25-06-18 |
4160 рет қаралған
Патронаттық жүйені дамыту маңызды.
Патронаттық жүйені дамыту маңызды

Еліміздегі балалар үйін жауып, оның орнына патронаттық жүйені дамыту қажеттігін алға тартушылар көп. Осы мәселеге қатысты көзқарастар әртүрлі. 

Жалпы, қазақ халқының ұғымында, түсінігінде балалар үйі деген аса жақсы қабылданбайды, оған оң қабақ таныта бермейді. Өйткені, ол жөні түзу дүние емес. Балалар үйі тағдыр тәлкегімен сонда тап болғандарға дұрыс тәрбие бермейді және бере алмайды да. Бұл қазақта да, орыста да, тіпті немісте де сондай. Оған оң көзбен қарай бермейтініміз де сондықтан болса керек.

Еуропа елдерінде балалар үйінің өзі тұрмақ, халқында ондай ұғым жоқ. Тіпті, қарттар үйі дегенді де кездестіре алмайсыз. Олар бұл мәселені басқаша қырынан шешкен, яғни қор ретінде құрады немесе одан да басқа түрлері бар. Жетім атанып, алақан жылуына зар болып, жанары жәутеңдеген балаларды жетімдер үйінде тәрбиелеу ешқандай нәтиже бермейтіні шындық. Ата-ана тәрбиесін көрмеген баланың дүниетанымы, түсінігі төмен болады. Арасынан ұры-қарылар шығуы да ғажап емес. Сондықтан, балалар үйін жабу керек деген ұсыныс орынды.

Ұсынысты қолдаған Қазақ Ұлттық аграралық университетінің оқытушысы Мөлдір Мәлікқызының айтуынша, патронаттық тәрбиеге алынған балаға төленетін ақшаның көлемі қандай болуы тиістігін үкімет шешуі керек. Әлбетте, бала асырап алғандарға мемлекеттен берілетін ақшаны көбейту түрлі салдарға соқтыруы да мүмкін. Жетімді көз жасын құрғату үшін емес, ақшасы үшін бауырына басқан болып көрінетін қулар да табылатыны даусыз. Сондықтан, абайлау керек. Бәрін жан-жақты ойластырып, қарау қажет.

Біз пікірін сұраған адвокат Нұрзағи БАҚТЫБАЕВА балалар үйінің қажеттілігін де жоққа шығармады. «Патронаттық жүйе қажет болғанымен, мемлекеттік балалар үйін жауып тастау қоғамға мүлдем тиімсіз. Балалар үйін біржола жауып тастауға болмайды. Себебі, жетім баланы асырап алушыларға мемлекеттік қолдауды күшейту қажет. Жәрдемақы ретінде берілетін ақшасын көбейтсе, патронат отбасылар бала асырап алуды пайда табу көзіне айналдырып алмасына ешқандай кепілдік жоқ. Бұл әлі толық зерттелмеген» деген пікірде.

Иә, балалар үйіне мемлекет тарапынан бөлінген ақшаның тиісті деңгейде игерілмейтіні жайлы да әңгіме бар. Оны болдырмау үшін, еліміздегі түрлі қадағалау органдары қатаң қадағалауына алсын. Балалар үйі қоғамға міндетті түрде керек. Керісінше, мемлекеттік балалар үйіне қамқорлықты көбейткен жөн. Әрине, белгілі бір деңгейде патрионаттық жүйе де қажет екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен, жетімді қамқорлығына алушылардың бәрі бірдей баланы басынан сипай бермейді. Бұған Шымкентте болған жағдай мысал. Онда ВИЧ індетіне шалдыққан жетім баланы асырауына алған патронат ана оған мүлдем қарамаған, керекті жағдайын жасамаған. Тіпті, соңында қылмыстық іс қозғалып, баланы асырап алған әйел жауапкершілікке де тартылған. Ол жетімді мемлекеттен бөлінетін ақшасын алып отыру үшін асыраған ғой. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Патронаттық отбасыда баланың тәрбиесімен айналысатын адам табыла бермейді. Меніңше бала асырап алғысы келгендерді алдымен тиісінше тексеріп, зерттеп, сосын ғана баланы бауырына басуына рұқсат беру керек. Әрине, отбасыға тәрбиеге берілгеннен кейін де оның жағдайы қадағалауда болуы шарт.

Негізі, бұл арада мемлекеттік балалар үйіндегі тәрбиешілерді мамандандырып, жалақысын көтеріп, үкімет тарапынан қолдауды күшейткен дұрыс. Сонда ол қоғам үшін патронаттық тәрбиеге қарағанда әлдеқайда тиімді болар еді. Өйткені, жалақысының мардымсыздығынан жұмысынан кетуге мәжбүр болған балалар үйінің тәрбиешілері аз емес. Ондағы мамандардың жалақысын жақсартса, олар да тұрақты жұмыс істер еді. Сонымен қатар, балалар үйі тәрбиешілерінің де, бала асырап алушы ата-ананың да педагогика мен психологиядан білімі бар ма, жоқ па, сол жағына мән берген дұрыс. Олай болмаған жағдайда, білімдерін жетілдірудің, түрлі курстарды оқытудың артықтығы жоқ. Ал, балалар үйінің болғаны, жетімдердің онда тәрбиеленуі қоғамға тиімсіз деу орынсыз. Балалар үйіне бөлінетін ақшаның көлемін көбейтіп, сәйкесінше, ол ақшаның мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау қажет. Бұл қадағалаушы органдарға тиесілі шаруа.

С.ОРЫНБАСАР

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.