Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшы тұрақтамайтын «дертке шалдыққалы» қарапайым халыққа оның диагнозын табу қиынға түсіп отыр. 2017 жылдан бергі бес жыл ішінде 4 басшы ауысқанын ескерсек, өңірдегі халық денсаулығының жай-күйі туралы сөз сабақтаудың өзі артық.
Бір қызығы бұл тұрақсыздық бүгінгі күнде Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың аталған басқарманы 2 жыл басқарып 2019 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласына қызмет ауыстырып кеткенінен басталыпты.
Шорановтан кейін «денсаулық» эстафетасын қолына алған Ілияс Мұхамеджан 2019 жылдың мамыр айынан 2020 жылдың қазан айына дейін ғана отырып, орынын «Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы» мекемесінің бас дәрігері қызметін 7 жыл басқарған Жайық Жұмахановқа босатты. Бұл кезде коронавирус індеті күшіне міне бастаған болатын.
Алайда, Жұмахановқа алдында ұзақ жыл атқарып келген қызметіндей емес, жайсыз тиді ме, қайдам, бар-жоғы бес ай ғана отырып, жарты жылға жетпестен «жұмбақ жағдайда» жөніне кетті. 2020 жылдың желтоқсан айында Үржар аудандық ауруханасының бір топ медицина қызметкерлері бас дәрігер Баубек Абылқасымовпен ары қарай жұмыс істей алмайтындықтарын айтып, шу көтерген еді. Тағайындалғанына бір ай енді толған Жұмаханов Үржарға арнайы комиссия әкеліп, тексеріс жүргізгенімен, нәтижесі белгісіз күйде қалды.
Хош, содан кейінгі облыстағы ақ халаттыларға басшылық жасауға 2021 жылдың сәуір айының басында Ермек Омарбеков тағайындалды. Алайда, биылғы ақпан айында Ермек Сембайұлы да өз өтінішімен жылы орнын суытып кете барды. Ал, облыс әкімі Даниал Ахметовтің кезекті өкімімен 9 наурызда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне бұған дейін облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығын басқарып келген Гүлмира Зағидуллина (суретте) тағайындалды.
Бұған дейінгі басшыларды да өзі «жетектеп әкеліп» жұртқа таныстырып, қызметіне сәттілік тілейтін Даниал Кенжетайұлының жаңа басшыға деген «сенім кредиті» қаншаға созылатыны алты айдан кейін айқындалып қалар. Өйткені, басқа сала емес, ең маңызды медицина саласының ісін ілгерілетуге міндетті басшылар бес жыл тұрмақ жылға толар-толмастан ауысып кете беретіні 8 жылдан бері облысты басқарып отырған Ахметовтің өзіне де абырой әпермейтіні анық.
Сәтжан Қасымжанұлы, arasha
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024