04-03-19 |
7350 рет қаралған
Әміржан Қосанов: Қазір халық пен оппозиция сөздері синоним болып кетті.
Әміржан Қосанов: Қазір халық пен оппозиция сөздері синоним болып кетті

– Әміржан аға, БАҚ-та, сайттарда сіздің атыңызды жазғанда, «оппозициялық саясаткер» дегенді жиі қосақтайды. Бұған қаншалықты қосыласыз және бізде оппозицияның халі нешік?

– 20 жылдан астам билікке сын мен балама пікір айтып келе жатқаным рас. Әріптестермен бірге екі оппозициялық партия мен бір республикалық қозғалысты ұйымдастырып, басқарғаным бар. Сол ұстанымнан таңған да, тайған да жоқпын. Қазір де өзімді бүгінгі биліктің принципті оппонентімін деп санаймын. Принципті дейтінім, мен бүгінгі биліктің негізінде жатқан принциптерге принципті түрде, жан-тәніммен қарсымын: олар – бар өкіметтің бір адамның қолына шоғырлануы, қоғамның басты сырқатына айналған әділетсіздік, биліктің халықпен санаспауы, ресми идеология мәртебесін иеленген өтірік, саяси және экономикалық жемқорлық, жеке басқа табыну. Сіз айтып отырған БАҚ сол себепті мені «оппозициялық саясаткер» деп атайтын болар.

Қазіргі оппозицияның жағдайы екіұдай дер едім.

Әрине, ұйымдық-құқықтық тұрғыдан алғанда біздің жайымыз мүшкіл: принципті де табанды оппозициялық саяси партияларды билік құртып тынды. Ресми санатта қалған ЖСДП пен «Азат» партияларының 2012 жылдан бергі жағдайы мүлдем түсініксіз боп кетті. «Жаңа Қазақстан» форумын құрғымыз келген біздің бастамамыз да билік тарапынан сұрапыл қарсылыққа ұшырап жатыр, яғни біз атын өзгертіп, сол форумның заңды ұйымы ретінде пайдаланғымыз келген қоғамдық бірлестікті билік сотқа тартып әлек.

Бірақ, әлемде болып жатқан саяси трансформацияларға қарасақ, оппозициялық күрес жүргізіп, билік басына келу үшін ресми тіркелген партия не басқа ұйым болуы шарт емес! Арменияда бәрін көше шешті! Рас, бізде президенттік және парламенттік сайлауларға тек қана саяси партиялар қатыса алады. Бірақ, маған сеніңіз, билік ауысқанда осы заңдар бес минуттың ішінде өзгереді!

Сондықтан да, қазіргі оппозицияның болашағы зор деп санаймын: билік таңып отырған құқықтық құйтырқы тыйымдардың құны – бес тиын!

Қарап отырсаңыз, қазіргі оппозиция  тек қана билікке ашық сын айтып жүргендер ғана емес. Ол дегеніңіз – іштей тынып, бизнесі не қызметіне алаңдап, пікірін жария түрде айта алмай, бірақ бүгінгі ресми саясатқа қарсы позиция ұстанған барша әлеуметтік топтар. Ел ішіндегі наразылық пен қарсылықты шынайы статистикаға салсақ, қазір «халық» және «оппозиция» деген ұғымдар синоним боп қалды! Бітеу жара бір күні жарылары хақ, сондықтан ресми оппозицияны мойындамай, оны елегісі келмейтін, онымен санасқысы келмейтін билік бір күнде-ақ ашу-ызаға булыққан миллиондардың қаһарына ұшырап, онымен санасуға мәжбүр болады!

– Өзіңізге өзіңіз оппозиционер болатын кездеріңіз бола ма, болса қандай жағдайларда?

– Мен өмір бойына өз-өзіне көңілі толмайтын адаммын! Өз кемшіліктерімді білемін, олармен аяусыз күресіп келемін. Бірақ, атаңа нәлет жалқаулық кейде сол құлшынысыма өз кесірін тигізіп жатады. Шынымды айтсам, теледидарға берген сұхбаттарыма да, жазған мақалаларыма да көңілім толмайды! Өзімнің ең басты оппозиционерім – өзім!

