайын қалың барағы орман таусылып, таудың таз төбесі басталатын. Заңғар таудың төбесінде үнемі суық жел соғып тұратындықтан, ағаш болмайды және шөп те бойлап қалың өспейтін тақыр. Жазды күні үнемі сезіміңді сергітер майда леп есіп тұрар еді. Ал шоқырлар өркеш-өркеш болып, көк күмбезіне найзадай кіріп ұшпалана қол бұлғайтын. Қыздың жиған жүгіндей тай-тай, тең-тең жақпар тастың ара-арасына тас сарымсақ өседі. Тортай екеуміз тыртысып, қол-аяғымызды жаралай сол биікке шығып, сарымсақ жұлып жегенбіз. Бұл тұстан таудың балағы ой-етек алақандағыдай көрінеді. Сонау шатқалда Алтайдың шолпысындай мың бұралып, ағараң қағып Бұқтырма өзені. Ал біздің ауылымыз көкжалақ мұнар пердесіне тұмшаланып, тек нобайы ғана сүлделенеді. Қына басқан тасқа құлап кетердей болып атша мініп отырған Тортай анау көк мұнар дүниесін бірдеңесін жоғалтып алғандай көзін сығырайтып ұзақ қарады-ай. Сонсоң шығыс жақты нұсқап, ереуілдеп сөйлей жөнелетін» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Бұл үзінділердің көркемдік қуатын арттырып, оқырман сезіміне ерекше әсер етіп тұрған жазушылық сөз қолданыс, тіл өрнегі – эпитеттер (көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға,  бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл, тас шоқы, заңғар тау, т.б.) мен теңеулер (Алтайдың шолпысындай, күмістене ағу, т.б.) ), метафоралар (Салықсалғанның иығында, балапан табанымызға, т.б.), перифраздар (көкжалақ мұнар пердесіне, көк мұнар дүниесін) фразеологизмдер ( Қыздың жиған жүгіндей, қоңыр салқын).

Автор негізгі кейіпкелердің бейнесін барынша шынайы, барынша сенімді бере білген.  Бұл орайда автор соғыстан кейінгі еңбек майданына ерте араласқан балалар арасында «әке шешесінен тым ерте айрылған, қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала боп көп ойнамайтын жасқаншақ» Тортайды ерекше қадірлеп, пір тұта, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін кітапқұмар, білгіш, тым зерек, дана абыз ретінде сипаттайды. Осыған сәйкес Тортай сынды негізгі кейіпкер есімі де көңіл аударарлық дегіміз келеді. Жалпы Тортай антропонимінің этимологиясын С.Қондыбай еңбегінен оқуға болады: ««Алпамыс жырының барлық нұсқаларында да бас қаһарманның жақын туыстарының бірі ретінде «Тортай» есімі аталады. «Тортай» есіміндегі «тор» сөзі, біздің шамалауымызша, осы «төрү» ( «жарату, жасау» дегенді білдіретін) сөзінен шыққан. Ал «тай» сөзінің жай ғана «жас еркек аттың» атауы ғана емес, жалпылама «жас немесе бастапқы тіршілік иесі» (адам, ат, түйе, сиыр, айдаһар, жылан, т.б.) деген мағынасы бар екендігін ескере отырып, «Тортай» – «Төры тай» есімінің «жаратушы бастапқы тіршілік иесі» дегенді білдіретіндігін, шежірелік-эпостық уақыт пен ұрпақтар шынжыры тізбегінде оның «бастапқы дәстүрді ұстанушы» деген туынды мағынаға ие екендігін тұспалдауға болады [3, 349].  Бұл талдауға назар аударсақ, әңгімедегі Тортай есімінің «Арғықазақтардың да Ілкі Төрмен (О бастағы Құдайдан берілген нұрды реалды күш-қуаттың қайнары көзіне, нәр бұлағына айналдырған Ілкі төр) сабақтасқан өз ілкі дәстүрі, соған сәйкес рухани орталығы, осы орталықты қорыған қорықшылары болған» [3, 341;344] деген тұжырымға сәйкес, білім нұрын, рухани орталықты қорушы мәнінде де түсінуге болар.

