Бүгінгі таңда ғылым саласында жүрген әйелдер саны біршама өсіп келеді. Алайда мамандардың сөзінше ғылым жолына түскен нәзік жандылар аз екен. 14 елде жүргізілген зерттеудің нәтижесінде қыз-келіншектердің бакалавр, магистр және доктор ғылыми деңгейін алу мүмкіндігі 18%, 8%, 2% болса, ерлердің көрсеткіші 37%, 18% , 6% құрайды екен. Ал журналистика сияқты қиындығы мен қызығы көп мамандықтың тереңіне үңіліп, зерттеп жүргендер тіптен суға тамған тамшыдай деуге болады. Осы ретте біз ғылымның ауыр да жауапты міндетін мойнына арқалап жүрген нәзік жанды аруларымыздың бірімен сұхбаттасқан едік. Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің ғылыми істері жөніндегі декан орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлыға Мысаевамен сұхбат өрбіттік.
– Қарлыға ханым, ғылымдағы әйелдердің рөлі қандай және неге ғылым саласында әйел адамдар аз?
– Жалпы мен ғылыммен айналысуды бастағанда осы сұрақты өзіме қойғанмын. Ғылым жолы ауыр жол, бұл әйелдерге емес, ерлерге арналған жұмыс деп жатады. Бұл сұрақтың жауабын табу қиын да шығар, себебі жалпы әлемде солай. Қазір батыс елдерінде ғылым жолын таңдаған әйелдердің саны біршама артып келеді, бірақ дегенмен әлі де аз. Менің ойымша, біріншіден ер адамдарды әйелдер сияқты үйдің ұсақ-түйек тіршілігі көп алаңдатпайды. Екіншіден, бұл табиғаттың ерекшелігі болуы мүмкін. Көптеген ғалымдардың биографиясын оқысаңыз олардың көбі, бала кездерінен ғылымға құштар болғандықтарын айтады. Қыз балалар көбінесе үй шаруасы, ата-анасы, отбасы дейтін болса, ал ер балалар көбіне-көп сыртқа қарай ұмтылады, қандай да бір жаңалыққа құштар болады. Оларда ғылымға табиғи биейімділік бар. Үшіншіден, әр мемлекеттің, әр құрлықтың өз ерекшеліктерін ескеру керек. Белгілі бір елде ғылымға әйелдердің келуі олардың салт-дәстүрі, таным-түсінігі мен тыныс-тіршілігіне тығыз байланысты. Төртіншіден ғалымдардың көбі өздеріне шәкірт таңдағанда көбінесе ер адамдарды таңдайды. Себебі, отбасындағы әкенің рөлі басым. Бұл ежелден жалғасып келе жатқан дәстүр. Бірақ байқасаңыздар ақпараттық ғасырда бұл түсінік өзгеріп бара жатыр. Қазір әйел адамдар да ер азаматтар істей алатын жұмысты істейтіндігін, кез келген жаңалықты аша алатындығын дәлелдеп отыр. Болашақта олардың саны да, жеткен жетістіктері де көп болатындығына сенемін.
– Біз зайырлы мемлекетпіз. Дейтұрғанмен де халқымыздың 52% әйелдер болса да, қандай да бір мансапқа қол жеткізген нәзік жандылар саны бар жоға 15% екен. Мұның себебі қазақы менталитеттің әсері емес пе? Мысалы өзіңіздің ғылымға бейім қыз шәкірттеріңіздің ішінде жұбайы ғылыммен айналысуға рұқсат бермеген немесе керісінше қолдау көрсететіндері қанша?
– Америкада жүрген кезімде,сол елде қатты наразылық болған мәселе – статистика бойынша ер азаматтардың еңбекақысы әйелдерге қарағанда жоғары болуы еді. Бізде де солай, Америкада да сондай жағдай. Бұл тек қана менталитет емес, жалпы әлемде ертеден өзгермей келе жатқан процесс. Бізде бұлай болатын себебі, біріншіден Совет үкіметі кезінен қалыптасып қалған жағдайға байланысты. Совет үкіметі әйел болсын, не ел адам болсын, көшбасшы тәрбиелеген жоқ. Ол кезде ешкім гендерлік мәселені де көтермеді. Әйелдің орны үйде деген стереотип болды. Демек сол стереотип әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр.
