15-09-21 |
350 рет қаралған
Мәжіліс әлеуметтік желілерді бұғаттайтын заң жобасын мақұлдады.
Мәжіліс әлеуметтік желілерді бұғаттайтын заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс әлеуметтік желілерді бұғаттайтын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Осы заң жобасында шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері немесе заңды өкілдері Қазақстанда заңды тіркеуден өтіп, филиалын ашпаса, олардың қызметі Қазақстан аумағында шектелетіні көрсетілген. Яғни, facebook, whatsapp, instagram, telegram және өзге де шетелдік онлайн-платформалар мен лездік хабарлар алмасу сервистері Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, бөлімшесін ашпаса, олардың қызметін билік заңды негізге бұғаттап тастайды. Ал шетелдік компания Қазақстанда өкілдігін ашқан жағдайда оны шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар басқара алмайды. Демек оны Қазақстан азаматы басқарады деген сөз.

Заң жобасының әлеуметтік желілерге қатысты тұсында былай делінген:

1. Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаны міндетті мемлекеттік тіркеуді немесе шетелдік заңды тұлғалардың филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуді жүргізеді.

2. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер не азаматтығы жоқ адамдар шетелдік онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі филиалдарының (өкілдіктерінің) басшылары бола алмайды.

3. Шетелдік онлайн платформа филиалының (өкілдігінің) басшысы Қазақстан Республикасының аумағында «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 1, 1-1 және 1-2-тармақтарында көрсетілген ұсынымды орындау жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқаманы немесе ақпарат саласындағы уәкілетті органнан шешімді алғаннан кейін Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзатын ақпаратты жоюға не оның Қазақстан Республикасының аумағында таралуын шектеуге шаралар қабылдау арқылы оны жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзім ішінде орындауға міндетті.».

3) 66-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

«3. Осы Заңның 18-2-бабы қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай өткен соң, егер шетелдік онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заңды тұлғаны міндетті мемлекеттік тіркеу рәсімін немесе шетелдік заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеуді жүргізбесе, Қазақстан Республикасының аумағында бұл ресурстардың қызметі шектеледі».

Әлеуметтік желілерді Қазақстан аумағында заңды тіркеуден өтуге мәжбүрлеу не үшін керек болды дегенге келсек, билік осы арқылы балаларды буллинг, кибербуллингтен қорғамақ. Яғни әлеуметтік желілер арқылы таралатын балалардың құқығын бұзатын, оларға қарсы зорлық-зомбылыққа негіз болатын алғышарттардың алдын алмақ.

Заң жобасын талқылау кезінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Кемелбек Ойшыбаев кибербуллинг жыл сайын өсіп келе жатқанын айтқан. Мәселен, министрлік мониторинг кезінде 2020 жылы 70 мың кибербуллинг фактісі тіркеген. Ал биыл – 2021 жыл 140 мыңға жуық факт анықталған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.