Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин алаяқтық ісі бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау бағытында жұмысын жалғастырып келеді. Осылайша, Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Ақтау қалалық сотының төрағасы Шайдуллин Б.Ж. 9 жылға, ал жекеменшік сот орындаушысы Жанахметов Р.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Олар бостандықтан айырумен байланысты емес жаза тағайындауға уәде бере отырып, 18 миллион теңге көлемінде заңсыз сыйақы алу арқылы алаяқтық пен пара беруге итермелеу қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
«Қосымша жаза ретінде Шайдуллин Б.Ж. мен Жанахметов Р.М. өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – деп толықтырды Антикор.