Содан кейінгі мәсле, адам өзіне не керек екенін анықтауы керек. Мен студенттерге: «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап таптың ба? -деп жиі сұраймын. Екіншіден, Сенің өмірдегі мақсатың не? -деген сұрақты бірінші, екінші, үшінші, тіпті оқу бітіріп кетіп бара жатқан түлектерден де сұраймын. Олар әлі күнге сол сұрақтарға жауап бере алмай кетіп бара жатады. Мұның себебі оларды бала кезінен тұлға ретінде қалыптастуға назар аудармаған. Бізде қалыптасқан қағида бар, «Балам қызыл дипломға бітірді ме?» -дейді. Бірақ, «Жақсы азамат болып, тұлға болып шықты ма?» -деген сұрақты қоймайды. Қаншама қызыл диплом алғандар жұмыс таппай жүр. Мен ешбір дамыған елде: «Сіз қызыл дипломға бітірдіңізбе, немесе бес алдыңыз ба?» -деген сұрақты естіген емеспін. Олар тұлға ретінде қалыптастың ба, жоқ па соған қарай бағалайды. Яғни өркениеттің де нәтижесі сонда.
Бізде ғылымға құштар жастар өте көп. Тәуелсіздік алғаннан бергі жас буын мүлдем басқа. Оларда еркіндік бар, басқаша ойлайды. Біздің журналистика мамандығына көбіне қыздар оқуға келеді. Олардың арасында ғылымға құштарлары өте көп. Сондықтан менің ойымда, болашақта тек Қазақстанда ғана емесе, әлемде жаңалық ашатын қыздардың саны өте көп болады.
-Қазақстандағы әйелдердің сөз бостандығын қалай бағалайсыз?
– Сөз бостандығы жынысқа қатысты емес. Осыдан бір жыл бұрын Пакистанға ғылыми конференцияда болдым, сол жерде Өзбекстаннан келген әріптесім өз елдеріндегі келіндер туралы айтып жатқанда біз үшін он сегіз-он тоғызыншы ғасырдағы жағдай сияқты көрінді. Біздің елде еркіндік, әркімнің құқығын сақтаймыз. Бізде қалыптасып қалған тенденция жоқ. Бәрі адамның өзіне байланысты. Әйелдерін үйінен шығармайтын, жарына қатал қарайтын ерлер жоқ деп айтпаймын, ондайлар кездеседі, бірақ барлығы ондай емес. Керісінше әйелдерін әспеттеп, құрметтеп жататын да ер азаматтарымыз көп. Сондықтан әр азамат бала кезінен өзін өзі дұрыс тәрбиелей алса, өз құқығын білсе, тұлға ретінде өзін қалыптастыра алса, ондай адам ешқашан әділетсіздікке жол бермейді. Сондықтан біздің елде сөз бостандығын ер немесе әйелге бөлуге болмайды.
– Ал бізде ғылымға жетелеу жағы қалай?
– Кез келген жасты егер дұрыс бағыт берсеңіз ғылымнан ешкім қашпайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университенінде жыл сайын, сәуірде ғылым айы өтеді. Бұл жастардың ғылымға бір қадам жасауына мүмкіндік. Себебі конференцияда олар өздерінің ғылыми тезистерін, таныстырылымдарын жасайды. Олардың үздіктері дипломдармен марапатталады. Сосын Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының байқауы өтеді. Мұндай шаралар жастарға мотивация береді. Бірақ, бізде мектептен жоғарғы оқу орнына өтетін көпір жоқ. Біздің білім беру саласындағы мәселе осында.
Мысалы, өзім қаншама жыл тұрған АҚШ-та бесінші сынып оқитын баланың өзі өскенде кім болатынын біледі: Физикаға ма, технологияға ма, әлде журналистикаға бара ма? Олар сол кездің өзінде өздері таңдаған мамандыққа қарай кішкентай қадамдар жасай бастайды. АҚШ-тағы университеттердегі танымал профессорлар мектептегі белгілі бір оқушыларды шақырып, жеке консультация өткізеді, бағыт береді.
Біз төрт жылда баладан ғалым жасап шығара алмаймыз. Ғылымға бейімділік ерте жастан болуы керек.
Содан кейін, біз балаларымызды Кеймбриджге түсті, Гарвардқа түсті деп мақтанып жатамыз. Оған мақтанудың қажеті жоқ. Егер бала беделді оқу орнын бітіріп келіп, біздің елге қызмет етіп жатса ғана мақтануға болады.
– Елімізде ғылым-білімді дамытуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Мысалы «2016-2019 жылдарға арналған ғылымды дамыту» бағдарламасы немесе өзіңіз оқып бітірген «Болашақ» бағдарламасы және т.б. Осы бағдарламалардың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
– Мен өзім ең алғаш «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-қа ғылыми зерттеу жұмысы бойынша бір жылға бардым. Сонда бір америкалық профессор: «Сіздің оқуыңыздың ақшасын кім төлеп жатыр?» -деп сұрады. Мен мемлекет төлеп жатқанын, біздің елден осы бағдарламамен мыңдаған жастар білім алып жатқанын айтып едім, ол: «Онда сіздің мемлекетіңіздің болашағы зор екен», -деді. Осы сөзден кейін мен өзімнің мойнымда қандай жауапкершілік тұрғанын сезіндім.
