Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Бір итке жұмсалатын қаржы баланың бір айлық жәрдемақысынан көп – депутат

/
Бір итке жұмсалатын қаржы баланың бір айлық жәрдемақысынан көп – депутат
instagram.com/nurgul_tau/

Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Arasha.kz.  Талқылау барысында әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Тау жануарларды қорғау мен әлеуметтік саясаттағы басымдықтардың арақатынасына назар аударды.

Оның айтуынша, бұл тек иесіз жануарлардың санын реттеу емес, мемлекет шығындарының құрылымын қайта қарауды талап ететін мәселе.

«Бүгін біз қарастырып отырған мәселе тек иесіз жануарлардың санын реттеу ғана емес, бұл мемлекетіміздің бюджеттік басымдықтарымен құндылықтар жүйесін қайта қарауды талап етеді. Қазақта ит жеті қазынаның бірі деген ұғым бар. Яғни біз жануарға жанашырлықпен қарайтын халықпыз», – деді ол.

Депутат қазіргі таңда Қазақстанда жануарларды реттеудің гуманистік тәсілі қолданылып жатқанын атап өтті. Яғни аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта босату әдісі енгізілген. Бұл тәсіл жануарларға қатыгездікке жол бермей, олардың санын табиғи жолмен азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар ол бұл бағыттағы шығындарға да тоқталды. Ресми деректер бойынша, бір итті стерилизациялау – 24 010 теңге, кастрациялау – 17 244 теңге, вакцинация – 7 713 теңге, ал эвтаназия – 11 571 теңге тұрады. Итті тәулігіне күтіп-бағу құны – 5 885 теңге. Нәтижесінде бір итке жұмсалатын жалпы шығын шамамен 74 мың теңгеге жетеді. Ал бір мысыққа орта есеппен 57 мың теңге қажет.

Осы тұста Нұргүл Тау әлеуметтік төлемдермен салыстырмалы мысал келтірді.

«Біз бір жануарға бір реттік кезеңде 57-74 мың теңге жұмсаймыз. Ал әр балаға ай сайын шамамен 17 мың теңге ғана төленеді. Бұл жай ғана айырмашылық емес, нақты статистика», – деді ол.

Депутат мектептердегі тамақтану мәселесін де көтерді. Оның сөзінше, бір баланы тамақтандыруға күніне 460-720 теңге ғана бөлінеді. Бұл жағдай демография мен адами капитал сапасына әсер етуі мүмкін.

Сонымен бірге ол мәселені «адам немесе жануар» деп бөлу дұрыс емес екенін айтты. «Мен жануар немесе адам деп таңдап отырған жоқпын. Мәселе – дұрыс теңгерімде. Біз әрі гуманистік, әрі әлеуметтік әділетті саясат жүргізуіміз керек», – деді комитет хатшысы.

Қорытындысында Нұргүл Тау заң жобасын қолдайтынын айтып, Үкіметке жануарларға қатысты шығындарды оңтайландырып, балаларға бөлінетін қаржыны арттыруды ұсынды.