28-09-21 |
720 рет қаралған
Павлодарда 5 мың тонна астық шіріп кетудің алдында тұр.
Павлодарда 5 мың тонна астық шіріп кетудің алдында тұр

Павлодарлық диқаншылар дабыл қақты. Өңірде жаз бойы баптап жинаған астықты кептіру жұмыстары баяулап кеткен. Себеп- газ тапшы. Өнімін қамбаға құя алмай отырған диқаншылардың 5 мың тоннадан астам астығы шіріп кетуі мүмкін.

Биліктен шұғыл шара қолдануды талап етіп, көмек сұраған диқаншылармен Астана арнасының тілшілері тілдесті.

«Қамбада 5 мың тоннадан астам астық жатыр. Егер бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілмесе, қаншама бидайымыз шіріп кетейін деп тұр. Сондықтан құзырлы органдардан көмек сұраймын. Бидайды жоғалтсақ нансыз қалуымыз мүмкін. Ал шіріп кеткен астықты малдың өзі жемейді», – дейді диқаншы Николай Миллер. 

Қазан айында Павлодар мұнай зауыты жоспарлы жөндеуден өтеді. Сондықтан бұл мәселенің жақын күндері шешіле қоюы екі талай. Ал шіріген бидайды диқандар қоқыс алаңына жібергеннен басқа амал жоқ деп отыр.

Солтүстік Қазақстанда да тура осындай жағдай орын алған. Өңірдегі ірі диірмендер осымен екі аптадан бері аулада жатқан дымқыл бидайды кептіре алмай әуре. Дизельдік отын жетіспеген соң ұн фабрикалары газға көшкен еді. Енді сұйық отынның бұл түрі де тапшы болып тұр.

Диірменнің коммерциялық директоры Таисия Колегованың айтуынша, бидай қырман басынан дымқыл қалпында келеді. Оны тез арада кептіріп, өңдеу керек. Жаңбыр жауса жағдай одан бетер ушығайын деп тұр.

Жергілікті билік өкілдері тапшылық құзырлы министрлік енгізген жаңа жүйемен байланысты деп отыр. Энергетика министрлігі күні бүгінге дейін аймақтарға көгілдір отынды тапсырысқа сәйкес үлестіріп келген. Енді жаңадан енгізілген жүйе бойынша олар елдегі сұйытылған газдың 40 пайызын квотамен беріп, қалғанын электронды биржаға шығарған.

Солтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбековтың айтуынша, газбен қамту компаниялары электронды сауда-саттық кезінде өнімді сатып алуға үлгермей қалды.

«Сондықтан оларда газ тапшылығы пайда болды. Біздің аймақ ай сайын газдың 5800 тоннасын тұтынады. Қазір өнім таусылып бара жатқандықтан, біз энергетика министрлігінен қосымша 1,5 мың тонна сұрадық. Құзырлы орган бізге бұл көлемді бірден бөлді», – дейді ол.

Шенеуніктердің айтуынша, аймақтық газ операторлары салғырттық танытпай электронды алаңда өнімге бірден тапсырыс берсе газ тапшылығы болмайды.

Алайда цифрлық форматтың кемшіліктері жайында ешкім ойламаса керек. Осы қарбалас кезеңде сұйытылған газдың бағасы тағы шарықтап, 93 теңгеге  жеткен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.