Иә, бала Тортайдың жетімдігін, өзінің мына дүниеде жалғыздығын, қауқарсыздығын, өзінің әке-шешесі бар басқа балалардан ерте есейгенін тек кітап қана бір сәт ұмыттыратын. Тек кітап – Тортайға өз тағдырындағы талай қиыншылыққа төтеп беруге, анаға, әкеге деген сағынышын басуға қуат беретін киелі күш, аса қымбат дүние, теңдессіз қазына, құдіретті әлем. Оған Тортайдың мына сөзі дәлел: « – Бұл дүниеде менің пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, – ол – кітап, – дейтін. Әкем де, шешем де сол – кітап…Жалғыздығың, жетімдігің, бәрі-бәрі ұмытылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Өз кезегінде Тортай да Орашты жақсы көріп, бауырмалдық таныта білген: «Тортай, әсіресе мені жақсы көрді. Жанынан бір елі қалдырмайтын…Ол мені алдап, тамақ үшін дос бомайтын…Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді». (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»).  Автор Тортайдың пана тұтар туысы, мекен етер баспанасы болмай, Салықсалғанның ұшар басындағы тас үңгірді паналап күн кешкенін ерекше көңіл толқытар эпизодпен береді: «Тортай тас күркені ұядай қылып жинап, тазалап қойыпты. Бұдан бұрын да осы жерге сан рет келіп, мекеніне айналдырған секілді. Қайран қалдым. Ағаштан қиып нар жасап, үстіне шөп төсеген. Өзіне тиесілі кітаптар әбден көп оқылғандықтан, жемтір-жемтір болып, бір бұрышта жинаулы тұр. Төр алдында ешкінің терісі төселген. Қарағайдың жуан кеспелтек шөркесінен үстел жасап, май шам қойыпты. Үні бір түрлі көңілсіз, қарлығыңқырап шықты. Ешкім жоқта жылаған секілді…» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Осы жолдардан Тортайдың тазалыққа жаны құмар ұқыптылығын, ізденімпаздығын, еңбекқорлығын, рухани  жебеушісі, балалық махаббатының бернесі, ата-анаға деген сағыныш көпірі ретіндегі асқан кітапқұмарлығын көруге болады.  Осы тұста қаламгер сіркіреп жауған ақ жаңбырды Тортайдың ақ арманының бейнесіндей суреттейді, символдау тәсілін ұтымды қолданады: «Сіркіреп жаңбыр жауды…Жауын ұзақ жауатын түрі бар…Жаңбыр толастар емес, құлаққа тасқа тиіп тайғанап, жатқан сыбдыр-сыбдыр үн естіледі…Күркіреп, сарқырамай ұрлана жауған нөсер, қайдағы-жайдағыны еске түсіріп, қиял дүниесіне жетелейді… Ақ жауын сіркіреп тұр…» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Иә, Тортай жүрегіндегі асқақ арман сіркіреп жауған ақ жаңбырдай толастар емес, бірақ ол күркіреп, сарқырамай, сыбдыр-сыбдыр ғана естіледі… Өйткені Тортай әкесіз, анасыз, арман құсы қаншалық көкке самғағысы келгенмен, қанатсыз… Сондықтан Тортай Орашқа, Ораштың биік армандарға қол созар қос қанатының амандығына қызыға қарайды: « – Әке-шешең іздеп жүрер, үйіңе қайт, қорықсаң, мен шығарып салайын, – деді Тортай.  «Әке-шешең» деген сөзді қырсығып айтқандай болды» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Дегенмен, Тортай тағдырына нала боп, жүрегіне қатыгездік ұялатпаған, керісінше жан-дүниесін білімнің жарық нұрымен нұрландырып, мейірімге толтырған, Абай айтқан талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сынды ізгі қасиеттерді бойына сіңіре алған, сондықтан да Орашқа ағалық қамқорлық танытып, ақылын айтып, мейірімін төге, бауырына тарта білген: «Менің жадымда тамаша сақталғаны – ол тас үңгірде шөп төселген нардың үстінде жатып оқыған кітаптары мен өзінің арман-қиялы туралы түн ортасы ауғанша айтқан күбір-күбір әңгімесінің еміс-еміс елесі ғана. Мені жып-жылы қойнына алып, ағалық ақылын айтатын тым зеректігі еді…». «Тортай әлі сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр… Арманы таусылар емес. Демі құлағыма жып-жылы болып сезіледі…Мен үнсіз тыңдай беремін. Әлде тоңазығаннан, әлде қорқыныштан, Тортайдың бауырына тығыла түсемін» (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»). Тортай өзі шығарған ертегілер дүниесінде ғана өзін еркін сезініп, арманына жететін,  ертегілерін түн ортасы ауғанша айтып, еркін көсіле, қиял әлеміне ерік беретін, өз бақытына қол созатын.    