Болашақ бағдарламасы жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарламаға түрлі сын айтылып жатады, бірақ мен де, менімен бірген оқуға барғандар да өз күштерімен оқып келгендер. Бұл бағдарлама жастардың көзін ашады, шетелмен Қазақстанды салыстырады, көптеген идея туындайды.
Ал бағдарламаның тиімсіз тұсы, Болашақпен бітіріп келген жастарға көңіл бөлінуі керек еді. Мысалы мен Фулбрайт деген бағдарламамен де оқыдым. Ол АҚШ-тың бағдарламасы. Біз бұл бағдарламамен оқып бітіргенімізге үш жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін олар бізге хабарласып: «Бізден алған біліміңізді үйреттіңіз бе, үйренген тұстарыңыз болды ма, болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?» -деген сияқты сұрақтар қойып тұрады. Мұндай дүниелер Болашақ бағдарламасында жоқ деп айтпаймын, бірақ онда тіптен басқаша. «Болашақ» бағдарламасында мұндай жұмыстар есеп беру үшін жасалады.
Бізге «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген әр бір азаматтың қазір елге қандай еңбек сіңіріп жатқандығын тереңірек зерттеу керек. Меніңше мемлекет өзінің аялап өсірген жемісін жүйелі түрде назарында ұстауы қажет.
Сосын қазір біз «Жастар жылы» деп жатырмыз ғой, ғылымдағы жастарға бөлек назар аударылуы керек.
– Сіз АҚШ-та оқыдым дедіңіз, егер АҚШ пен Қазақстанды салыстыратын болсақ, біздің елдің қандай ерекшеліктері бар? АҚШ-тан не үйренуіміз керек? Қанша дегенмен, «АҚШ сөз бостандығын жоғары қоятын ел» деген иммиджді мықтап қалыптастырған ғой.
– Біз АҚШ пен Қазақстанды салыстыра алмаймыз. Себебі біздің өзіміз жеке ел ретінде еркіндікке шыққанымызға көп уақыт өткен жоқ. Олар сияқты жүздеген жылдық тәуелсіздікте болған жоқпыз. Сондықтан мен ешқашан бұл екі елді салыстырмаймын. Бірақ бізге олардың журналистикасында үйренетін дүние не деген сұраққа жауап беретін болсақ, журналистикадағы кәсібилік дер едім. Журналистің жауапкершілігін, кәсібилігін, этикасын жоғарылату керек. Себебі, қазір әлеуметтік желіде жалған ақпараттың таралуы жүріп жатыр. Еш тексерусіз, фактісіз, бір ғана адамның пікірі қоғамның пікіріне айналып кетіп жатыр. Сондықтан қоғамда медиа сауаттандыру жүргізілуі керек. АҚШ-тағы бір кереметтілік, ол – қоғамда медиа сауаттылық бар.
Сөз еркіндігі деген ойына келген нәрсені жаза беру емес. Жазған әр бір дүниең қоғамға, жастарға кері әсер етпеуі керек, пайда әкелетін дүниені ғана жазу қажет. Дұрыс ақпаратты анықтайтын бізде инстинкт қалыптасқан жоқ. Біз, журналистер оны қалыптастыра алмай отырмыз.
– Журналистер арасында мынандай екіге жарылған пікір бар ғой. Біреулер журналистика мамандығына оқымаған, яғни журфак бітірмегендер журналистика саласына келіп алды да, сауатсыздық белең алды дегенді айтады. Алайда басқалар журналист болу үшін бұл мамандыққа оқу міндет емес дейді. Осы мәселеде оқытушы ретінде пікіріңіз қандай?
– Бұл мәселенің екі жағы бар. Әр адам өзіне ұнайтын іспен айналысуы керек. Өзін өзі табуы керек. Егер ол адам журналист болғым келеді, маған осы сала ұнайды деп келген болса, әрине бұл мамандықта істеуіне болады. Ондай жағдайда қазір біз көбінесе әншілерге ренжіп жатамыз. «Қазір жастар бұзылған» деп біздің заманымсызға дейін төртінші ғасырда айтып кеткен, бірақ бұл сөз әлі айтылып келеді. Сол сияқты қазір бізде қалыптасып қалған стереотип бар: журналистика факультеттері дұрыс оқытпайды, журналистика бітіргендер сауатсыз деп жатады. Мен бұл жай ғана қалыптасқан стереотип екенін айтамын. Әсіресе телевидение саласын қарасаңыз, журналистика бітірген маман мен басқа саладан келген маманды қатар шығарғанда екеуінің айырмашылығы жер мен көктей.
