06-11-20 |
630 рет қаралған
Индустриалдық бағдарламамен ашылған кәсіпорын қаңырап қалды.
Индустриалдық бағдарламамен ашылған кәсіпорын қаңырап қалды

Атырауда индустриалдық бағдарлама аясында жалпы құны 2 миллиард 400 миллион теңгеге салынған жүн өңдеу және тоқыма өнімдерін өндіру зауыты құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл жайында КТК телеарнасы хабарлады. Отандық жеңіл өнеркәсіп саласындағы аса маңызды кәсіпорынға салынған қаражаттың жартысынан көбі мемлекеттікі. Алайда мемлекеттік мекемелерден тапсырыс мүлдем жоқ болғандықтан ірі кәсіпорынның тынысы тарылып, мамандар жұмыстарын тастап кетіп жатыр. Ал пандемияның екінші кезеңіндегі қиындықтар зауытты банкротқа ұшыратуы да мүмкін. Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары келгенде жергілікті әкімдік «біздерде анадай бар, мынадай бар» деп мақтанышпен көрсететін кәсіпорын қазір көшпелі көрме залындай қаңырап бос қалған. Мұнда қазір шенеуніктер де, игі жақсылар да ат ізін салмайды екен. Бұл зауыт бүкіл батыс аймақтардағы қой мен түйе жүнін өңдеп, тоқыма өнімдерін шығару жоспарымен салынған. Қолданысқа берілгеніне бақандай 5 жыл болды. Кәсіпорынның 49 пайызы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация еншісінде, яғни 1 млрд 600 млн теңгесі мемлекеттен бөлінген. Шикізат аз, ал тапсырыс жоқ болғандықтан аты жеңіл өнеркәсіптің затын өткізу қиынға соғып тұр.
«Жүн табыстайтын мекемелер аз. Сонымен қатар пандемияға қарсы олардың жұмыстары тоқтап, жұмысшылары азайған. Пандемия салдарынан шетелден технологтар келе алмағандықтан олардың да жұмысы тоқтап қалды», – дейді «Атырау» ӘКК департамент директоры Марат Қаппаров. 
Жұмысшылар бастапқыда оннан астам өнім түрін шығарды. Қой мен түйе жүнінен сапалы тауар өндіргенімен мемлекет тарапынан мүлде тапсырыс жоқ дейді. Ал аз ғана өнімнен түсетін ақшамен зауытты ұстап тұра алмайды. Несие төлемек тұрмақ жұмысшыларға жалақысын уақытында тауып беру мұңға айналған.
«Кезінде жұмысшыларымыз көп болды. Айлық уақытында төленбегендіктен білімді, әрбір аппаратты білетін, машиналарды білетін адамдар жұмыстан шығып кетті», – дейді тігін цехының меңгерушісі Салтанат Мұхамбетова.
Бұл зауытқа салынған қаржының 60% мемлекеттікі. Енді оның қайтуы екіталай. Ал, мұнда жұмыс істеген 70 адамның қысқара-қысқара қазір жетеуі ғана қалыпты. Оның өзі жалақысын әупіріммен әрең алып отыр. Қазір әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпорынға басқа инвестор іздеп жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.