Иранның кем дегенде 18 қаласында, соның ішінде ел астанасы Тегеранда (мұнда бұл тыйым 2019 жылдан бері бар), иттерді серуендетуге тыйым салынды. Бұл ретте үй жануарларын серуендету ғана емес, оларды жеке көлікпен тасымалдауға да тыйым салынған, деп жазды ВВС.
1979 жылғы Ислам революциясынан кейін Иран билігі иттерді «лас» жануарлар деп санайды, ал оларды асырау — елге Батыс ықпалының белгісі ретінде қабылданады.
Иран заңдарында ит асырауға тікелей тыйым салынбағанымен, соңғы жылдары ресми Тегеран үй жануарларының иелеріне айтарлықтай қиындықтар тудыратын бірқатар шаралар қабылдады.
2010 жылы Иранның мәдениет және исламдық бағдар министрлігі үй жануарларының иелеріне арналған өнімдердің жарнамасын жасауға тыйым салды. Ал 2014 жылы Иран парламентінің депутаттары ит серуендеткен адамдарға айыппұл салып, тіпті оларды көпшілік алдында дүрелеуді көздеген заң жобасын ұсынды, алайда ол ұсыныс жеткілікті қолдау таппады.
2019 жылы Тегеранда ит серуендетуге тыйым салынды. Билік полицияға үй жануарлары тасылған көліктерді тәркілеуді және лицензиясы жоқ ветеринариялық клиникаларды жабуды тапсырды.
Жексенбі күні ит серуендетуге тыйым салынған Илам қаласының билік өкілі тәртіп бұзушыларға қатысты «заңды шаралар қолданылатынын» мәлімдеді.
«Ит серуендету – қоғам денсаулығына, тыныштығына және жайлылығына қауіп төндіреді», – деді батыста орналасқан Хамедан қаласының прокуроры Аббас Наджафи журналистерге.
Сурет: ВВС