Алайда, ең басты өмірлік ұстанымдарыма адал болуға тырысып келемін. Олар – әділеттік, шындық, халық билігі, ұлт мүддесі.

– Билік белгілі бір деңгейде оппозицияны жау көргенмен, ол биліктің сыншысы, кем-кетігін көруші сырт көз. Бізде мемлекеттегі экономикалық тұрақтылық жөнінде жоғары мінберлерден жиі айтылады. Ал, Қазақстандағы билік жүйесінде саяси тұрақтылық бар ма? Кадр саясатына көңіліңіз тола ма?

– Саяси тұрақтылық биліктің үш тармағының – заң шығарушы, атқарушы және соттың – тепе-теңдігімен анықталуы тиіс! Және де қоғамның өзін басқарып отырған өкіметке деген сенімі болуы шарт. Ондай сенім бізде жоқ.

Кадр саясатының қадірі қашқалы қашан. Бізде кадр таңдау ісінде әділеттік, бәсекелік, кәсібилік критерийлері жоқ. Оның орнына жағымпаздық, «ләббай тақсыризм», жершілдік, трайбализм, тамыр-таныстық, көзбояушылық орныққан. Сондықтан, биліктің дерлік барлық саласында ілгерілеу жоқ. Талай талаптылардың жолы кесіліп, жоғарыда айтылған принциптермен құралған шенділердің кәсіби деңгейі күрт төмендеп кеткен. Нәтижесінде, елді басқарудың сапасы сын көтермейді. Мұның өзі елдің дамуына өз кесірін тигізіп жатыр.

– Былтыр сайттардың бірінде биыл кезектен тыс сайлау өтуі әбден мүмкін екені туралы болжамыңыз жазылды. Алайда, таяуда Конституциялық кеңеске өтініш беріп, соңынан қысқаша мәлімдеме жасаған Елбасы сайлау келесі жылы уақытында өткізілетінін айтты. Бұған алып-қосарыңыз?

– Бізде «барлық тетік президенттің қолында, сайлау бола ма, болмай ма, оны тек сол кісі біледі» деген пікір қалыптасқан. Солай болуы да мүмкін. Бірақ, уақыт өткен сайын, президент те абсолюттік институт болудан қалып барады. Ал, президенттің өзі жеке Жарлығымен тағайындайтын Конституциялық кеңесіне жүгінуін саяси технологияның бір көрінісі деп санаймын: олар тек қана президентке қажет шешім қабылдайтыны о бастан-ақ белгілі болды емес пе?! Сол себепті ол кеңес тек қана алдағы транзит жобасын формальды түрде ресімдеу үшін ғана керек болып отыр.

– Бірде Сенат спикері 2020 жылғы сайлауға Елбасы қатыспауы мүмкін екенін айтты. Президенттің өзі болса бір сөзінде сайлауға дейін ойлануға уақыт бар екенін еске салды. Сіз бұл пікірлердің қай жағындасыз әлде өз нұсқаңыз бар ма?

– Бір өкіметте, бір партияда жүрген екі бастықтың екі түрлі сөйлеуінің өзі – саяси технология жағынан өте-мөте қызық жайт! Мұның өзі биліктің өз ішінде идеялық бірлік жоқтығының белгісі деп білемін.

Меніңше, екі түрлі сценарий болуы мүмкін. Біріншісінде президент сайлауға өзі түсіп, тағы да алты жылға сайланып алып, сол мерзім ішінде өзінің мұрагерін орнықтырып алады. Екінші нұсқа да осыған жақын: президент бұл жолы сайлауға өзі түспей, «Қауіпсіздік кеңесі» немесе «Тұңғыш президент туралы» заңдарға сәйкес ерекше мәртебесін іске қосады.

– Жақында мемлекеттік шараларға қатысатын тілшілерді аккредиттеу қатаңдатылатыны айтылды да, қарсылыққа ұшыраған соң, тиісті министрлік бұл қайта қарастырылатынын, БАҚ өкілдерінің өзінен ұсыныс күтетінін мәлімдеді. Бұл нені білдіреді?

