05-07-20 |
900 рет қаралған
Атыраудағы тегін дәріге талас: Еріктілерге айыппұл салынуы мүмкін (видео).
Атыраудағы тегін дәріге талас: Еріктілерге айыппұл салынуы мүмкін (видео)

фото: Әлия Жамитова

…Бәрі маскамен келеді, кезекті және әлеуметтік арақашықтықты сақтайды, деп ойлады «Көмек Атырау» еріктілер қозғалысының мүшелері. Бірақ, бәрі керісінше болды. Таңгертеңгі сағат 10-да Атырау қаласындағы Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасы маңына «Дәрі-дәрмектерді тегін тарату» акциясын өткізу үшін белгіленген жерге келгенде оларды бір топ адам күтіп тұрды. Олар препарат пакеттері бар көлікті аудара жаздауға шақ қалған.

 Әлеуметтік желіде тараған видео

Осы кезде еріктілер жанына халықтың топтану себебін анықтау үшін полиция келген. Олар акцияны ұйымдастырған еріктілер қозғалысының жеті мүшесіне қатысты іс материалдарын Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдаған. Ал басқарма Енді еріктілерге бас санитарлық дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Белгілі болғандай, акцияны ұйымдастыру жергілікті билікпен келісілмеген.

Қалай болғанын еріктілердің өздерінен сұрап білдік.

 Еркебұлан СЕРІКҚАЛИЕВ (суретте):

 – Бұл идея бізге қалада тегін шприц тарату акциясынан кейін келді. «Тегін дәрі-дәрмек тарату» қайырымдылық акциясына 500 мың теңгеден аса қаржы жиналды. Біз бұл акцияны дәріханаларда үлкен кезекті көрген соң өткізбекші болдық. Дәрілерді дәріхана желілерінің бірінен көтерме бағамен сатып алдық. Акция өтетін жерге келгенде халық көптеп жиылыпты. Ал акция туралы баннерлерді іле бастағанда адамдар дәрі-дәрмектер бар көлікті аудара жаздады. Полиция келді. Біз бәріне кезекке тұрып, ара қашықтықты сақтауға шақырдық, бірнеше рет ескерттік. Әрине, оларды да түсінуге болады – қалада қажетті дәрі-дәрмек жоқ… Кейін мен осындай жағдайдың орын алғаны үшін әлеуметтік желілерде кешірім сұрадым.

 Біздің қателігіміз сол – акция туралы алдын ала әлеуметтік желілер арқылы хабарлағанымыз. Бәрі де Еуропадағыдай болады – адамдар кезекке тұрып, ара қашықтықты сақтайды деп ойладық. Біз  180 пакет дәрі-дәрмек дайындадық. Ал ол жерге 700 адам жиналды. Әр қорапта 10 пакеттен болды. Ішінде антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер бар: 10 ампула цефтриаксон, 10 новокаин, ацетилен қышқылы, ибупрофен, парацетамол, аскорбин қышқылы. Әр пакет шамамен 3 000 теңгеге шықты.

– Полиция сіздерді акция кезінде алып кетті ме? Бәрін таратып үлгердіңіздер ме?

 – Жоқ, біз бірінші қорапты шығара бастағанда, адамдар жан-жақтан таласа алып кетті. Toyota Prado маркалы көлікті майыстырып, жүксалғышын ашпақ болды. Тек бір қорап қана таратылды. Оның ішінде мана айтып өткенімдей 10 пакет дәрі-дәрмек болды. Қазір бізде 170 пакет қалды. Бізге неге үй-үйлерді аралап таратпадыңдар дейді. Бірақ, біз ашық аспан астында қауіпсіз болады деп ойладық қой. Ал егер үй-үйлерге баратын болсақ, онда науқастармен қарым-қатынас (контакт) көбейе түсер еді. Ал біздің өзіміздің ата-аналарымыз ауырып жатыр. Міне, менің анам да қазір үйде науқастанып қалды.

– Енді қалған дәрі-дәрмекті қалай таратасыздар?

– Енді әкімдікпен келісіп алатын шығармыз.

 Еркебұлан еріктілер қозғалысын өзінің достарымен бірге ораза кезінде құрған.

– Біздер Алматыда қайырымдылық акцияларды ұйымдастырып жатқандарды көріп, неге солай Атырауда да жасамасқа деп ойладық. Ол кезде 4 млн теңге жинап, 300 отбасыға бір айлық азық-түлік алып бердік, 4 ота жасауға және бір мүгедек жанның оқу ақысын төлеуге көмектестік, – дейді Еркебұлан. – Кейін корановирустің барына сенбегендер не болып жатқанын түсіну үшін толып кеткен ауруханалардың ішінен видео түсірдік. Ал дәрігерлерге көмектесу үшін оларға 850 ыстық тағам тараттық. Мұның бәріне ақшаны қарапайым азаматтар өз қал-қадірінше беріп отырды. Instagram парақшамызда біз үнемі түскен ақша мен шығындар туралы есеп беріп отырамыз.

фото: Алия Жамитова
фото: Алия Жамитова

 

Қазір Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Колексінің 462-бабының 3-тармағымен (мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (мемлекеттік органдардың қаулыларын орындамау) хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Бұл бап бойынша 5 АЕК бойынша (13 890 теңге) айыппұл көзделген. Еріктілерге айыппұл сала ма, әлде кешірім бере ме, сот шешеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.