Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов Тоқаевтың басқарудағы ұстанымына қатысты пікір білдірді

Асхат Аймағамбетов Тоқаевтың басқарудағы ұстанымына қатысты пікір білдірді
Асхат Аймағамбетов. Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқарудағы ұстанымдарына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, қазіргі басқару жүйесінде сырт көзге бірден байқалатын жобалардан гөрі, нақты нәтиже беретін мәселелерге көбірек көңіл бөлініп келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында Аймағамбетов Мемлекет басшысының популизм мен даңғазаға көзқарасына тоқталды.

"Мемлекет басшысының арзан популизмге қарсы екенін бәрі жақсы біледі. Қай кездегі сөзінде де нақты жұмыс істеп, алға қойған мақсатқа жарнамасыз, мақтансыз қол жеткізу керектігін айтып келеді. Өзін "жалданған менеджермін" деп атағаны да көпшіліктің есінде. Бұл оның саяси мәдениетін көрсетеді", – деді депутат.

Аймағамбетовтің пікірінше, бұған дейін жұртшылықтың көзіне бірден түсетін абаттандыру мен сыртқы көрініске қатысты жобаларға жиі басымдық берілсе, қазір инфрақұрылымның тозуы секілді жүйелі мәселелер алдыңғы қатарға шыққан.

Ол жер астындағы құбырларды, жылу желілерін және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары көп жағдайда сырт көзге көріне бермейтінін айтты. Дегенмен мұндай жұмыстар елді мекендердің тұрақты жұмыс істеуі үшін маңызды екенін атап өтті.

Депутат Президентпен болған жеке кездесулерін де еске алды. Оның айтуынша, кездесулер барысында мұғалімдердің мәртебесі, педагогтерді негізгі қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартпау мәселелері бірнеше рет талқыланған.

Аймағамбетов мемлекеттік басқаруда шешімдердің тиімділігін нақты нәтижемен бағалау маңызды деп санайды. Сондай-ақ әлеуметтік және білім беру салаларындағы өзгерістерге баға берген кезде статистика мен нақты көрсеткіштерге сүйену қажет екенін атап өтті.