Қазіргі таңда әлемде ғылым мен технологияның қарқынды дамуы аясында экология, азық-түлік, ауыз су және адам денсаулығына қатысты өзекті мәселелер күшейіп отыр. Мұндай жаһандық өзгерістер мемлекеттерден жаңа тәсілдер мен алдын ала жүйелі әрекет етуді талап етеді. Бұл туралы философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетің кафедра меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембин мәлімдеді.
«Қазір адамзат қоғамында үлкен өзгерістер болып жатыр. Бұл жағдай әрбір мемлекетке өзінің болашағы үшін ерте қамдануды жүктеп отыр. Ең алдымен қоғамның мәдениеті күшті болуы керек. Қоғам күшті болуы үшін оның адамы да күшті болуы қажет», - деді сарапшы.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау - жаһандық тәуекелдер жағдайында мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді тиімді шешуге бағытталған қадам.
«Еліміз тәуелсіздігін нығайту жолында жаңа кезеңге өтіп жатыр. Бұл кезең оңай емес. Осындай уақытта адами капиталды күшейту, қоғамның ішкі тұтастығын сақтау, азаматтардың жауапкершілігін арттыру қажет. Жаңа Конституцияда бұл бағыттар нақты көрініс тапқан», - деді ол.
Сарапшы Конституцияда заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілгенін атап өтті.
«Ең бастысы - заң мен тәртіп күшті болуы керек. Әр адам заң аясында өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Сонда ғана мемлекетке деген сенім артады», - деді Сәрсембин.
Сонымен қатар ол білім мен ғылымды дамыту елдің стратегиялық басымдығы болуы тиіс екенін жеткізді.
«Халқы білімді, мәдениеті жоғары, ғылымы дамыған қоғам ғана әлемде өз орнын сақтай алады. Сондықтан жаңа Конституцияда ғылым мен білімді күшейту, талантты азаматтарды қолдау басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылған», - деді сарапшы.
Оның пікірінше, Конституцияда белгіленген құндылықтар қазірдің өзінде біртіндеп жүзеге асып жатыр.
«Қазір ғылымға көңіл бөлініп, нақты нәтиже талап етілуде. Шағын және орта бизнесті қолдау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың барлығы ел болашағына оң әсер етеді», - деді сарапшы.
Сарапшы ел дамуы үшін қоғам мен мемлекеттің бірлігі шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Адами капитал - ел тағдырын айқындайтын негізгі құндылық. Сондықтан мұндай кезеңде мемлекет пен халық бірігіп әрекет етуі керек», - деп айтты Сәрсембин.