02-11-20 |
890 рет қаралған
Атырауда шетелдіктерге қарсы 49 қылмыс жасалған.
Атырауда шетелдіктерге қарсы 49 қылмыс жасалған

Бүгінде Атырау облысына келетін шетелдік азаматтардың саны үш есеге азайған. Облыстық департамент полициясының көші-қон қызметінің мәліметіне сәйкес, соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша олардың саны 20 595-і құраса, өткен жылы – 67 731 адам болды.
Шетелдіктер санының азаю себебі – коронавирус пандемиясына байланысты Атырауға кіру үшін енгізілген карантин шектеулері.
Жыл басынан бері Атырау облысына таяу шетелдерден келгендер – 1957 Ресей азаматы, 415 Өзбекстан азаматы, 305 Әзірбайжан азаматы, 174 Тәжікстан азаматы, 145 Қырғызстан азаматы және тағы басқа елдерден келгендер.
Ал алыс шетелдерден – 731 Ұлыбритания азаматы, 730 АҚШ азаматы, 548 Үндістан азаматы, 348 Қытай азаматы, 235 Венгрия азаматы, 198 Италия азаматы, 179 Филиппины азаматы, 153 Австралия азаматы, 125 Канада азаматы, 115 ОАР азаматы, 109 Сербия азаматы, 82 Нидерланды азаматы, 81 Ливан азаматы, 57 Таиланд азаматы.
Негізінен бұлар жұмыс бабымен келген экспаттар – 19 818 адам, басқа санаттар бойынша (жеке/қонақ визасы) – 777 адам.
Жыл басынан бері 197 шетелдік бес жылға Атырауда тұрақты тұру құжатын рәсімдеді.
Бір қызығы, наурыз айында төтенше жағдай режимі мен карантин шектеулері енгізілгенге дейін Атырау облысындағы шетелдіктердің жалпы саны бойынша Өзбекстан азаматтары көп болды – 13 мыңнан астам адам. Қазір бар болғаны 415 өзбек бар, бұл тек ресми тіркелгендер ғана.
Айтпақшы, Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Атырауда көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1986 шетелдік жауапқа тартылып, оның ішінде 184 мигрант елден шығарылған.
Өндірілген айыппұлдардың жалпы сомасы 5,1 миллион теңгені құрап отыр.
– Құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі еңбек мигранттары тарапынан жасалған, сонымен қатар жұмыс берушілер де әкімшілік жауапқа тартылды. Өңірде еңбек мигранттарына патент (жеке тұлғаларға жұмыс істеуге рұқсат) беру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде, нәтижесінде бүгінде 20 мыңнан астам шетелдік заңдастырылды, – деп хабарлады полиция департаментінен.
Бұдан басқа, Атырау облысында шетелдіктерге қарсы 49 қылмыс жасалған, мигранттың өздері, негізінен Өзбекстан азаматтары, 43 құқық бұзушылық жасаған.
Айнұр САПАРОВА

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.