Екі достың бір-біріне жанашырлығы, қамқорлығы, бауырмалдығы, адал достығы – шығарманың құлақкүйі, негізгі өзегі. Бірінші жақтан баяндалған бұл шығармада автор бейнесі, Ораш бейнесі де шаң бере, сәулеленеді. Ол ақкөңіл, сезімтал, қайырымды, мейірімді, елгезек, кітапқұмар, жомарт бала: «…Тортай, әсіресе, мені жақсы көрді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем – ферма меңгерушісі, үйде ішіп-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан – бір, жолынан – екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын». «– Босағада отырғаның не, – деді Тортай… – Кел жаныма, мен сені тым жақсы көремін. Бастықтың баласымын деп мұрныңды көкке көтермейсің, қарапайымсың». Екі достың әңгімесі жарасымды,  Тортай жарқын болашаққа, асқақ армандарға қол созып, қиялдайды,  жазушы болуды, ел аралап, жер тануды көксейді, бәлкім, автор өмірде мақсат қоя білу, үміт арту сынды абзал қасиеттерді Тортай бейнесіне тоғыстырған болар.

Ораштың Тортайға деген жанашырлығы әсіресе «күз жақындап, барлық бала оқуға аттанғанда» ерекше сипатталады: «Күз жақындап, фермадағы  барлық бала жайлаудан оқуға аттанғанда, тау басында бұзау бағып жападан-жалғыз Тортай ғана қалған. Әрине, мен оны қимадым, қиналдым. Өзіммен бірге ала кететін шаманың жоқтығына жыным келді. Кетерімде, ол маған ең сүйікті кітабын сыйлап тұрып айтты: «Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің».

– Сенің өз ақ боз атың бар емес пе?

– Жоқ, менің маңдайыма көк өгіз жазылған.

– Онда мен ақ боз атымды саған сыйға тартамын»  (О.Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат»).

Екі дос арасындағы диалогта осындай қимастық сезім, үлкен үміт пен кең пейіл, қол жетпейтін арманын аманат еткен ағалық көңіл мен сенім орын алған. Мұндағы ақ боз ат – жазушылық қабілеттің жебеушісі, киесі, шабыт берер, қанат бітірер пірі, әлемді сөзбен танытар қылқалам-тұлпар, мұндағы ақ боз түстері киелі, қасиетті мәндеріне ие деуге болады. Ендеше… «Ұлылық – жалған дүниені майға шалқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей асығыс зулап өту» (О.Бөкей) екені айқын.

Әңгіме «Тортай мінер ақ боз ат… менің тақымымда кеткендей еді… Иесіне қайтаруға кеш еді», – деп аяқталады. Әрине, Ораш жүрегінде өзінің бала досы, қамқоршысы, абызы болған Тортайдың асқақ арманына қол жеткізе алмағанына деген өкініш, аяушылық сезім мен досына деген достық махабббаты жатыр. …Шығарманы түйіндегенде, бәлкім, Ораштың Тортай сынды талай жетім баланың арман-қиялын арқалап, қол жеткізуге ұмтылғанын көруге болады деген ойға да қалуға болар. Болмаса алдыға қойған мақсатына, алар асу, шығар биігіне жетімдіктің кесірінен жете алмаған талай боздақтарға сөзбен қойылған мәңгілік ескерткіш дерсің!

Құралай Қаирбаева,

филология ғылымдарының кандидаты

Өскемен қаласы әкімдігінің «Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ғылыми қызметкері

Arasha.kz

ФОТО: дереккөз

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.