26-10-23 |
870 рет қаралған
Азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгіне алады.
Азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгіне алады

2022 жылы 5 маусымда республикалық референдумда еліміздің Конституциясына бірқатар жүйелі өзгерістер енгізілді. Осы ауықымды өзгерістер негізінде ҚР Конституциялық Соты құрылды.

Конституциялық Соттың осыған дейін жұмыс істеген Конституциялық Кеңестен басты айырмашылығы – азаматтардың аталған қызметке тікелей жүгіне алуында. Яғни, бұған дейін Конституциялық Кеңеске жүгіну құқығына билік өкілдері ғана ие болғандықтан, азаматтар бұл органға өтінішпен тікелей жүгіне алмады. Олар Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандығын тікелей қозғайтын заңдар мен басқа да нормативтік актілердің конституциялылығына дау айта алмады.

Тағы бір ерекшелігі – азаматтармен қатар енді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурор Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие болды.

Конституциялық Соттың негізгі міндеті – еліміздің барлық аумағында Ата заңымыздың үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл – қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеретін, Ата заңның нормаларына ресми түсіндірме беретін жоғарғы конституциялық бақылау органы.

Конституциялық Сот – қандай да бір билік тармағына (заң шығарушы, сот, атқарушы) кірмейді және қандай да бір лауазымды тұлғалардан тәуелсіз. Өз қызметін іске асыру барысында Конституцияны және «Конституциялық Сот туралы» конституциялық заңды басшылыққа алады.

Конституциялық Соттың құрамы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өз міндеттерін орындауға кірісті. Бір жыл ішінде Конституциялық Сотта атқарылған жұмыстар.

Тек бір жылдың ішінде Конституциялық Соттың қарауына 5,3 мың өтініш келіп түскен. Оның 99%-ы жеке тұрғындардан келіпті. Бір жағынан, бұл азаматтар үшін өздерінің құқықтары мен бостандығын қорғау құқығын жүзеге асыру маңызды екенін көрсетеді. Екінші жағынан, қолданыстағы құқық қорғаушы құралдардың жеткіліксіз немесе азаматтардың өздері оларды толық пайдаланбайтындығын көрсетеді.

Өткен жылғы жұмыс барысында 558 құқық нормасы тексерілді. Нәтижесінде судьялар конституциялық іс жүргізуге қабылданған 43 өтінішті қарастырып,  олар бойынша 38 нормативтік қаулы шығарды. Оның нәтижесінде 8 құқық нормасы конституциялық емес деп, заңнаманың 24 нормасы Конституцияға сәйкес деп танылды, тағы 12 норма Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды.

Жалпы Конституциялық Сот жұмысының қорытындысы бойынша 29 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар берілген. Олар қылмыстық іс жүргізу, салық кодекстері мен заңдардың жекелеген нормаларын қайта қарауды қамтиды. Қазіргі уақытта Үкімет пен уәкілетті органдар ұсынымдардың 16%-дан астамын орындады.

Мәселен, Конституциялық Соттың төрт нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында қылмыстық, әлеуметтік, салық заңнамасына және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына өзгерістер енгізілді, атап айтқанда: өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қамауда ұстау тәртібі мен шарттары өзгертілді; сот ұйғарымының негізінде соттарда мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру белгіленді және мөлшерлемелер өзгертілді; әлеуметтік кодекстің кейбір нормалары Конституцияға сәйкестендірілді және әлеуметтік атаулы көмек көрсету критерийлері белгіленді; бала асырап алуға арналған молекулярлық-генетикалық сараптама жойылды.

Бүгінде Конституциялық Сотқа ел азаматтарынан келетін өтініштердің жалпы санының 40%-ға жуығында азаматтар сот шешімдерімен келіспейтінін айтып, оларды қайта қарауды немесе олардың күшін жоюды сұраған. Алайда, мұндай істер Конституциялық Соттың құзыретіне жатпайтынын атап өту қажет.

Азаматтар өз өтініштерінде сот актілері, лауазымды адамдар мен судьялардың іс-әрекеттерінің заңдылығы, қылмыстық жазаның түрлері мен шарттары, қылмыстық қудалау шеңберінде адам құқықтарын сақтау, еңбек және әкімшілік-құқықтық қатынастардағы құқықтарды қорғауға қатысты мәселелерді көтерген.

Негізінен Конституциялық Сот қайтарылған өтініштердің басым бөлігі оны қараудың бастапқы сатысында жүзеге асырылады. Оның нақты себептері бар: Біріншіден, өтініштерде КС-тің құзыретіне кірмейтін мәселелер көтерілген (сот шешімдерін қайта қарау, мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдану, нормативтік құқықтық актілерге түсіндірме беруді талап ету). Екіншіден, Конституциялық Сотқа жүгінудің заңда белгіленген талаптары бар. Барлық ақпарат органның ресми интернет ресурстарында жарияланған. Яғни Конституциялық Сотқа жүгінудің белгілі бір шарттары мен талаптары бар. Егер азамат осы ескертулерді түзесе, оның қайта жүгінуге құқығы бар. Үшіншіден, өтініш иесі тиісті субъект болуы тиіс. Демек, заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлік өкілдері Конституциялық Сотқа жүгіне алмайды, олардың жүгінуі заңда көзделмеген. Ол азаматтарға жауап беру барысында тек қайтарып қана қоймай, нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Конституциялық бақылау органы ақпараттық қолжетімділікті, құқықтық сауаттылықты жақсарту бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

Конституциялық Сот Аппараты азаматтармен Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Конституциялық Соттың аумағында Азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс жасайды. Өткен жылы 700-ден астам азаматқа консультация беріліпті. Өзара әріптестік шеңберінде құқықтық түсіндіру жұмысына заң консультанттары мен адвокаттардың республикалық алқалары тартылып жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.