Журналистиканы төрт жыл оқиды, осы уақыт ішінде жоқ дегенде үш жүз күн лекцияны дұрыс тыңдаған бала қандай да бір білім алып шықты ғой.
Бірақ екінші нәрсе бар, қазіргі кезде кез келген адам журналист бола алады. Сіз әлеуметтік желіде блогыңызды ашып, ютуб, телеграм каналыңызды ашып алыңыз. Керемет дүниелер жасап отырыңыз, сосын сізден журналист шығады.
Мысалы Францияда журналист болу үшін журналистика бітіру талап етілмейді. Бірақ оларда міндетті түрде бір жылдық магистратура, немесе бір жылдық қосымша курс бітіреді. Себебі өздеріне керек. Бізге сондай жүйе қажет.
Менің пікірім бойынша төрт жыл журналистика бітіру міндетті емес, бірақ сіз міндетті түрде журналистикаға қатысты толық курстан өтіп шығуыңыз қажет. Мысалы мен Францияның Страсбург деген жерінде ғылыми-зерттеу тағылымдамадан өттім. Сол жерде үш жылдық магистратура болды. Қарасам, 80% ер азаматтар екен. Бізде магистртура ғылыми зерттеу бағытта қалыптасқан, ал оларда практикалық бағытта екен. Бірінші жыл теориялық білім алады, көктемге қарай практикаға дайындала бастайды, екінші курстан бастап практикаға көше бастайды екен. Олар танымал журналистерді әкеліп сабақ өткізеді. Екінші курстың бірінші семестрі солай сабақ өтеді де, екінші семестрінде маған телевидение керек, радио керек, немесе онлайн саласы керек деп өзі қалаған саланы таңдайды да, өзіне сабақ өткен танымал журналистпен бірге жұмыс істейді. Сосын екінші курстың жазғы семестрінде толығымен практикалық жұмыс істейді.
-Менің білуімше, сіз «Рухани жаңғыру» аясында шығып жатқан «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағдарламасы бойынша оқулықтар аудардыңыз. Журналистика саласында оқулықтар жеткілікті ме, оқулықтардың сапасы қандай?
– Оқулық дегенде екі мәселе бар, олар – әлемде шығарылып жатқан оқулықтар және біздегі шығарылатын оқулықтар. «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағдарламасы өте жақсы бағдарлама. Бізде шығып жатқан оқулықтардың шетелде шығатын оқулықтардан айырмашылығы зор. Біз аударуға «Журналистика және медиа» деп аталатын үлкен бір кітап алдық. Ол негізінен «Оксфорд» баспасынан шыққан өте жақсы кітап. Ол кітапта журналистиканың ерекшеліктері қандай, әлеуметтік желілердің дамуы, онда нені ескеру керек, журналист құқығы мен этиканы қалай сақатау қажет, жалпы журналистика мен медианың айырмашылығы неде, медианың қоғамға ықпалы қаншалықты, журналистика медианың бір бөлшегі ретінде нені үйренуі керек деген сұрақтардың барлығына жауап береді. Бірақ бұл кітап Ұлыбритания немесе Батыс елдері журналистикасының негізінде жазылған. Ал біз сол кітаптарға ұқсастырып, өз кітабымызды жазуымыз керек. Қазір бізде не болып жатыр, өз елімізде журналистер не жазып жатыр, соны сараптау қажет. Әлеуметтік желінің ықпалы қандай?
Мен АҚШ пен Францияда жүргенде «Әлеуметтік желінің ықпалы» туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Сол кезде Франциядағы 60 студент, Қазақстандағы 60 студент және Америкада 54 студентен сауалнама алынды. Оның ішінде «Әлеуметтік желіні кім кәсіби тұрғыда пайдаланады?» деген бір ғана сауалға байланысты біздің студенттердің көрсеткіші көңіл көншітпеді. Оларға «Әлеуметтік желіні қандай мақсатта пайдаланасыз?» деген сауалға, досымның суретін қарауға, дос табуға деген сияқты жауаптар айтты. Ал Францияда кәсіби тұрғыда пайдаланатындықтарын жеткізді. Ал Америкадағы студенттер «Өзімдегі ақпаратты өзгелермен бөлісіп, қажетті ақпарат алу үшін» деп жауап берді. Кішкентай ғана сауалнаманың өзі біздегі үрдісті көрсетіп отыр.
