18-01-18 |
7120 рет қаралған
Ақтөбе автобус өртеніп, 52 адам мерт болды.
Ақтөбе  автобус өртеніп, 52 адам мерт болды

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында жолаушылар автобусы өртеніп, салдарынан 52 адам қаза болған. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары.

Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаңтардың 18-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Ырғыз ауданы Қалыбай ауылы маңындағы «Самара-Шымкент» тасжолында жолаушылар автобусында өрт шыққан.

«Алдын ала мәлімет бойынша, «Икарус» маркалы автобус өртеніп, салдарынан 52 жолаушы мерт болды. Көлік салонынан 5 адам шығып үлгерген. Автобуста болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары» делінген төтенше жағдайлар қызметінің ақпаратында.

Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласынан 320 шақырым жерде болған. Жолаушылар автобусының өртенуіне не себеп болғаны туралы әзірше мәлімет жоқ.

Қазір оқиға орнында полиция, құтқарушылар мен психологтар, дәрігерлер жұмыс істеп жатыр деп хабарланды.

Көп адам қаза болған оқиғаға байланысты облыс әкімі орынбасары жетекшілік ететін жедел штаб құрылған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.