– Сөз бостандығы – кез келген авторитарлық жүйе үшін ыңғайсыз, керек болса, қауіпті құбылыс. Өйткені, шын сөз биліктің артын ашады, кемшілігін бетіне басады. Сондықтан да, ондай жүйе еркін журналистиканы мейлінше тұсап тастауға тырысып, тәуелсіз БАҚ аясын тарылтуға бар күшін салады. Демократия мен бюрократия бір-бірімен қабыса бермейтін ұғымдар. Осынау бұйрық жобасының астарында, сонымен қатар, биліктің БАҚ өкілдері тарапынан қойылуы ықтимал жайсыз сұрақтарға деген қорқынышы, үрейі жатқан секілді: өз ісін лайықты атқарып, заң мен қоғам алдында ары таза шенеунік ондай сауалдардан қашпауы тиіс. Керісінше, журналистерді өзі іздеп жүріп, соңынан қалмай, өз жұмысы туралы ақпаратты мейлінше таратуға ниетті болуы тиіс.

– Бұрын қазақ тілді және орыс тілді БАҚ деп бөлуші едік. Қазір мемлекеттік БАҚ деген шықты. Бұл қалыпты үрдіс пе және қоғамда қайсының ақпараттық арыны басым, ықпалы көбірек?

– Қазақ тілді және орыс тілді БАҚ екі түрлі әлемде өмір сүріп жатқаны рас. Ондай бөлінушілік бүгінгі билікке оңтайлы да, өйткені екеуіне екі түрлі әңгіме айтуына болады. Бірақ, қайткенмен де екі бөлек әлем бір-біріне әсер етіп жатқаны да рас. Оны мен позитивті тенденция деп санаймын.

Мемлекет болған соң, оның түпкілікті құндылықтары болады. Олардың ішінде елдің Тәуелсіздігі, біртұтастығы, мемлекеттік, ұлттық мүдде, соның ішінде сепаратизмге қарсы күрес. Осынау принциптерді ақпараттық жағынан қолдау үшін мемлекет БАҚ-та өз құндылықтарын қорғай білуі тиіс. Әзірше, мен мемлекет тарапынан ондай мақсатты әрі тиімді тірлікті көріп отырғаным жоқ. Бүгінде «мемлекеттік ақпараттық саясат» нақты шенеуніктерді қорғаштау, лаж болса, мақтап-мадақтау, үлкенді-кішілі сынға жол бермеуге ғана ұласып кетті.

– Бүгінгі күні сізді мазалайтын ең басты қоғамдық мәселе не?

– Сол қоғамның жағдайы! Өкінішке орай, қоғам өз салығымен қаржыландырып отырған билік тек қана байлықты, меншікті жекешелендіріп алған жоқ, бізде халықтық билік те жеке адамның қолына көшіп кетті! Қоғамның өзі асырап отырған билікке ықпал етер тетіктері мен заңды мүмкіндіктері қалмады.

Ең қатты мазалайтын мәселе мынау: билік ауысқан жағдайда билікке таласатын ықпалды топтар өзара есеп айырысамын, қырқысамын деп, қоғамды жарып жібермей ме? Мемлекеттік емес, топтық мүддені басты мақсат тұтқан олар қазақты бір-біріне айдап салып, қанды қырғын ұйымдастырмай ма? 2011 жылы Жаңаөзен трагедиясы кезінде бейбіт мұнайшыларға тапа-тал түсте оқ атқан қандықол қылмыскерлер әлі де билік ішінде жүр емес пе?! Онысы аздай, елдің Тәуелсіздігі мен тұтастығын басқа біреуге жығып бермей ме? Болмаса, ел ішінде болуы ықтимал ылаңды біздің жерге көзін алартып отырған сыртқы күштер өз мүддесінде пайдаланып кетпей ме? Сөйтіп, мемлекетімізден айырылып қалмаймыз ба?

Міне, осы мәселелер мені ерекше толғандырады.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.