– Бізде көп жағдайда саяси, экономикалық маңызы бар тақырыптарды көпшілік бұһара оқығысы келмейді де, әнші жұлдыздар немесе басқа да танымал адамдар туралы ақпарат үлкен рейтинг жинайды. Ондай ақпарат көп те. Мүмкін бізде журналистер көпшіліктің қызығушылығының артынан кетіп қалған шығар? Әлде елді қызықтырып, басқара алмай отыр ма?
– Жалпы журналист басқаруға міндетті де емес. Әлеуметтік деңгей деген бар. Мәселе қоғамда әр болып жатқан мәселенің әр бір адамның өміріне қатысы бар екенін түсіндіре білуде. Мысалы қаншама заң қабылданып жатады, қаншама заң өзгеріп жатады. Оған өзге емес, журналистердің өздері бас қатырмайды. Бізде сананы өзгерту керек. Сіз үшін қандай да бір жұлдыздың әдемі көйлек сатып алғаны емес, қабылданған заңның сіздің өміріңізге, балаларыңыздың болашағына ықпалы зор екенін түсіндіру керек.
– Мүмкін мемлекеттегі идеологияның әлсіздігі ме екен?
– Идеологияның қатысы жоқ. Бізде әр адам өзінің қоғамдағы маңызын түсуінуі керек. Өзін тұлға сезінуі қажет. Әркім өзін табуы керек деп сұхбаттың басында осыны меңзедім. Бізде үкімет, билік не істеп жатыр, халық қандай әрекет жасап жатыр? Мұның бәрін әр азамат бей-жай қалтырмауы керек. Мысалы отбасы шағын мемлекет дейміз. Бір туысыңның отбасындағы бір мәселе алаңдатады ғой. Сол сияқты мемлекетте болып жатқан дүниелер де маңызға ие болуы керек. Бізге халықты мемлекетте болып жатқан жайыттарға тікелей қатыстыру керек.
Мысалы білім саласындағы өзгерістерді бір топ мұғаліп жиналып алып, талқылап жатқанын көрдіңіз бе? Немесе журналистер жаңа заң құқығымызды шектейді деп жатыр. Бірақ оны айтып жатқандар да санаулы ғана. Бізге қоғамдағы бейтараптылықты реттеу керек.
Президенттің жолдауларын оқисыз ба? Ол жерде бір де бір артық сөз жоқ. Қандай жақсы жазылады. Бірақ соны дұрыс зерттеп, қолданып жатқан адам жоқ. Мәселе біз нәтижеге жұмыс істемейміз.
-Енді оқулық тақырыбына қайтып оралсақ, өзіңіз қазақ тіліне аударылған оқулықтардың сапасына көңіліңіз тола ма? Мысалы мен «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағдарламасы бойынша шыққан екі кітапты бастан аяқ оқыдым. Біреуінің сапасы өте жоғары, жақсы аударылғандығын көріп, қатты қуандым. Ал екінші кітаптың қазақ тіліне аудармасына көңілім толмады.
– Негізі аударма бюросы үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қыруар аударма, қаншама кітап. Мұнда мәселе неде? Бір кітапты бірнеше адам аударады да, кітаптың әр жерінде стиль бөлек, сөз қолданысы басқа болады да, түсініксіз болып кетеді. Мысалы кез келген жазушыны алсаңыз, оның кітабын оқып жатып жазушының әлеміне еніп кетесіз. Ол жазушының сөз шеберлігі. Мысалы Мағауинның сөз саптауы мен Соқпақбаевтың шығармаларындағы тіл шеберлігін салыстыра алмайсыз. Сол сияқты бір адам бір кітапты аудармағандықтан кітап түсініксіз болып кетеді. Сосын уақыттың тарлығы да аударма сапасына ықпал етеді. Сондықтан аудармашыға уақыт қажет. Екіншіден, бір кітапты ары кетсе екі адам аударуы керек және олардың стильдері ұқсас болуы қажет. Сондай-ақ бұл кітапты ғылыми редактор бір тексереді, әдеби редактор тағы тексереді. Тағы да сарапшылар үстінен қарап, әркім өз түзетуін енгізеді. Содан кітапта түсініксіз сөйлемдер көптеп пайда болады. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деуші еді, сондықтан бір кітапты аударып, тексеретін екі-үш адамнан аспауы керек. Бұл өте жауапты жұмыс. Маған аударма бюросының бір ұнайтын тұсы, бұлар кітапты өте жақсы таңдайды.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Cұхбаттасқан Балжан Жеңісқызы
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024