Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың орталық коммуникациялар қызметінде 2 желтоқсанда өткен брифинг кезінде Қордай ауданындағы жағдайды да сөз етті.
«Балалар бала болғаннан кейін бір-бірімен келіспей, төбелесіп қалуы мүмкін. Қазір ондайға «ананың ұлты кім, мынаның ұлты кім?» деп бірден қараймын. Ол балалар бала болғаннан кейін бір сағаттан кейін қайта татуласады. Сондықтан біз осындай кішкентай мәселелерге ұлттық қарым-қатынастың мәселесі ретінде қарамауымыз керек. Қазақ пен дүнген, түрік пен әзербайжан төбелесіп қалды демеуіміз керек. Әрине, қылмыс бар. Қырғыз Республикасынан келіп жатқан контрабанда бар. Ол жерде құқық қорғау органдары, қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері талай адамдарды ұстап, талай қылмыстық істі қозғады. Ол жұмыс ары қарай жалғасын табады. Қылмыскердің аты қылмыскер. Оны ұлтына қарап бөлуге болмайды. Ол заңға сәйкес жауап беруі керек», – деді Сапарбаев.
Сондай-ақ әкім дүнген диаспорасының өзге елге көшіп жатқанын да жоққа шығарды.
«Қазір Қордайдағы жағдай тұрақты. Барлық залал орны толтырылды. Тек биыл бір ғана Қордай ауданына 35 млрд теңге ақша бөлінді. Соның нәтижесінде жаңадан 4300 жұмыс орыны ашылды. Қордай ауданының көптеген мәселелері, жол, ауызсу проблемасы шешілді. Қордай ауданында халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 95 пайызға жетті. Жылдың басында 47 пайыз болған. Кәсіпкерлік бағытында да өсім бар. Кейбір баспасөз құралында «дүнгендер басқа жаққа көшіп кетті, кәсібін жалғастыруға кедергі жасап жатыр» деген ақпарат тарап жатыр. Бәрін зерттедік. Олар бұрынғыдай Қордай, Шу ауданында, көршілес Алматы және Қарағанды облыстарында жұмыс істеп жатыр. Бірде-бір дүнген Ресейге немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен жоқ», – деді әкім.
Биыл ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданында қақтығыс болған еді.
Бұған дейін Қазақстандағы дүнген ассоциациясының төрағасы Дауров Хусей Шимарович биыл ақпан айында Қордайдағы қақтығыстан зардап шеккендерге көмек жинау ісі жалғасып жатқанын, күдіктілер лайықты жазасын алу керектігі туралы facebook тегі парақшасында жазба жариялаған.
фото: kokshetau.asia
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024